Site icon ATAMEKEN

Этнос өкілдері Құрылтай сайлауының маңызын талқылады

Screenshot

Алматы қаласында этномәдени бірлестіктердің өкілдері бас қосып, алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауының маңызы мен жаңа қоғамдық институттың міндеттерін талқылады. Кездесуде қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған реформалар сөз болды.

Жиын барысында қатысушылар жаңа Конституция аясында жүзеге асырылып жатқан саяси өзгерістердің қоғамды жаңғыртудағы рөліне тоқталды. Олар Құрылтайдың елдегі қоғамдық-саяси үдерістерге азаматтардың кеңінен қатысуына мүмкіндік беретін маңызды институт екенін атап өтті.

Сонымен қатар қоғамдық институттардың жұмысын жетілдіру, этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы белсенділігін арттыру және ұлтаралық келісімді одан әрі нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.

«Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Долкунтай Әлиевтің айтуынша, Құрылтай сайлауы елдің дамуына тың серпін беретін маңызды саяси науқан.

– Еліміздің өсіп-өркендеуіне, бірлігін нығайтуға, жастардың білімді, тәртіпке бағынатын, Отанын сүйетін азамат болып қалыптасуына Құрылтай сайлауы үлкен мүмкіндік береді. Сайлауға қатысатын партиялардың арасынан халқымыздың мүддесіне қызмет ететінін әр азамат өз еркімен таңдайды, – деді ол.

Кездесуде Құрылтай сайлауының қоғамдық келісімді сақтаудағы және азаматтық қоғамды дамытудағы рөлі ерекше аталып өтті. Қатысушылардың пікірінше, қолға алынған реформалар азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысуына жол ашып, елдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.

Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Рустам Каиреев те алдағы саяси науқанның маңыздылығына тоқталды.

– Қазақстан азаматы ретінде Құрылтай сайлауына белсенді қатысу – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Бұл – еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын кезең. Басты мақсатымыз – ел бірлігін сақтап, Қазақстанның дамуына бірлесіп үлес қосу, – деді ол.

Жиын қорытындысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ қоғамдық келісімді, этносаралық татулықты және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны атап өтілді.

23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі саналады. Сарапшылардың пікірінше, бұл науқан азаматтық қоғамның дамуына жаңа серпін беріп, халықтың мемлекеттік басқару үдерістеріне қатысу мүмкіндігін кеңейте түседі.

Exit mobile version