Site icon Атамекен

Қазақстан халқы Ассамблеясына — 30 жыл

Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл

Татулық пен тұрақтылық жолында

Ұзынағаш ауылындағы №2 орта мектебінде «Татулық пен тұрақтылық жолындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» атты конференция өтті. Бұл іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Конференцияға ауданымыздағы этнос ұлт өкілдері мен танымал тұлғалар қатысты.

Шараның басты мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы рөлін насихаттау, жалпыұлттық бірлікті сақтау мен нығайту, этносаралық келісім мен тұрақтылықтың маңыздылығын көрсету болып табылады. Конференцияның алғашқы бөлімінде көпшілікке Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл ішінде атқарған жұмыстары және осы бағыттағы айтарлықтай оң өзгерістер жайында бейнеролик көрсетілді.

Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы алып, халықтар Ассамблеясының маңыздылығына тоқталып, ауданымызда осы бағытта атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Ол татулық пен бірліктің арқасында, ұлы достық аясында бақытты өмір сүріп жатқандығымызды атап өтті. Сонымен қатар, көпшілікті 30 жылдық мерекемен құттықтап, жұмыстарына сәттілік, алдағы күндеріне жақсылық тіледі.

Келесі сөз кезегінде Алматы облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық топ мүшесі, мәслихат депутаты Меруерт Молдашева татулықтың халықтың басты байлығы екендігін және тұрақтылықтың тыныш өмір мен дамудың кепілі екенін айтып, бақытты өмір сүру үшін бүгіннен бастап достық пен бірлікті сақтап, еліміздің дамуына үлес қосуымыз керек, – деді.

Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрлан Ахметжанов Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық деңгейдегі рөлін айрықша атап өтті. Ол Қазақстанның этносаралық келісім моделі әлем елдеріне үлгі ретінде ұсынылатынын және еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызды жетістіктерінің бірі екеніне тоқталып, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі алдағы уақытта да еліміздегі татулық пен бірлікті нығайтуға үлес қоса береді деп атап көрсетті.

Бұдан соң Алматы облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, татар және башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ильдар Юлдабаев «Жас ұрпақты тәрбиелеудегі Қазақстан халқы Ассамблеясының басты бағыты тақырыбы бойынша баяндама жасады. Ал аудандағы «Ассамблея жастары» жастар ұйымының төрағасы Мухидин Мақсутов «Жастар және қоғамдық келісім» тақырыбында жастардың осы бағыттағы атқарған жауапты жұмыстарын баяндады.

Қорытындылай келгенде, Қазақстан халқының өзге этнос өкілдерімен достығы мен сыйластығы, өзара түсіністігі маңызды рөл атқарады. Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі мен этномәдени бірлестіктер елімізде бірлік пен келісімді нығайту бағытындағы миссиясын белсенді түрде дамытуды жалғастырады. Бұл еліміздегі ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтау жолындағы маңызды жетістіктердің бірі болып табылады. Шара соңы «Сүйінбай сазы» ансамблінің концерттік бағдарламасына жалғасты.

Exit mobile version