Site icon ATAMEKEN

ҚОНАЕВТА ДЕМАЛУШЫЛАР САНЫ БОЙЫНША РЕКОРД ЖАҢАРДЫ: ЖАЗДА ҚАЛАҒА 2 МЛН АДАМ КЕЛДІ

Қонаев қаласында биылғы шомылу маусымы рекордтық көрсеткішпен қорытындыланды. Қаладағы спорт және туризм бөлімінің мәліметінше, жаздың үш айында Қапшағай су қоймасына демалуға 2 млн адам келген.

Жаз бойы қала жағажайларын жаңғырту, инфрақұрылымды жақсарту және қауіпсіздікті күшейту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды.

ЖАҒАЖАЙЛАР ЖАҢАРДЫ

Биыл №4 жағажайға инвестор тартылып, аумақты абаттандыру жұмыстары басталды. Мұнда келушілерге жыл бойы қызмет көрсететін мейрамхана салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Солтүстік, №6 және №7 жағажайларды жаңғырту жұмыстары қолға алынды. №6 және №7 жағажайлардағы құрылыс жұмыстары аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Солтүстік жағажайды да жақын арада ашу жоспарланған.

№6 және №7 жағажайлардың абаттандырылған аумағы 7,57 гектарды, жағалау сызығы 680 метрді құрайды. Жоба аясында ауыз су және кәріз жүйелері тартылып, қуаттылығы 380 кВт трансформатор орнатылды.

Жағажай аумағында 56 бизнес орны, шағын сәулеттік нысандар, жағажай спортына арналған орындар, жаңа санитарлық тораптар мен шатырлар пайда болды. Шомылу маусымында мұнда 16 құтқарушы кезекшілік атқарса, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 17 бейнебақылау камерасы жұмыс істеді.

Жаз бойы осы жағажайлардан 975 тонна қоқыс шығарылған.

№5 ЖАҒАЖАЙ – ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫҢ БАСТЫ НҮКТЕЛЕРІНІҢ БІРІ

Қонаевтағы туристік тартымды орындардың қатарында №5 жағажай да ерекше көзге түсті. Демалыс күндері мұнда 4–5 мыңға жуық адам жиналды.

Жағажайда тұрғындар мен қала қонақтарына арналған мәдени және спорттық бағдарламалар ұйымдастырылды. Екі рет флайборд-шоу өтіп, шомылу маусымы JAGALAU FEST мерекелік концертімен қорытындыланды.

Мұнда тазалық пен қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінді. Күнделікті санитарлық жұмыстарға 20-дан астам қызметкер тартылып, демалушылардың қауіпсіздігін 26 құтқарушы қамтамасыз етті.

ҚОНАЕВ СПОРТ ПЕН МӘДЕНИЕТТІҢ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛДЫ

Биылғы жаз Қонаевта жағажай демалысымен ғана шектелген жоқ. Қалада тұрғындар мен туристердің қызығушылығын арттырған бірқатар ауқымды мәдени және спорттық іс-шаралар өтті.

Дәстүрлі Aspan FEST, халықаралық Oceanman ашық суда жүзу жарысы, Krida Open Water республикалық турнирі, ASP ARENA-дағы концерттер және Орталық Азияның дрифт-шоуы қалаға мыңдаған қонақты жинады.

Алдағы жылдары Қапшағай су қоймасында «Формула-1» халықаралық жарысын өткізу жоспарланып отыр.

ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА

Қонаев аумағында бүгінде 140-тан астам демалыс орны жұмыс істейді. Шомылу маусымы кезінде Төтенше жағдайлар, полиция және әкімдік мамандары бірлесіп, демалыс орындарында тұрақты рейдтер жүргізді.

Қауіпсіздік талаптарын сақтамаған нысандарға тиісті ескертулер берілді. Сонымен қатар шағын көлемді кемелерді пайдалану және басқару талаптарын бұзған 91 адамға әкімшілік шара қолданылып, жалпы сомасы 1 млн 935 мың теңге айыппұл салынды.

Бұл шаралардың барлығы қалаға келген әрбір демалушы үшін қауіпсіз жағдай қалыптастыруға бағытталды.

Exit mobile version