Site icon ATAMEKEN

ІЛЕ АУДАНЫНДА ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕР САНЫН ЕКІ ЕСЕГЕ АЗАЙТУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР

 

Алматы облысының Іле ауданында үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін жаңа білім беру нысандары салынып жатыр. Қазіргі таңда аудандағы үш ауысымды мектептер саны 18-ден 16-ға қысқарған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті екі есеге азайту жоспарланып отыр. Бұл туралы Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, Іле ауданында халық санының жыл сайын артуы білім беру инфрақұрылымына түсетін жүктемені күшейтіп отыр. Бүгінде аудандағы 58 мектепте 67 мыңға жуық оқушы білім алады.

Облыс бойынша үш ауысымды мектептердің ең көп саны Іле ауданында орналасқан. Осыған байланысты жаңа білім ошақтарын салу ауданның басым бағыттарының бірі болып отыр.

Мәселен, 2025 жылы М. Түймебаев ауылында 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ал биыл Нұрғиса Тілендиев ауылында тағы бір 900 орындық білім ордасы ашылды. Нәтижесінде аудандағы үш ауысымды мектептер саны 18-ден 16-ға дейін қысқарды.

Алдағы уақытта облыс әкімінің қолдауымен Өтеген батыр, Байсерке және Жайнақ ауылдарында тағы үш мектеп салу жоспарланған. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда жеті мектептегі үш ауысым мәселесін шешуге мүмкіндік туады.

Сонымен қатар 2027 жылы Асқар Тоқпанов және Екпінді ауылдарында тағы екі мектеп салу көзделіп отыр.

«Жасыратыны жоқ, облыс бойынша үш ауысымды мектептердің ең көбі біздің ауданда орналасқан. Бұл – бізді алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі. Сондықтан жаңа мектептер салу басты назарымызда. Алдағы жобалардың нәтижесінде үш ауысымды мектептер санын екі есеге азайтуды жоспарлап отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – әр баланың қолайлы жағдайда сапалы білім алуына мүмкіндік жасау», – деді Қайыржан Жақсымбетов.

Аудан әкімінің айтуынша, халық санының тұрақты өсуін ескере отырып, білім беру инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары алдағы жылдары да жалғасады. Жаңа мектептердің салынуы қолданыстағы білім ошақтарына түсетін жүктемені азайтып, оқушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Exit mobile version