Site icon ATAMEKEN

ІЛЕ АУДАНЫНДА ЕГІН ЖИНАУ НАУҚАНЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

 

Іле ауданында 2026 жылғы егін жинау науқаны жоспарға сәйкес қарқынды жалғасуда. Биыл алдын ала қалыптастырылған егістік құрылымына сәйкес аудан бойынша 53 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды.

Атап айтқанда, 14 654,5 гектарға дәнді дақылдар, 7 327 гектарға майлы дақылдар, 745 гектарға картоп, 1 623 гектарға көкөніс, 542 гектарға бақша дақылдары және 28 176 гектарға мал азықтық дақылдар егілді.

Бүгінде егін жинау жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі таңда масақты дәнді дақылдардың 10 139 гектары орылып, оның ішінде 4 150 гектар күздік бидай және 5 989 гектар күздік және жаздық арпа жиналды. Жалпы астық түсімі 18,4 мың тоннаны құрады.

Сонымен қатар көкөніс пен бақша дақылдарының 421 гектары жиналып, 13,1 мың тонна өнім алынды.

Аудандағы өнімді шаруашылықтардың бірі — «ЖЕР-КАНАТЫ» ЖШС. Шаруашылық 2003 жылдың 26 мамырында құрылып, бүгінде аралас ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығы бағытында жұмыс істейді.

Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 1 600 гектарды құрайды. Биылғы өнімге 200 гектар күздік бидай, 60 гектар күздік арпа және 400 гектар мақсары егілген. Жалпы егіс алқабы 660 гектарды құрайды. Кәсіпорында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Іле ауданында егін жинау науқаны тұрақты бақылауда. Диқандардың еңбегін қолдау, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Exit mobile version