Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мемлекет дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Әлеуметтік-экономикалық мәселелерден бастап, экология мен саяси реформаларға дейінгі әртүрлі салада маңызды реформалар ұсынылды.
Әсіресе мұғалімдердің рөлінің маңыздылығы ерекше атап өтілген. Мұғалімдерді ұлттың зияткерлік қуаты деп атауы – олардың қоғамдағы орнын айқын көрсетеді. Бұл сөздер ұстаздардың мәртебесін көтеруге және олардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың қажеттілігін айқындайды.
Сонымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты жастарды тарту – болашақтағы сапалы білімнің кепілі. Себебі білім беру сапасы ең алдымен мұғалімнің біліктілігіне тікелей байланысты. Мұны жетілдіру ұстаздық мамандыққа деген қызығушылықты арттырып, болашақ ұстаздардың сапасын қамтамасыз етеді.
Мектепке дейінгі тәрбие беру мен ата-аналардың жауапкершілігіне көңіл бөлу де өзекті мәселе. Баланың мектепке дайындық деңгейі – оның болашақтағы жетістіктерінің негізі. Сондықтан ата-аналар мен мемлекет арасындағы бірлескен жұмыс білім беру жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жолдаудағы бұл бағыттар еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруде маңызды қадамдар болып табылады. Олар ұстаздардың мәртебесін көтеріп қана қоймай, білім беру саласындағы әділеттілікті қамтамасыз етіп, халықтың әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.
«Дегерес ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ-нің бас маманы А.К.Иманбекова