Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мемлекеттік «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Смадияровтың түсіндіруінше, Қазақстан тыйым салынған ұйымдардың тізімін тұрақты түрде жаңартып отырады.
«Аталған процесс аясында, БҰҰ тәжірибесіне сәйкес, «Талибан қозғалысын» одан шығару туралы шешім қабылданды… БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің орындауға міндетті қарарларына сәйкес, «Талибан қозғалысы» БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне кірмейді» деді Смадияров агенттікке.
Ведомство өкілі 2021 жылы тамызда Ауғанстан билігіне келген «Талибанмен» саяси байланыс жөнінде «Қазақстан бұдан әрі де Қауіпсіздік rеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдайтын шешімдер мен қарарларды қатаң ұстанады» деді.
Қазақстанда «Талибан» қозғалысы сот шешімі бойынша 2005 жылдан бері террорлық ұйым ретінде танылып, жұмысына тыйым салынған болатын. Алайда Ауғанстанда тәліптер билікті басып алған соң да Астана Кабулға ресми делегациясын жіберген, Қазақстанның Кабулдағы елшілігі де жұмысын тоқтатпаған.
Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан дипломатиялық арналар арқылы осы елмен байланысты дамытуға тырысып келеді. Биыл жазда Астанада «қазақ-ауған форумы» өтіп, Қазақстан үкіметі «Талибан» қозғалысының бақылауындағы Ауғанстан үкіметімен сауда-саттық бойынша келісімге келген. «Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтауға мүдделіміз» деген еді сол кездегі сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин. Бірқатар елдерде террористік ұйым деп танылған, адам құқығы, әсіресе әйелдер мен балалар құқығына қатысты жиі сыналатын «Талибанмен» қарым-қатынас орнатуды Қазақстанда көптеген сарапшылар мен құқық қорғаушылар, белсенділер сынады.