Қарқара жайлауына қарай бет алып барамыз. Рас, шілденің шіліңгір ыстығы таулы өңірде де айқын сезіліп қалған. Әйтеуір бүгін күн бұлтты. Жанға жайлы. Қарқара десе елеңдемейтін жан жоқ. Жайлаудың атағы алыс кеткен. Қырмызы гүлге, көкорай шалғынға оранған хан жайлау. Қымыз бен гүлдің иісі аңқыған өңір. Әйгілі Қарқара көтерілісі осында тұтанған. Көтеріліс қаһармандары Ұзақ пен Жәмеңкенің көңіл тоғайтар сөзін естиік деп жиналған қалың елдің басы қосылған Ереуілтөбе осында. Хан жайлау төрінде атақты Қарқара жәрмеңкесінің орны, Ұлы Жібек жолының бір соқпағы қалған. Ұлы шығармаларына өзек тапқан Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтің аяғы тиген.
Міне, осы тарихи жайлаудың «Иранбақ» деп аталатын жерінде қазағымның қымызмұрындық жоралғысы өтеді дегенді естігенде қуанғанбыз. Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деп атап айтқан еді. Қымызмұрындық – ұлтымыздың ежелден келе жатқан тамаша жоралғысы. Ел мен жұрттың басын қосуға, ынтымақ пен бірлікке үндеген өміршең дәстүр. Жаз жайлауға шыққанда биенің алғашқы сүті жинақталып, қорланып, балдай тәтті қымызға айналғанда көрші-қолаңды, ақ баталы қарияларды, ақ самайлы әжелерді шақырып, ақ дастарқан басынан дәм татқызатын ұлағатты дүние. Әрине, мұндай дастарқан басында ел мен жер туралы, өткен-кеткеніміз, қазыналы шежіреміз туралы әңгімелер ортаға салынған. Бойында өнері бар жандар бір-бір ауыз ән айтып, күй тартқан. Бір сөзбен айтқанда, жайлауға қоныстанған ағайынның бір-біріне деген алғаусыз көңілдерін, ақ пейілдерін, сүттей ұйыған бірлігін, жақсы қарым-қатынасын паш етіп тұрар жоралғымыз осы.
Ата-бабамыздан келе жатқан игілікті дүниені облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» коммуналдық мекемесі және Кеген ауданының әкімдігі бірлесе ұйымдастырыпты. Жалпы, Қарқара өңірі шын мәнінде таза қымыздың Отаны іспетті. Жаздай қымыз дайындап, сол арқылы игіліктерін құрайтын отбасыларының қатары жыл сайын артып келеді. Тәуелсіздікпен бірге халықтық тойға, қуанышқа айналған қымызмұрындыққа естіген ел-жұрт, үлкен-кіші демей көруге асық болғаны аңғарылып-ақ тұрды.
«Ұлы Дала елінің қонақжай қасиеті» деп аталатын қымызмұрындық биебаудың басынан басталды.
Аталмыш шараға Жамбыл аудандық мәслихат хатшысының төрағасы М.Әмірғалиев, қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Әлиев, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы А.Медеуова, Жамбыл ауданындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің жетекшісі А.Кенженбаева, аудандық «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі К.Кемелбекова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Г.Станқұлова, «Атамекен» газетінің бас редакторы Ә.Әбу, татар және башқұрт этномәдени орталығының жетекшісі И.Юлдобаев қатысты.
Қымызмұрындық рәсіміне ауданның ауылдық округтері, мекемелері жақсы дайындық жасапты. Қатар-қатар тігілген киіз үйлердің іші де, сырты да ұлт жауһарларына толы. Әр ауыл көздің жауын алар көрмелерін алға тартыпты. Келі-келсаппен дән түйген, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтірді. Ат әбзелдері, қолөнер туындылары молынан ұшырасты. Шеберлер қымызды ашытып, әзірлейтін ағаштан жасалған күбінің неше түрін жайнатып қойыпты. Осы күні жиналған дүйім елдің түрлі іске, игілікке жол ашар жөн-жоралғыларымызға деген, қымбатты қол-өнерімізге деген қызығушылығымен қатар құрмет сезімінің арта түскені анық. Бұл, әсіресе, жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жүрегінде жатталып қалары даусыз. Халықтық сипаттағы қымызмұрындық жоралғысын өткізудің де түпкі мақсаты – жастарға өнеге, тағылым ету.
Қымызмұрындыққа жиналған көпшілікті Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалар қымызмұрындық рәсімі алтын арқауын үзбей, қонақжай, бауырмал халқымыздың жақсылығына жол аша берсін айтты. Жадыраған жаз маусымында қымызмұрындық секілді тамаша салтымызға тең келер ештеңе жоғын алға тартқан облыстық мәслихат хатшысы Талғат Байеділов осы шараның өтуіне ұйытқы болған Кеген ауданының әкімдігіне, ел көшін бастап жүрген азаматтарға алғысын айтып, ризашылық білдірді.
Жайлаудың аспаны арасында ақ моншақтарын да төгілтіп тұрды. Таудың мінезі осындай. Жайлаудың күні жаңбырсыз болмайды. Осылайша қымызмұрындық күні аспаннан нұр төгіліп, дала сахнасынан әсем ән қатар өріліп жатты. Әр ауылдан құралған, тоты құстай таранып, ұлттық киімдеріне малынған ақ әжелер ансамблі мүшелері қымызмұрындықтың көркіндей әдемі әсер қалдырды. Кеген аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен эстрада жұлдыздары Сұлушаш Нұрмағамбетова, Рамазан Стамғазиев, Айткүл мен Қанат Құдайбергеновтер әннен шашу шашып, Қарқара жайлауын думанға бөледі.
Қарқараның жерінде өрнектелген әдемі той ұлтымыздың ежелден келе жатқан теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ секілді ұлттық ойындарға ұласты. Қаз-қатар тігілген киіз үйлердің тұсынан көк түтін шұбатылып жатса, қазақтың сүт тағамдарына толы ақ дастарқандары қонақтан босаған жоқ. Ел-жұрт бие байлайтын ағайынның шаңырақтарынан табылатын бесті қымыз, дөнен қымыз секілді көптеген атпен ерекшеленер түрлі қымыздан дәм татты. Қонақжай шаңырақтардан қымыз иісі аңқып, ән мен жырға да кезек берілді. Қара домбырамыздың майда қоңыр үні түңліктерді желпінтіп тұрды. Сөйтіп, жаздың шуақты күнінде ұлттық рухымыз асқақтап, сан қырлы өнеріміздің мейманасы тасыды. Осындай ұмытылмас есте қалар әдемі шақта тәуелсіз Отанымызға деген, ұлтымызға деген ыстық сезім бойды баурап, жүректі керней түсті.
Әйгерім ДӘУІТБЕКҚЫЗЫ.