Site icon ATAMEKEN

Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз, ТХКБ) дамытуды ТМҰ шеңберіндегі экономикалық өзара іс-қимылды нығайтудың стратегиялық негізі ретінде дәйекті түрде қарастырады

 

Астана Орта дәлізге ерекше мән береді және оны Шығыс пен Батысты байланыстыратын сенімді, қауіпсіз әрі бәсекеге қабілетті транзиттік бағыт ретінде бағалайды.
Қазақстан соңғы жылдары Азия мен Еуропа арасындағы жүк транзиті үшін стратегиялық маңызға ие болған ТХКБ-ның белсенді дамуын ТМҰ-ның негізгі жетістіктерінің бірі ретінде бағалайды. Орта дәліз ТМҰ мемлекеттерінің аумақтары арқылы өтеді және дәстүрлі маршруттарға сенімді балама ретінде қарастырылады.
Оның артықшылықтары ретінде маршруттың Солтүстік дәлізден шамамен 2 мың км қысқа екенін және Қытайдан Еуропаға жүктерді шамамен 15 күнде жеткізуге мүмкіндік беретінін атауға болады. Сондай-ақ, балама бағыттармен салыстырғанда теміржол тасымалының мерзімін 7-8 күнге қысқартатыны және тасымал көлемі жылына 12-15 млн тоннаға дейін жету әлеуетіне ие екені маңызды болып табылады.
Жаһандық логистиканың трансформациясы аясында Орта дәліздің маңызы едәуір артты. Соңғы 7 жылда ТХКБ бойынша тасымал көлемі бес есе өсіп, 0,8 млн тоннадан 4,5 млн тонна жүкке жетті.
Контейнерлік тасымалдарда әсіресе айқын өсім байқалады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша осы маршрутпен шамамен
77 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл 36% өсім көрсетті. 2029 жылға арналған жоспар — 300 мың ЖФЭ.
Маршрутты одан әрі дамыту инфрақұрылымды жаңғыртуға және көлік-логистикалық операциялардың тиімділігін арттыруға бағытталған үйлестірілген күш-жігерді талап етеді. Қазақстан дәліздің өткізу қабілетін нығайтуға және бүкіл түркі кеңістігінің мүддесіне сай тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға бағытталған кешенді тәсілді қолдайды.

Exit mobile version