Қонаев фермерлеріне шаруашылықтағы қызу жұмыс Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуға кедергі болған жоқ. Олар егіс алқабынан тракторлармен және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларымен сайлау учаскелеріне тікелей жол тартты.
Қазіргі таңда Шеңгелді ауылдық округінде маусымдық жұмыс қызу жүріп жатыр. Бірі егін жинаумен айналысса, енді бірі қысқа жем-шөп дайындауда. Маусымдық жұмыстың қайнаған шағына қарамастан, фермерлер сайлау учаскелеріне келіп, таңдау жасауға уақыт тапты.
Дауыс беруге барлығы 10 шаруа қожалық өкілі қатысты. Солардың бірі – «Дидар» шаруа қожалығы. Онда биыл 30 гектар жерге картоп, жүгері, жоңышқа және бидай егілген. Қазір мұнда жүгері жинау науқаны жалғасуда, сондықтан әр сағаттың маңызы зор. Соған қарамастан, шаруашылық басшысы Темірхан Бершімбеков жұмысшыларымен бірге дауыс беруге келді.
*«Сайлауға қатысу – өңір тұрғыны және Қазақстан азаматы ретіндегі жауапкершілігіміз. Елімізге тұрақтылық пен өркендеу, барлық фермерлерге мол өнім тілеймін. Әр дастарқанда әрдайым ас атасы молынан болсын»*, – деді Темірхан Бершімбеков.
Бүгін де ауыл шаруалары жұмыс қарқынын бәсеңдеткен жоқ: техника жұмыс істеп тұр, егін жиналуда, қысқа дайындық жалғасуда. Сонымен қатар фермерлер азаматтық құқығын назардан тыс қалдырмай, сайлауға қатысуды маңызды деп санайды.
Тракторлар мен басқа да ауыл шаруашылығы техникаларының сайлау учаскелеріне қарай бет алған сәті бүгінгі күннің жарқын естелігіне айналды.
Айта кетейік, Шеңгелді ауылдық округінде жеті сайлау учаскесі жұмыс істейді: оның алтауы – ашық, біреуі – жабық.
*Алматы облысының ӨКҚ*

