Әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген миллион-даған қандасымыз үшін тарихи Отанына оралып, атамекеннің түтінін түзу – үлкен арман. Шет мемлекеттерден Қазақстанға қоныс аударып, туған топырағынан пана тапқан ағайындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Дегенмен, заман талабы мен көші-қон саясатының жаңа бағыттарына сәйкес, бұл үдеріске де бірқатар маңызды өзгерістер мен жаңа тәртіптер енгізілді. Аталған өзгерістер қоғамда қызу талқыланып, әсіресе әлеуметтік желілерде түрлі жалаң пікірлердің қалыптасуына себеп болуда.
Ағымдағы жылы Қазақстанда шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тұрақты тұруға рұқсат беру, сондай-ақ қандас мәртебесін беру немесе ұзарту жөніндегі мемлекеттік қызметтерді көрсетуге қатысты бірыңғай пилоттық жоба іске қосылды. Аталған жоба Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің, Ішкі істер министрінің және Премьер-Министрінің орынбасары – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2026 жылғы 30 қаңтардағы № 41, № 60 және № 47 бірлескен бұйрықтары негізінде жүзеге асырылуда.
Пилоттық жоба аясында 2026 жылғы ақпанның 16-нан бастап Алматы облысында қандас мәртебесін беру және ұзарту бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету уақытша тоқтатылды. Жаңа тәртіпке сәйкес, тарихи Отанына оралған этникалық қазақтарға қандас мәртебесін беру Үкімет айқындаған қабылдаушы өңірлерде жүзеге асырылады. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ұлытау және Абай облыстары бар. Бұл өңірлерде қандастарды қабылдауға арналған өңірлік квоталар мен заңнамада белгіленген мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – көші-қон үдерісін жүйелеу, еңбек ресурстарына сұранысы жоғары өңірлердің әлеуетін арттыру және қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне қолайлы жағдай жасау.
Жаңа тәртіп бойынша «қандас» мәртебесі тек Үкімет арнайы айқындаған қабылдаушы өңірлерге ғана беріледі. Бұл қатарға Шығыс, Солтүстік, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ұлытау және Абай облыстары енгізіліп отыр. Бұл өңірлерде еңбек күшіне қажеттілікке қарай қабылдау квоталары мен жан-жақты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Яғни мұндай саясаттың басты мақсаты – осы өңірлердегі демографиялық жүктемені ескеріп, еңбек ресурстары жетіспейтін аймақтардың әлеуетін арттыру. Әсіресе халқының саны азайып, жұмыс күшіне сұранысы жоғары елді мекендерге сырттан келген азаматтарды орналастырып, экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ету.
Алайда «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл өзгерістердің де екінші тұсы бар. Тарихи Отанына оралуды жоспарлаған кейбір азаматтар үшін қоныстанатын өңірді таңдау, отбасының жағдайын ескеру, балалардың білім алуы, жұмыс табу және туыстарына жақын болу мәселелері маңызды. Сондықтан жаңа тәртіпті іске асыру кезінде мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен азаматтардың нақты өмірлік жағдайлары арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет. Соңғы уақытта қандастарға қатысты өзгерістер қоғамда қызуталқыланып келеді. Әсіресе TikTok платформасында жарияланған бейнежазбалар мен пікірлер арқылы кейбір азаматтар жаңа талаптарға наразылығын білдіріп, құжат рәсімдеу тәртібіне, қоныстанатын өңірлердің шектелуіне және мемлекеттік қызмет алуда кездесетін қиындықтарға назар аударуда.
Бірі тарихи Отанына оралған адамның қай өңірде тұратынын өзі таңдауға құқылы болуы керектігін алға тартса, енді бірі жұмыс, баспана және отбасының әлеуметтік жағдайын ескермей қабылданған шешімдер бейімделу үдерісін қиындатуы мүмкін деп есептейді. Әсіресе белгілі бір өңірге орнығып қалған, сол жерде туыстары мен таныстары бар немесе жұмыс табуға мүмкіндігі қалыптасқан азаматтар үшін қоныстану талаптарының өзгеруі оңайға соқпаған секілді. Мұндай алаңдаушылықтарды назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені қандастардың тарихи Отанына оралуы тек көші-қон статистикасымен өлшенбейді. Оның артында әр отбасының тағдыры, балаларының болашағы, күнкөріс мәселесі және жаңа қоғамға бейімделу үдерісі де тұр. Сондықтан мемлекеттік органдар әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерді зерделеп, азаматтарға заңдағы өзгерістердің мәнін түсінікті тілмен жеткізіп, өтпелі кезеңде туындайтын сұрақтарға нақты жауап беруде.
Дегенмен, TikTok-та жарияланған әрбір бейнежазбаны ресми дерек немесе заңның орындалу барысына қатысты толық көрініс ретінде қабылдауға болмайды. Әлеуметтік желіде жеке тәжірибеге негізделген пікірлермен қатар, мәселенің барлық құқықтық және әкімшілік қырын қамтымайтын мәлімдемелер де кездесуі мүмкін. Сондықтан өзгерістерге қатысты қорытынды жасағанда ресми құжаттарға, уәкілетті органдардың түсіндірмелеріне және нақты жағдайларға сүйену маңызды.
Мемлекет өз тарапынан қандастардың елге бейімделуіне, әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне және жаңа ортада тұрақтап қалуына жағдай жасау үшін түрлі қолдау шараларын жүзеге асырып келеді. Дегенмен осындай мүмкіндіктер мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, әлеуметтік желілерде мәселенің мән-жайын толық ашпай, біржақты пікір қалыптастыратын, қоғамда түсінбеушілік туғызып, арандатушылыққа итермелеуі мүмкін бейнежазбаларды таратып жүрген жандар да жиі кездеседі. Әрине, әр азаматтың өз ойын ашық айтуға, талап-тілегін білдіруге және мемлекеттік шешімдерге қатысты пікірін жеткізуге құқығы бар. Алайда мәселені біржақты көрсетіп, қолданыстағы талаптар мен көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларын ескермей пікір тарату жағдайды ушықтыруы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік желідегі әрбір мәлімдемеге сын көзбен қарап, ресми ақпаратқа сүйеніп, мәселенің байыбына барған абзал. Қандастардың қиындықтарын жоққа шығаруға болмайды, бірақ оларды шешуде қоғамды алаңдату емес, өзара түсіністік пен заң аясындағы әрекет басым болуы тиіс.
Бұл ретте Жамбыл ауданында өткен кездесуде көтерілген мәселелерге де назар аударған жөн. Жиын барысында кейбір қандастардың Қазақстанға көшіп келгенімен, отбасы мүшелерінің бір бөлігін Қытайда қалдырғаны белгілі болды. Атап айтқанда, кейбірінің жұбайы, енді бірінің балалары шетелде қалған. Мұндай жағдайлар отбасылардың қайта қауышуы, құжаттарды рәсімдеу және алдағы уақытта Қазақстанда тұрақты тұру мәселелерін күрделендіруі мүмкін. Әрине, отбасының мүшелерін бірден көшіріп әкелуге қаржылық жағдай, құжаттық рәсімдер немесе өзге де кедергілер әсер етуі ықтимал. Сондықтан әрбір жағдайға түсіністікпен қарап, қажетті ақпарат пен құқықтық кеңестің қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Сонымен бірге жиында кейбір азаматтардың Қазақстанға берілген визасының жарамдылық мерзіміне жеткілікті мән бермейтінін де байқадық. Визаның мерзімін қадағаламау, қажетті құжаттарды уақытында рәсімдемеу немесе көші-қон талаптарын кейінге қалдыру қосымша қиындықтарға әкелуі мүмкін. Мұндай мәселелерді соңғы сәтте шешуге тырысқаннан гөрі, құжаттардың жарамдылық мерзімін алдын ала тексеріп, түсініксіз тұстар бойынша тиісті мекемелерден кеңес алған әлдеқайда дұрыс.
Жиын барысында мемлекеттік тілді меңгеруге қатысты да мәселе қозғалды. Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы қандастарға мемлекеттік тілді үйренуге арналған тегін курстар ұйымдастырғанымен, кейбір азаматтардың қазақ тілінен ҚАЗТЕСТ тапсыру қиын деген уәжбен бұл мүмкіндікті пайдаланбағаны айтылды.
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы КММ-нің Жамбыл аудандық филиалының оқытушысы Ардақ Сағатқызы: «2025 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Ішкі істер министрлігінің Жамбыл аудандық көші-қон полициясына барып, аудан аумағында 3793 шетел азаматтары ыхтияр хатпен тұрақты тіркеуге алынғанын анықтап, көші-қонға құжат рәсімдеуге келген қандастарды оқу курсына шақырдық.
Бұдан соң 7 тамыз күні Алматы облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы А.Ахметоваға филиал тарапынан қызметтік хат жолдап, Жамбыл ауданында тіркелген 603 қандастың жеке деректері туралы мәлімет алдық. 11 тамыз күні Жамбыл аудандық филиалы тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе «Бір терезе» қағидатын құру мақсатында Халыққа қызмет көрсету, «Мансап» орталықтары мен Жастар саясатын және Ауыл шаруашылығы, Жер қатынастары, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдеріне қызметтік хат жолдап, жауапты мамандардан комиссия құрды.
15 тамыз күні Халыққа қызмет көрсету, «Мансап» орталықтары мен Жастар саясаты және Ауыл шаруашылығы, Жер қатынастары, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерінің жауапты мамандарын орталыққа шақырып, «Қандастар» қоғамының жетекшісі Бахаргүл Табыстың қатысуымен «Бір терезе» қағидаты» бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, қандастар бұл жиында өздерін алаңдатқан мәселелерге байланысты сауалнама парағын толтырды.
Аудан аумағындағы азаматтық алған және қандас статусы бар ересек азаматтарды және бала санын анықтау мақсатында 24 ауылдық округ әкімдеріне филиал тарапынан 603 қандастың тізімі беріліп, қызметтік хат жолданды. Нәтижесінде, Дегерес, Жамбыл, Қарғалы, Мәтібұлақ, Шолаққарғалы, Айдарлы, Таран, Қарақыстақ, Ұзынағаш, Аксеңгір округтерінде тұрақты тұратын 222 ересек адамның байланыс телефон нөмірі мен 93 баланың тізімі ауылдық амубулатория [акушерлік-амбулатория] және жергілікті кірістер басқармасының көмегімен анықталды.
Ал, Жамбыл ауданына қарасты Аққайнар, Самсы, Мыңбаев, Шиен, Сарытауқұм, Үлгілі, Ақтерек, Бозой ауылдық округтерінде қандастардың жоқ екені белгілі болды.
2025 жылдың II жартыжылдығында сабақ кестесі бекітіліп, 90 тыңдаушы яғни қандас (барлығы жеке тұлға, ұлты – қазақ) «Мемлекеттік тілде іс-жүргізу» курсы бойынша оқуға қабылданды. Құрылған 6 топқа орталықтың оқытушылары мемлекеттік тілде тегін дәріс берді. Сондай-ақ, Жамбыл аудандық филиалында қандастардан жинақталған 6 топқа яғни 90 азаматқа «Бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетілді. Атап айтсақ, 90 қандас «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы «Бір терезе» қағидаты бойынша құрылған комиссия мүшелеріне өз сауалдарын кез келген уақытта қойып, жауаптарын алды. Курс соңында сабаққа белсене қатысқан барлық топ тыңдаушыларына (қандастарға) сертификат пен бір азаматқа Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Алғыс хаты мен сыйлығы табысталды», – деді өз баяндамасында.
Бұл – ойлануды қажет ететін жайт. Өйткені мемлекеттік тілді меңгеру жаңа ортаға бейімделуге, жұмыс табуға, мемлекеттік қызметтерді түсінуге және қоғаммен еркін араласуға жол ашады. Тегін курстар осындай кедергілерді азайту үшін ұйымдастырылып отырғанда, оған қатысудан бас тарту азаматтардың өз мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін.
Жамбыл ауданының кітапханасында өткен кездесуде осындай жайттарды естігенде, қандастардың бір бөлігінің мәселеге жеткілікті дәрежеде мән бермейтініне куә болдық. Бір жағынан, олардың құжат рәсімдеу, отбасы мүшелерін елге алдыру, тіл үйрену секілді мәселелерде қиындықтарға тап болып жүргені түсінікті. Екінші жағынан, қолжетімді мүмкіндіктерді пайдаланбай, қажетті талаптарды кейінге қалдыру сол қиындықтарды одан әрі ушықтыруы ықтимал. Сондықтан мұндай жағдайда мемлекеттік органдардың түсіндіру жұмыстары ғана емес, азаматтардың жеке жауапкершілігі өте маңызды.
Мәселен, Қытайдан көшіп келген көршіңізді алайық. Ол жаңа елге бейімделуге, жұмыс табуға, құжаттарын реттеуге қиналып жүрген болуы мүмкін. Оның жағдайын түсініп, қолдау көрсету – адамгершіліктің белгісі. Бірақ қиындықты жеңу үшін ұсынылған кеңестерді тыңдап, құжаттарының мерзімін қадағалап, мемлекеттік тілді үйренуге талпынуы да қажет. Тегін тіл курсына қатысу, мамандардан кеңес алу немесе қажетті құжаттарды уақытында рәсімдеу бір күнде барлық мәселені шешпегенімен, алға жылжуға мүмкіндік береді. Қолдау мен жауапкершілік қатар жүргенде ғана бейімделу нәтижелі болмақ.
Қандастардың жаңа тәртіпке қатысты талап-тілектерін білдіруге құқығы бар. Алайда Қазақстан аумағында тұратын және мемлекеттік қызметтерді пайдаланатын әрбір азамат қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға міндетті. Бұл қағида елге жаңадан қоныс аударған азаматтарға да, Қазақстанда бұрыннан тұратын адамдарға да ортақ. Қоныс аудару және қандас мәртебесін рәсімдеу барысында құжаттарды белгіленген тәртіппен ұсыну, өтініште дұрыс әрі шынайы мәлімет көрсету, көші-қон заңнамасында көзделген мерзімдер мен рәсімдерді сақтау маңызды. Қажетті құжаттарды толық тапсырмау, талап етілген мәліметтерді нақтыламау немесе мемлекеттік рәсімдерді орындауды кейінге қалдыру өтінішті қарау үдерісін қиындатуы мүмкін. Ал нақты бір талапты бұзу заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соқтыратын болса, оның салдары тиісті құқықтық тәртіппен бағалануға тиіс. Осы ретте әлеуметтік желілердегі наразылық пен заң талаптарын орындамауды бір-бірінен ажырата білу қажет. Азаматтың мемлекеттік саясатпен келіспеуі немесе өз мәселесін ашық көтеруі өздігінен заң бұзушылық болып саналмайды. Алайда наразылық білдіру заң талаптарын елемеуге, құжат рәсімдеу тәртібін өз бетінше өзгертуге немесе мемлекеттік органдар белгілеген міндеттерді орындамауға негіз бола алмайды. Сондай-ақ жекелеген азаматтардың әрекетіне қарап, барлық қандастарға ортақ баға беру дұрыс емес. Құжаттарын уақытында рәсімдеп, заң талаптарын сақтап, қоғамға бейімделуге талпынып жүрген азаматтар аз емес. Сондықтан нақты заң бұзушылықтар туралы сөз болғанда жалпылама айыптаудан аулақ болып, әрбір жағдайды жеке қарастыру қажет. Мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілік осы тұстан көрінеді. Бір жағынан, мемлекеттік органдар рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, талаптарды түсінікті жеткізуі керек. Екінші жағынан, азаматтар өз құқықтарын біліп қана қоймай, заңда белгіленген міндеттерін де орындауға тиіс. Құқықтық тәртіп пен өзара құрмет сақталған жағдайда ғана көші-қон саясатының нәтижелі жүзеге асуына мүмкіндік туады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелеріне құқықтық, әлеуметтік және экономикалық бейімделуге бағытталған көмек көрсетіледі. Бейімдеу және ықпалдастыру орталықтары арқылы консультациялық қызметтер ұсынылып, заңнамада белгіленген тәртіппен медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылады. Сонымен қатар балаларды мектепке және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына орналастыру, бос жұмыс орындары туралы ақпарат беру, тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, кәсіптік оқыту курстарына қатыстыру және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шаралары жүзеге асырылады.
Өңірлік квотаға енгізілген азаматтарға белгіленген талаптарға сәйкес тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындарын өтеуге арналған субсидиялар, сондай-ақ көшуге байланысты біржолғы төлемдер ұсынылуы мүмкін. Бұл көмектердің барлығы тиісті талаптар мен рәсімдерге сай беріледі. Сондықтан әрбір азамат қолдау шараларының нақты шарттарын алдын ала біліп, өзінің қандай көмекке құқылы екенін уәкілетті органдардан анықтағаны абзал. Мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты – қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне жағдай жасап қана қоймай, олардың тұрақты жұмыс тауып, тұрмысын жақсартуына және қоғамның толыққанды мүшесіне айналуына ықпал ету. Алайда қолдау тетіктері барлық азаматқа бірдей шартсыз берілетін көмек емес, заңнамада белгіленген талаптар мен санаттарға сәйкес жүзеге асырылатын шаралар екенін де ескерген жөн.
Алматы облысында қоныс аудару мәселелері бойынша жүйелі түрде түсіндіру шаралары жүргізіліп келеді. Мәселен, қазан айының өзінде Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Қарасай, Іле, Ұйғыр және Кеген аудандарында ауқымды кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде ақпараттық-түсіндіру шараларымен 750 адам қамтылып, олардың 187-сі қабылдаушы өңірлерге көшуге ниет білдірген. Бұдан бөлек, аудандық және қалалық «Мансап» орталықтарында арнайы жауапты мамандар бекітіліп, тұрғындарға кеңес беру жұмыстары күшейтілді. Мұндай шаралар азаматтардың көші-қон тәртібін дұрыс түсінуіне, өз мүмкіндіктерін бағалауына және қоныс аудару туралы саналы шешім қабылдауына көмектеседі.
Жалпы статистикаға сүйенсек, ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы аясында Алматы облысы бойынша жыл басынан бері 879 адам, яғни 207 отбасы солтүстік және өзге де өңірлерге қоныс аударған. Оның ішінде Павлодар облысына – 320 адам (62 отбасы), Солтүстік Қазақстан облысына – 262 адам (59 отбасы), Шығыс Қазақстан облысына – 146 адам (46 отбасы), Абай облысына – 109 адам (30 отбасы), Қостанай облысына – 30 адам (6 отбасы), Ұлытау облысына – 10 адам (3 отбасы), ал Қарағанды облысына 2 адам (1 отбасы) қоныстанған. Бұл көрсеткіштер өңірлер арасындағы ерікті көші-қонның жалғасып жатқанын аңғартады. Дегенмен қоныс аударған отбасылардың жаңа мекенде тұрақтап қалуы, тұрақты жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік ортаға бейімделуі де назарда болуы қажет. Көші-қон саясатының тиімділігі тек көшіп барған адамдардың санымен емес, олардың жаңа жерде өмір сүру жағдайының жақсаруымен де бағалануға тиіс.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2026 жылдың басынан бері 2 053 этникалық қазаққа (1 070 отбасы) заңды түрде қандас мәртебесі берілген. Олардың шыққан елдері бойынша көрсеткіштер төмендегідей: Қытайдан – 1 238 адам (596 отбасы), Өзбекстаннан – 773 адам (446 отбасы), Қырғызстаннан – 15 адам (8 отбасы), Моңғолиядан – 13 адам (9 отбасы), Түрікменстаннан – 6 адам (6 отбасы), Ресейден – 6 адам (4 отбасы), Түркиядан – 1 адам (1 отбасы) және Тәжікстаннан 1 адам (1 отбасы). Бұл деректер тарихи Отанына оралуға ниетті этникалық қазақтардың бар екенін көрсетеді. Сонымен бірге қандастарды қабылдау үдерісі тек мәртебе берумен шектелмеуі керек. Олардың жұмысқа орналасуы, балалардың білім алуы, тұрғын үй мәселесі және қоғамдық ортаға бейімделуі ұзақ мерзімді қолдауды қажет етеді.
Көші-қон саясатын жаңарту – мемлекеттің демографиялық, экономикалық және әлеуметтік міндеттерін үйлестіруге бағытталған үдеріс. Еңбек ресурстары тапшы өңірлерге халықты тарту, жергілікті экономиканы жандандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту маңызды. Алайда осы мақсаттарға қол жеткізу үшін құқықтық талаптармен қатар, адам факторын да ескеру қажет. Қандастардың жаңа ережелерге қатысты наразылығы мемлекеттік органдар үшін кері байланыстың бір түрі бола алады. Егер азаматтар белгілі бір рәсімнің күрделі екенін, ақпараттың жеткіліксіздігін немесе қолдау шараларына қол жеткізуде қиындық барын айтса, мұндай мәселелерді нақты деректер негізінде зерделеген жөн. Қажет болған жағдайда түсіндіру жұмыстарын жетілдіру, кеңес беру қызметтерін қолжетімді ету және өтініштерді қарау тәртібінің ашықтығын арттыру қоғамдағы сенімді нығайтуға көмектеседі. Сонымен қатар әрбір азамат өз құқығын талап ете отырып, заң алдындағы міндетін де ұмытпауы керек. Мемлекеттік органдардың шешіміне келіспеген жағдайда ресми түсініктеме сұрау, өтініш беру немесе заңда көзделген шағымдану тетіктерін пайдалану әлдеқайда нәтижелі.
Әлеуметтік желідегі пікірталас мәселені қоғам назарына ұсынуға мүмкіндік бергенімен, нақты құқықтық шешімге қол жеткізу үшін тиісті рәсімдерді пайдалану маңызды. Қандастарға қолдау көрсету мен заң талаптарын сақтау өзара сабақтасып, ортақ жауапкершілікке негізделуі тиіс. Өйткені атамекенге оралу – туған жерге табан тіреумен ғана емес, оның тілін, мәдениетін құрметтеп, ел болашағына үлес қосумен де құнды.
Әйгерім ӘБУ

