Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай барысында еліміздегі өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешу жолдарына назар аударды. Президенттің ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік мәселелерді реттеу, құқықтық реформалар мен идеологиялық жұмыстарды жүйелеу жөніндегі бастамалары қоғамды дамытуға тың серпін берері сөзсіз.
Әсіресе, қоғамдық әдепті реттеу, теріс идеологиялардың таралуына тосқауыл қою, отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық тұрғыдан қолдау көрсету – ұлттың болашағына тікелей әсер ететін маңызды бағыттар. Сонымен қатар, кәсіптік-техникалық колледждерді заман талабына сай дамыту, еңбек нарығының сұранысына сай жаңа мамандықтарды енгізу – еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға сеп болатыны анық.
Президенттің ономастика саласы мен марапаттар жүйесін жетілдіру туралы тапсырмасы да өзекті. Бұл – ұлттық сана мен мемлекеттік идеологияны бекемдеуге ықпал ететін маңызды факторлар. Азаматтық қоғамды дамыту, әлеуметтік кеселдермен күрес жүргізу мәселелері де кешенді түрде қаралуы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеологиялық жұмысты жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеу туралы тапсырмасы – ішкі саясаттағы реформалардың жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды қадам. Бұл құжат ел дамуының басты бағыттарын айқындап, ұлттық құндылықтарды нығайтуға негіз болмақ.
Жоғарыда аталған бастамаларды толық қолдай отырып, олардың жүзеге асырылуына қоғам болып атсалысу қажет. Әр азамат ел болашағы үшін жауапкершілік танытып, ұлттық мүддені қорғауға белсенді атсалысуы тиіс.
Күмісжан Байжан
ҚР Мәдениет қайраткері