Site icon ATAMEKEN

ІЛЕ АУДАНЫНДА 44,5 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 39 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛЫП, 700 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛМАҚ

 

Алматы облысының Іле ауданында 2027 жылы жалпы құны 44,5 млрд теңгені құрайтын 39 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл туралы аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, өңірде инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Іле ауданы облыстың ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі ретінде экономикалық әлеуетін арттырып келеді.

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша аудан экономикасына 231,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 29,2 млрд теңгеге артық.

Ал келесі жылы жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, логистика және құрылыс салаларын қамтиды.

Атап айтқанда, Ащыбұлақ ауылдық округінде «Qaz Prod Line» компаниясы 10 млрд теңгеге заманауи қойма кешендерін салуды жоспарлап отыр. Аталған жоба аясында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар Байкент ауылдық округінде құны 3 млрд теңге болатын сүт өңдеу зауытын іске қосу көзделген. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын дамытуға бағытталған.

Қараой ауылдық округінде 1,3 млрд теңгеге инертті материалдарды өңдеу зауытын ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Өтеген батыр ауылында жаңа тұрғын үй және көпфункционалды кешендердің құрылысы қарастырылған.

«Біз үшін инвестиция тарту – тек қаржы көлемін арттыру емес. Оның артында жаңа кәсіпорындар, тұрақты жұмыс орындары және тұрғындардың табысы тұр. 2027 жылы 39 жобаны жүзеге асырып, 700-ге жуық адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Әрбір жаңа кәсіпорын – аудан экономикасының дамуына қосылған үлес, ал әрбір жұмыс орны – бір отбасының тұрақты табыс көзі», – деді Қайыржан Жақсымбетов.

Аудан әкімінің айтуынша, инвестициялық жобалардың қағаз жүзінде қалмай, нақты іске асуы басты назарда. Осы мақсатта инвесторлармен жұмыс жүргізу, жаңа өндірістерді орналастыру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасады.

Exit mobile version