Вторник, 7 апреля, 2026
Басты бетЖаңалықтарҚапшағай су қоймасында 15 сәуірден 30 мамырға дейін балық аулауға тыйым салынды

Қапшағай су қоймасында 15 сәуірден 30 мамырға дейін балық аулауға тыйым салынды

Көктемгі уылдырық шашу кезеңінде балық ресурстарын қорғау – табиғи тепе-теңдікті сақтаудың маңызды шарты. Осыған байланысты 2026 жылы Алматы облысының су айдындарында балықтардың табиғи көбеюіне қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар шектеулер енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Ринат Кумашев айтты.
Қолданыстағы нормативтік актілерге сәйкес, Іле өзенінің жоғарғы ағысында 25 наурыздан 5 шілдеге дейін балық аулауға толық тыйым салынады. Ал Іле өзенінің төменгі ағысында, Қапшағай СЭС бөгетінен Аралтөбе ауылына дейінгі аралықта шектеу 5 сәуір мен 5 маусым аралығында күшінде болады. Сонымен қатар, Іле өзенінің барлық атырабында 15 сәуірден 1 маусымға дейін балық аулауға болмайды.
«Биыл табиғи-климаттық жағдайлар мен балықтардың уылдырық шашуға дайындық деңгейі ескеріліп, Қапшағай су қоймасына қатысты тыйым салу мерзімі 10 күнге кейінге шегерілді. Осылайша, су қоймасында және оған құятын өзендер мен арналaрда балық аулауға тыйым 15 сәуірден 30 мамырға дейін енгізіледі. Ал Балқаш көлі бойынша зерттеу жұмыстары жалғасуда, нақты мерзімдер қосымша хабарланатын болады»,-дейді Ринат Кумашев.
Жыл сайын осы кезеңде «Уылдырық шашу» табиғатты қорғау акциясы өткізіледі. Акция барысында су айдындарында бақылау күшейтіліп, рейдтер мен патрульдеу жұмыстары ұйымдастырылады. Заң талаптарын бұзған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Балық аулау қағидаларын бұзу айыппұл салуға және құқық бұзушылық құралдарын тәркілеуге әкеп соғады.
Спикердің сөзіне сүйенсек, 2025 жылы 94 заң бұзушылық анықталып, 90 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқық қорғау органдарына 4 қылмыстық іс бойынша материал жолданды. Жалпы сомасы 1,9 млн теңге айыппұл салынып, табиғатқа келтірілген залал үшін 2,1 млн теңге өндірілді. Сонымен қатар, заңсыз айналымнан 250 кг балық тәркіленген екен.
Балық ресурстарын қорғау бағытындағы тағы бір маңызды бастама – «Таза су айдындары» акциясы. Оның мақсаты – су қоймаларын заңсыз аулау құралдарынан тазарту және жағалауларды қоқыстан арылту. Биыл бұл акция Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінде бірнеше рет өткізіліп, нәтижесінде 25 шақырымнан астам заңсыз құралдар жойылды.

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments