Атамекен

Қоғамның санасы өзгеріп, азаматтардың талабы күшейді – Жақып Асанов Конституциялық реформа туралы пікірін білдірді

Конституцияға енгізілетін өзгерістер көптің көкейіндегі негізгі сұраққа айналып отыр. Сондықтан Конституциялық реформаның әр азаматқа не үшін қажет екеніне айрықша назар аударылады. Конституциялық комиссияның кезекті отырысында ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов осылай деп мәлімдеді.

«Абай ғұлама заң мен әділдікке көп мән берген. Сөздерінің төркіні: заң дұрыс жұмыс істемесе, әділдік әлсірейді, ал әділдік әлсіресе, қоғамның іргесі сөгіліп, елдің берекесі қашады. Бауыржан Момышұлы осыны: «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп түйіндеген. Яғни Заң мен Тәртіп елді сақтау үшін, жұртты ұйыстыру үшін, әр адамның құқығы мен шегін нақтылау үшін керек», – деп атап өтті ол.

Жақып Асановтың айтуынша, бұл ұстанымдардың негізі заң үстемдігінде жатыр. Ал сол заңдардың түп негізі – Конституция. Конституция – халық пен мемлекет арасындағы негізгі келісім.

«Конституция, ең алдымен еркіндігімізді, ар-намысымызды, меншігімізді қорғайтын құқықтық қалқан. Екіншіден – әрқайсысымызға білім алуға, емделуге, еңбек етуге, кәсіп ашуға мүмкіндік береді. Үшіншідензаң алдында бәрі тең қағидасын бекітіп, әділ қоғамның ортақ стандартын орнықтырады», – деген Сенат Төрағасының орынбасары Конституциялық реформаның негізгі себептеріне тоқталды.

Біріншіден, қазіргі әлемдік жағдай күрделі әрі тұрақсыз. Осындай кезеңде Негізгі заңда біздің қандай ел, қандай мемлекет екеніміз және қандай құндылықтарға сүйенетініміз айқын, нақты, еш күмән қалдырмайтындай шегелеп жазылуы тиіс.

«Конституцияның алғашқы бетін ашқаннан-ақ бағытымыз да, ұстанымымыз да, мемлекет ретінде болмысымыз да анық көрініп тұрғаны маңызды. Екіншіден, біз кеше ғана пайда болған ел емеспіз. Тамыры терең Ұлы Дала өркениетінің заңды мұрагеріміз. Бұл жер бізге оңай келген жоқ. Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалған. Осы жер – бізге мұра болып қалған ең қастерлі құндылық. Сондықтан жаңа преамбулада осы аманат дәл әрі салмақты көрсетілген деп санаймын», – деді ол.

Сондай-ақ, Ата заңымызда Қазақстанның біртұтас ел екені, мемлекетіміз унитарлы, жеріміз бөлінбейтіні, шекарамыз мызғымас екені тайға таңба басқандай жазылған. Сенат Төрағасының орынбасары бұл қауіпсіздігіміздің өзегі әрі баршамызды ұйыстыратын ортақ ұстаным екенін еске салды.

«Үшіншіден, қоғамның санасы өзгерді, азаматтардың мемлекеттік институттарға қоятын талабы күшейді. Демек, мемлекет те заман көшінен қалмай, басқару жүйесін жаңартып, азаматтардың құқығын бұрынғыдан да берік қорғауға міндетті. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған өзгерістерді толық қолдаймын», – деді Ж.Асанов.

Сенат Төрағасының орынбасары сөзінің соңында Конституциялық реформаға қатысты көптеген азамат хабарласып, түрлі сауалдар жолдап жатқанын айтты. Оның айтуынша, «жалақы көбейе ме, зейнетақы өсе ме» деп сұрап жатқандар да бар.

«Конституцияның тікелей мақсаты «ертең-ақ жалақыны көтеру» емес. Оның мақсаты – әділ ереже орнату: ұрлыққа жол бермейтін, әділетсіздікке тосқауыл қоятын, халық қаржысының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін, лауазымына қарамай бәріне бірдей жауапкершілік жүктейтін жүйе қалыптастыру. Дәл осындай жүйе ғана ұзақ мерзімде өмір сапасын жақсартып, табыстың өсуіне жол ашып, қазақстандықтарға мол мүмкіндік береді», – деп түйіндеді сөзін Жақып Асанов.

Exit mobile version