Site icon ATAMEKEN

ҚАМАЛДЫ ҚОРҒАҒАН ҚАҺАРМАН

Тарих парақтарына үңілсек, Екінші дүниежүзілік соғыс, Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің батыр бабаларымыз теңдессіз ерлік көрсетіп, әлемді таңғалдырған. Бірақ туған жердің топырағы бұйырмай майданда мерт болған қыршындар қаншама? Ал тағдырдың тәлкегімен жат жерде жан тапсырған жауынгерлер… немесе сұм соғысқа сау барып, сал болып оралған оғландар қаншама? Міне, осы бір тағдырларды тоғыстырған тарихи кезеңнің бастауы 1941 жылдың 22 маусымына келіп тіреледі.

Таң алдындағы меңіреу тыныштықты адамзат тарихындағы ең сұрапыл сәттердің бірі бұзды. Сағат тілі 3:58-ді көрсеткен мезетте Фашистік Германия әскері Кеңестер Одағы аумағына тұтқиылдан шабуыл жасап, алапат соғыстың жаңа кезеңін бастады. Бұл – бетпе-бет келіп айқасатын дәстүрлі соғыс емес, қапыда соққы берген, қатыгездігімен адамзатты есеңгіреткен зұлмат еді.

Таңғы төртке жетер-жетпес уақытта бейқам ұйқыда жатқан жауынгерлердің үстіне оқ жаңбырша жауды. Әуеден бомба төгіліп, жер үстін артиллерияның гүрсілі күңірентті. Бір сәтте бейбіт тіршіліктің тыныштығы күйреп, ажалдың суық лебі сезілді. Кеше ғана мамыражай жатқан шекара әп-сәтте от пен оқтың ортасына айналды.

Осы жойқын соққының алғашқы ауыр салмағын шекара шебіндегі Брест қамалы көтерді. Бұл қамал – жай ғана әскери бекініс емес, ол – ерлік пен өр рухтың, табандылық пен төзімнің мәңгілік символына айналған қасиетті мекен. Қапыда қалғанына қарамастан, оның қорғаушылары бір қадам да шегінбеді. Қоршауда, сусыз, азық-түліксіз, байланыссыз қалған олар жан аямай шайқасып, соңғы демі қалғанша қарсы тұрды. Қамал қабырғасына қашалған «Өліп барамын, бірақ берілмеймін!» деген сөздер – сол бір отты күндердің өшпес үні.

Брест қамалын қорғаған жауынгерлердің жанкештілігі уақыт өткен сайын көмескіленбейді. Керісінше, жас ұрпақ жадында жаңғырып, елдік пен ерліктің мәңгілік өлшеміне айналып келеді. Қанды шайқаста қамалды қорғаған қазақстандықтардың қатарында Жамбыл ауданының азаматы – Дауренбаев Матқалық та бар еді.

Сол бір сұрапыл отты жылдарда кеудесін оққа тосқан есіл ердің есімі бүгінде ерекше аталады. Кісіліктің бейнесін кішілік арқылы таныта білген, бекзада болмыс иесі 1912 жылы Еңбекшіарал ауылында дүниеге келген. ХХ ғасырдың аласапыран дәуірінде өмір сүрген Матқалық атаның балалық шағы тарихи өзгерістердің дүмпуімен қатар өрілген.

Оның әкесі Дауренбай – заманынан озық ойлай білген, сауда-саттықпен айналысқан, ел ішінде зор беделге ие болған абзал азамат. Верный, Қаскелең, Талғар өңірлерінде кәсіп жүргізген ол тек дәулет жиған адам емес, айналасына өнеге көрсеткен, парасатымен ерекшеленген жан еді.

Осындай тәлімді ортада өскен Матқалық атаның бойында білімге деген құштарлық, өмірге сергек көзқарас, жауапкершілік сезімі ерте жастан қалыптасты. Алғырлығымен, зеректігімен көзге түскен ол Ташкент қаласында білім алды. Кейін Алматы педагогикалық институты-на түсіп, оның алғашқы түлектерінің бірі атанды.

Ұлағатты ұстаз болуды ол жүрек қалауымен таңдады. Матқалық ата мұғалім ретінде ұрпаққа білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік пен отаншылдық қасиеттерді сіңірді. Ісіне деген адалдығы мен ұйымдастырушылық қабілеті оны мектеп директоры дәрежесіне дейін көтерді.

Алайда тарихтың қатал сыны кейде адам еркінен тыс шешім қабылдатады. 1941 жылы соғыс басталғанда Матқалық ата майдан даласына аттанды. Елге оралуға әзір тұрған шағында басталған соғыс оны бірден Брест қамалын қорғаушылар қатарына қосты. Ол тек сарбаз ғана емес, аға сержант, взвод командирінің орынбасары, сондай-ақ әскери тілші ретінде бірнеше жауапты міндеттерді мінсіз атқарды.

Оқ пен оттың ортасында жүріп, ол қаламын да серік етті. Оның жазбаларынан майдан даласының шынайы келбеті, жауынгерлердің қайсар рухы, үміті мен күресі анық көрінді. Бұл оның тек батыр ғана емес, ойлы, зерделі тұлға болғанын дәлелдейді.

Жеңісті жақындатуға сүбелі үлес қосқан қаһарман қиян-кескі шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапты. Бірақ оның тағдыры ұзақ жылдар бойы беймәлім болып келді. Тек араға жетпіс бес жыл салып, тарихи әділдік орнады.

Бұл ретте Лайла Сейсембекқызы Ахметова-ның еңбегі ерекше. Ол архивтермен ұзақ жылдар бойы жұмыс жүргізіп, Брест қамалын қорғаған қазақстандықтар туралы деректерді жинақтады. Соның нәтижесінде Матқалық Дауренбайұлының есімі қайта жаңғырды.

2016 жылы жарық көрген «1941. Брестская крепость. Казахстан» атты еңбекте оның есімі алғаш рет қамал қорғаушылары қатарында аталды. Сонымен қатар 2022 жылы архивтен табылған «Часовой Родины» газетінде жарияланған мақаласы мен фотосуреттері ұрпақтарына табысталды.

Тағдыры тағылымға толы жерлесіміздің өмірі тек соғыс өртімен шектелмейді. Ол – білімге құштар жас, ұлағатты ұстаз, білікті ұйымдастырушы, елін сүйген азамат. Оның бойындағы адамгершілік, табандылық, адалдық секілді қасиеттер бүгінгі ұрпақ үшін үлгі.

Жалпы, «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» деген ұлағатты сөз Матқалық Дауренбаев секілді ержүрек азаматтарға қарата айтылғандай әсер қалдырады. Уақыт өткен сайын оның есімі жаңғырып, ерлігі мен еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Жеңісті жақындату жолында жан аямай күрескен жауынгерлердің есімі – ел есінде!

Әйгерім Дәуітбекқызы

Exit mobile version