Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу үшін мемлекет тарапынан қандай шаралар қарастырылып жатқанын айтқан еді.
– “Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді” – деген еді. Көп ұзамай-ақ Ел Президенті жоғарыда аталған мәселеге орай заңға қол қойды.
Алдағы уақытта полиция қызметкерлері зорлық-зомбылықтан жапа шеккен жандарды анықтап, қылмыс бойынша іс қозғайтын болады.
Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Бұл заңның басты қызметі – әйелдердің конституциялық құқықтарын, заңды мүдделерін құқыққа қайшы әрекеттерден қорғауды қамтамасыз ету, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескерту және жолдарын кесу болып табылады. Мақұлданған заң алдағы уақытта өз нәтижесін береді деген сенімдеміз.
Әлия Оқанқызы
Жамбыл аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері