Понедельник, 2 июня, 2025

«ІҢКІБІДІ»

«ІҢКІБІДІ»

Бала кезіміз. Үйде шешем екеуміз ғана. Әкем қайтыс болған соң жалғыздық пен жесірліктің тауқыметін тарта бастаған шағымыз. Кейде көрші үйге жай әншейін кіріп-шығуға бара жатса да шешемнен айырылып қалатындай алағызып: «Мама, қайда бара жатырсыз?» деймін, дегбірсіздене.
Мінезі аса шалт еді менің анамның, «көңілі түссе – көл, көңілі түспесе – шөл» дегеннің дәл өзі. Кейде жөнін айтатын. Кейде, «Тәйт, ары, о несі-ей! Қадам аттап бассам болды, құдды бір жаудың қолында қалатындай шырылдайсың. Сонша тергейтін менің Іңкібідім сен болдың ғой, түге!» деп, аяқ астынан ашу шақыратын.
«Іңкібідінің» не екенін ол кезде түсінбеймін. Түйсігім сезеді, әйтеуір жақсы адам емес, немесе жақсы дүние емес. Анам бұл сөзді әртүрлі жағдайда, әртүрлі сипатта айта беретін. Құлағыма әбден сіңіп қалған ғой. Кейін НКВД-ның не екенін білдік. Анамның одан не үшін зәрезап болып, ат-тонын ала қаша сөйлейтінін сонда барып ұқтым.

                                                                 *
Биыл 31-ші мамырда саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін ресми атап өте бастағанымызға 20 жыл толады. Оның алдында, 1993 жылы сәуірдің 14-інде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған. Содан бері мұрағаттарда жатқан он мыңдаған «қылмыстық істер» қайта парақталып, қаншама адамның нақақтан күйгені туралы аз да болса мәліметтер алдық. Ал КСРО МҚК-нің мәліметтері бойынша 1930-1953 жылдары барлығы 3 миллион 778 мың 234 адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, оның 786 мың 098-і ату жазасына кесіліпті. Қалғаны ГУЛАГ (еңбекпен түзету лагерлерінің, еңбекке күштеп жер аударған мекендердің, түрме мекемелерінің бас басқармасы) лагерлерінде адам төзгісіз азап шеккен.
Біз жастайымыздан әртүрлі кітаптардан, газеттерден оқыған, деректі фильмдерден көрген, аға ұрпақтың аузынан өз құлағымызбен естіген Соловецск аралы, Дальстрой, Карлаг, АЛЖИР, Ақтеңіз-Балтық каналы, Қиыр Солтүстік, Қиыр Шығыс, Камчатка, Сахалин, Магадан, Чукотка, Колыма, Якутия, Воркута, Норильск, Печора, Иркутск, Красноярск сияқты басқа да біз білмейтін қалалар мен елді мекендердегі түрмелер мен кен орындары, азап шахталары, ит тұмсығы батпайтын ну жынысты ормандар мен мәңгі мұз бен мүк басып жататын тундра осынау жазықсыз сотталған жандардың жазмыш тағдырында қаншалықты із қалдырғанын, немесе адам айтқысыз ауыр жұмыстан, түрлі ауру мен аштықтан, НКВД жендеттерінің айуандық тепкісінен шыбындай қырылғандар санының қанша екенін де қазір тап басып айту қиынның қиыны.
Иә, жазықсыз жазаланған миллиондаған адамдардың еңбегі мүлдем тегін болатын. Олар тек қана қайла, күрекпен канал қазды, қоларбамен құм-тас тасып жол салды, өндіріс орындары мен басқа да нысандарды тұрғызды. Ормандарды отап, миллиондаған текше метр қарағай құлатты. Шыңырау тереңдіктерге түсіп, шахтадан көмір мен әртүрлі бағалы кен шығарды. Татар дәмі таусылмағандары ғана тоғыз қабат тозақтан әупірімдеп өтіп, аман оралды.
Тарихты парақтап отырсақ, «Үлкен террор» деп аталатын жаппай қуғын-сүргін 1937-1938 жылдарға тап келіпті. Сол кезеңде РСФСР Қылмыстық Кодексінің 58-ші бабы бойынша НКВД 1,58 миллион адамды тұтқындап, оның 682 мыңын атып жіберіпті. Кеңес Одағы бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллионға жуық адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған, 25 мыңы атылған. Олардың 80 пайызы қазақтың белгілі адамдары, көбісі Алаш арыстары еді.
Осындай жан түршігерлік деректер көп, және оның әрбірі әртүрлі цифрларды алға тартады. Мәселен, 1929-1933 жылдары Қазақ АССР ОГПУ саяси өкілінің үштігі 9 805 іс қарап, 22 933 адам жөнінде шешім қабылдаған, соның ішінде 3 386 адамға ең жоғары жаза – ату жөнінде үкім шығарған.
Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасқан. Олар: АЛЖИР, Қарлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерлері.
1937 жылы шілденің 3-де НКВД-ның Батыс Сібір басқармасының бастығы Миронов пен Қазақстан Ішкі істер халық комиссары Залин бір мезгілде шұғыл құпия тапсырма алыпты. Онда күзеті күшейтіліп, қатаң тәртіптегі тікенек сыммен және биік дуалмен қоршалған концентрациялық лагерь ұйымдастыруға пәрмен берілген. Мұнда қанқұйлы қылмыскер немесе кәнігі ұры емес, нәзік жанды әйелдер – аналар, қыздар, балалар ұсталуға тиіс екен. Қарағанды ГУЛАГ-ының құрамына енгізілген бұл тозақ мекемесінің атауы да құлаққа қызық естіледі – АЛЖИР. Оны қазақ тіліне аударғанда «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» деген сөйлем шығады. Бұл шифрограммаға ГУЛАГ бастығы Берман қол қойғанымен, оның әміршісі – сол кезеңдегі НКВД бастығы Ежов болатын. Әйелдерді сырқаты, жүктілігі, құндақтаулы сәбиінің болуы да темір тордан құтқара алмапты. Тіпті, «Отанын сатқан» адамдардың бұрынғы әйелдері де тұзаққа іліккен. 1937-1938 жылдары мұнда 20 мың әйел жазасын өтеді. Олар мал бақты, егін екті, қамыс шапты, әртүрлі құрылыстарда ауыр жұмыс істеді, қырқыншы жылдары майдандағы әскерге киім тікті.
Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың балалары балалар үйіне жіберілді. Тіпті туыс адамдары мен таныстар «біз қамқорлыққа алып тәрбиелейік» десе де рұқсат берілмеді. Кейін АЛЖИР-ден бостандыққа шыққан әйелдердің де барар жері, басар тауы қалмай, көбісі тұтқындар лагері маңындағы қоныстардан ұзай алмағаны қандай қасірет десеңізші. Өйткені, олардың төлқұжатында еліміздің 39 қаласына баруға тыйым салынған белгі бар еді.
Қазақ зиялыларының жікке бөлінуі қолдан жасалған және бірнеше кезеңге созылған күрделі процесс болатын. Ең алғаш большевиктер Әлихан Бөкейхан бастаған Алашорда қайраткерлерін биліктен ығыстырып шығарды. Одан кейін бұл үрдіс 1925-1930 жылдары қайталанды. Үшінші кезеңде 1937-1938 жылдары шарықтау шегіне жетті. Осы жылдары Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров… атылды.
Бұл тізімді одан әрі жалғастыра берсек, адамның жаны ауырады. Алматы қаласының маңындағы «Жаңалық» ауылында НКВД жендеттерінің қолымен атылған 3 мыңнан астам адам жерленген. 2002 жылы бұл жерге арнайы мемориал ескерткіш орнатылды.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін бірнеше кезең аралатып бірнеше рет қайталанған ақсүйек ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, өзге ұлттардың қазақ жеріне жаппай депортациялануы, барлығы тоталитарлық жүйенің бүтіндей бір ұлтты жер бетінен мүлдем жойып жіберуге қасақана бағытталған саясатының нәтижесі еді.
2017 жылы мамырдың 20-да Алматы облыстық «Жетісу» газетіне ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов туралы мақала жарияланды. Сол мақаланың бізді ерекше толқытқан бір тұсы мынадай:
«…Қазақстан 1931-1933 жылдар аралығында Мәскеуге, Ленинградқа жылына 45 мың тонна ет жөнелтетін. Бірақ әр қаланың іргесінде, әр төбешіктің етегінде миллиондаған қазақ аштықтан бұратылып, жан тапсырып жатты. Қойманың бәрінде бидай толы. Басшылық оны халыққа үлестірген жоқ…
…Қазақстанды Левон Мирзоян басқарған жылдары, шын мәнінде, әрбір қазақ аштықтан кейін келген басшы туралы жылы сөз айтып жүрді. Бірақ 1937-1938 жылдары жаппай жазалап ату тікелей осы басшының қолымен жүзеге асырылды. Халық жауы ретінде атылғандардың тізімінде 20 өзбектің, 50 қырғыздың, 20 мың қазақтың аты-жөні тұр. Бұл қалай сонда…»
Біз жоғарыда айтып өткен, «бүтіндей бір ұлтты жер бетінен мүлдем жойып жіберуге қасақана бағытталған саясатының нәтижесі» деген сөзімізге енді бұдан артық қандай дәлел керек.
Мәселен, Қазақстанға 1936-1957 жылдары 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың кәріс, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Қырым татарлары, месхет түріктері, гректер, қалмақтар мен басқалар да біздің жерге өз еркімен келген жоқ. Сөйтіп, ашаршылықта сүйегі саудырап шашылып қалған, кейінгі қуғын-сүргіннен әбден титықтап, «бұларың не?» деп бас көтеретін адамы қалмаған қазақтың қасиетті жеріне бірнеше жылда барлығы 1,5 млн. адам көшіп келіпті. Бұған тың көтеру дүрмегімен Қазақстанға ағылған келімсектердің әртүрлі мәліметін қосатын болсақ, мына мақала тіпті ұзап кетеді.
Ол заманда қарапайым халықтың тілек-мүддесі тіпті ескерілмейтін. Бас көтере қалса, жазалау шаралары аяусыз жүргізілетін. 1929-1931 жылдары көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін НКВД органдары 5551 адамды соттап, оның 883-ін атып жіберген. Жалпы алғанда, күштеп ұжымдастыру кезінде 10 мыңнан астам адам жазаланған. Осылайша, қазақ халқы өз ата жұртында отырып-ақ ана тілінен, ұлттық ерекшелігінен, дінінен, ділінен алшақтай берді, алшақтай берді. Соның зардабын әлі де тартып отырмыз. Әлі қанша тартатынымызды бір Алла біледі…

                                                           *
Менің әкем Терлікбай баласы Садуақас 1942-1946 жылдары екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, оған дейінгі және кейінгі өмірінде мұғалім болған адам. Он жасымда қайтыс болды. Кейбір әңгімесі құлағымда жатталып қалды. Ол кейде, «1928 жылғы кәмпеске кезінде әкем мен шешемді, ең кенже қарындасымды Оралға жер аударып жіберді. Қайда қалды екен, қайран ардақтарым! Ең болмаса сүйегі қай жерде жатқанын да білмеймін, осы бір қайғы өмір бойы көкірегімнен кетер емес, қайтейін-ай, қайтейін!» деп аһ ұра, көзіне жас алып қамығып отырушы еді. Дап-дардай адамның бордай езілгені маған біртүрлі ерсі көрініп, жылдам басып далаға шығып кететінмін.
Кейін сұрастырсам, шағын ғана дәулеті бар, қазіргі Аққайнар ауылынан біршама төмен Самсы өзені бойындағы ата қонысында үш ұлы мен бес қызын мәпелеп тәрбиелеп отырған Терлікбай мен Қалампырдың бар жазығы біршама малды болғаны екен. Голощекин Қазақстанға бірінші хатшы болып келгеннен кейін 1926-28 жылдары ауқатты шаруалар мен байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу, халықты күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде біздің атамыздың да тағдырын сол дүрмектің құйыны шыр айналдырыпты. Терлікбайдың кенже ұлы Садуақас өз жұртында «байдың баласы» деген көзтүрткіге ұшыраған соң, туған жерінен сәл жылыстап, өмір бойы Үлгілі, Самсы, Тарғап ауылында мұғалім болыпты. Демек, менің генімде де сонау зұлмат жылдардың зардабы тайға таңба басқандай етіп салған үрей мен қорқыныштың талшықтары жүрмегеніне кім кепіл.
Жә, көп соза бермейін. Жиырма жылдан бері, тіпті отыз жылдың мұғдарында осы бір қасірет-шерімізді қозғайтын аса ауыр тақырып талай рет қузалды. Ол туралы жазылған материалдарды талай рет жан-жүрегімізді сыздатып отырып оқыдық. Десек те, анау бір жылы қаламымыздан Сталин туралы өлең туған. Мына мақаланы сонымен аяқтаған дұрыс шығар.
мамыр, 2017 жыл.

ТАБЫТТАҒЫ ТАЖАЛ

Бесінші март. Мың тоғыз жүз елу үш.
Тарихтағы бұл да өзінше көрініс.
Демі үзілді көзсіз сенген көсемнің,
Аңтарылыс… Апыр-топыр шегініс –
Қорқыныш, һәм іштен тынып егіліс…

Отыз жылдай зәһар шашқан тамұқтан,
Тажал жатты мұртын шаншып табыттан.
– Айрылдық! – деп, теңдесі жоқ алыптан,
Түсі қашып, үрей кетті халықтан.
Итжеккенде он жыл жүріп келсе де,
Атам дағы аза тұтып қамыққан.

Жаза болып талай қудың өсегі,
Талайларды қарып темір төсегі,
Атылғанда ҮКІМ айтқан осы еді.
Ен далада желдей еркін жұртымды
Жер бетінен жоймақ болған кешегі,
Еш кешпейтін құныкерім осы еді!
Солай бола тұра мұны жоқтаған
Қайран атам, дәті неткен бос еді?!

Мына әлемге түскендейін Көктен бір,
Өмірі де, өкімі де өктем кіл,
Бұл не тұлға деп ойлайтын пенделер.
Сөйтсе… сөйтсе…
Жетпіс үш жыл бұрын сонау тамұқтан
Шығып кеткен тажал екен көк теңбіл.
Өлімі де үрейлі еді неткен бұл?!

Күлден тұрып күллі азапқа шыдаған,
Әр ауылда, әр қалада мың адам –
Бұл өмірде қалды ма, – деп, сірә, мән? –
Бәрімізді жарылқаған ұлы адам
Енді қайта тумайды-ау! – деп, аһ ұрып,
Енді күнім не болар! – деп жылаған.
Сөйтсе… сөйтсе…
Қараңызшы мынаған?
Төңіректе төңкерілген түк те жоқ,
Жер де, Аспан да өз орнында тұр аман.
О, тоба!

Бар шындықты үрей бүркеп көздегі,
Ақиқатты кезінде ешкім сезбеді.
Сөйтсе… сөйтсе…
Болмайды екен ешқашан
Хақ тұтуға –
Бір Алладан өзгені!..

P.S.
Аналар гүлі сағақтан үзілмесін деп,
Тілегін айтса көктемгі нұр сипатты ағам.
Тағы бір тажал тамұқтан тірілмесін деп,
Бесінші мартта бетімді бір сипап қоям

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments