Site icon ATAMEKEN

ҚСЗИ-де жас сарапшылар жаңа Конституцияның негізгі жаңашылдықтарын талқылады

27 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) Конституциялық комиссия мүшелері мен жас сарапшылардың қатысуымен «Конституциялық реформаның негізгі қағидалары: ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында диалог алаңы өткізілді.

Спикерлер ретінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская, саясаттанушы Талғат Қалиев, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры – Басқарма мүшесі Индира Рыстина, сондай-ақ «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова сөз сөйледі.

Іс-шараға ҚСЗИ-дың жас сарапшыларды қолдау бағдарламасы түлектері, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Аналитика мектебінің қатысушылары, сондай-ақ елдің жетекші зерттеу орталықтарының өкілдері: Қазақстандық қоғамдық даму институты, Экономикалық зерттеулер институты, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты және «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері қатысты.

Кездесу сұрақ-жауап сессиясы форматында өтті. Қатысушылар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрғын үй құқықтарын қорғау және көшіру мәселелерін құқықтық реттеу нормаларын, сондай-ақ ұлттық заңнаманың халықаралық шарттармен арақатынасын талқылады. Сонымен қатар өтпелі кезеңнің ерекшеліктері мен салалық нормативтік-құқықтық актілерді жаңа Конституция ережелеріне сәйкестендіру тәртібі жөнінде түсіндірулер берілді. Бұдан бөлек, жаңа институттар – Халық Кеңесі мен Құрылтайдың рөлі, сондай-ақ ұсынылып отырған вице-президент институты мәселесіне айрықша назар аударылды.

Жаңа Конституция жобасында экологиялық қауіпсіздік пен жауапкершілік мәселелерінің қалай бекітілетіні туралы сұраққа жауап бере отырып, Жандос Шаймарданов Конституцияда азаматтардың табиғатқа ұқыпты қарау міндетін айқындайтын, мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау мақсатын белгілейтін, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіп төндіретін фактілер мен мән-жайларды жасыру үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыратын нормаларға назар аударды. «Азаматтарға да, мемлекеттің өзіне, мемлекеттік органдарға, соның ішінде бизнес өкілдеріне де тікелей жауапкершілік жүктейтін нормалар бар», – деді Ж. Шаймарданов.

Талғат Қалиев жаңа Конституция жобасындағы экологиялық күн тәртібіне қатысты ұстанымды толықтыра отырып, тиісті нормаларды Преамбулада айқындалған құндылықтық өлшем аясында қарастырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – бүгінгі ұрпақтың келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігі әрі табиғатқа ұқыпты қарауды дәріптейтін ұлттық дәстүрдің жалғасы.

«…Мұны Преамбулада жазылған қағидалармен сабақтастықта қарастыру қажет. …Егер жер қойнауы мен биоресурстар халыққа тиесілі болса, онда халық оған өз меншігіндей қарап, сақтықпен әрі жанашырлықпен қарауға міндетті», – деді Т. Қалиев.

Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін экологиялық тақырыптың қалай жүзеге асырылатынын түсіндіре отырып, Индира Рыстина бұл нормалардың конституциялық деңгейде бекітілуі салалық заңнаманы дамытудың берік әрі жүйелі негізін қалыптастыратынын атап өтті. «Конституцияда бекітілген кез келген норма алдағы уақытта нақты құқықтық тетіктер арқылы іске асырылады», – деп түсіндірді ол.

Талқылаудың жеке бір бөлігі тұрғын үй құқықтарына арналды. Әлеуметтік кепілдіктер мен тұрғын үй саласындағы құқықтарды қорғау туралы сұраққа жауап бере отырып, Юлия Кучинская үйден шығару істерін қарау барысында, әсіресе балалы отбасыларға қатысты, сот тетігінің міндетті түрде қолданылуы қажет екенін атап өтті.

«Мұндай жағдайда сот тек тұрғын үйден айыру мәселесін ғана емес, отбасының одан арғы тағдырын да жан-жақты ескеруі тиіс», – деп атап өтті депутат.

Тақырыпты жалғастыра отырып, Жандос Шаймарданов ұсынылып отырған ережелер мүдделер тепе-теңдігін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті: жалға алушылардың кепілдіктері күшейтілгенімен, меншік иелерінің құқықтарын қорғау да сақталады. Оның айтуынша, бұл нормалар «қоғамдық келісімшарттың» жаңаруын және азаматтар мүддесі бағытындағы теңгерімнің түзетілуін білдіреді.

«Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде иеленген кез келген мүлікке жеке меншік құқығына ие. Ешкім де өз мүлкінен сот шешімінсіз айырылмайды. Жаңартылған қоғамдық келісімшартта қалыптасып отырған тепе-теңдік дегеніміз – осы», – деді ҚСЗИ директоры.

Тұрғын үй қатынастарын реттеудің практикалық қырларын толықтыра отырып, Индира Рыстина жаңа Конституция жобасының логикасы «заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделетінін айтты. Оның пікірінше, даулы жағдайлардың алдын алудың басты тетігі – шарттық қатынастарды ең әу бастан сауатты әрі құқықтық тұрғыдан дұрыс рәсімдеу.

«Конституцияның елеулі бөлігі «заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген. Осындай күрделі жағдайлардың алдын алу үшін адамдарды тұрғын үйге қоныстандырудың бастапқы кезеңінен-ақ тиісті шарт жасасу қажет», – деп атап өтті Индира Рыстина.

Өтпелі кезеңге қатысты, яғни Конституция қабылданғаннан кейін салалық нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгенге дейін мемлекеттік органдар, бизнес, азаматтар мен соттар қалай әрекет етуі тиіс деген сұраққа жауап бере отырып, Юлия Кучинская құқық қолдану тетігін түсіндірді:

«Егер заң нормасы Конституцияға қайшы келсе, онда ол қолданылмайды».

Одан әрі «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова қолданыстағы нормаларды қолдану мерзіміне қатысты негізгі бағдарды нақтылады:

«Жалпы, бізде негізгі межелі күн бар – ол 1 шілде. Яғни 1 шілдеге дейін біз қолданыстағы Конституция аясында қабылданған барлық нормативтік құжаттар бойынша өмір сүреміз».

Өтпелі кезеңге құқықтық жүйенің дайындығы мәселесін жалғастыра отырып, Индира Рыстина былай деп атап өтті:

«Көптеген нормалар бір деңгейден екінші, неғұрлым жоғары деңгейге ауыстырылды. Яғни бұл Конституциядағы жаңа норма болып көрінгенімен, ұлттық заңнама үшін мүлде жаңа ереже емес. Сондықтан құқықтық коллизиялар туындайды деп ойламаймын».

Ұлттық заңнама мен халықаралық құқықтың арақатынасына қатысты ұсынылып отырған өзгерістер туралы сұраққа жауап бере отырып, Жандос Шаймарданов бұл мәселенің халықаралық сарапшылармен талқыланғанын айтты. Ол сөз халықаралық міндеттемелерден бас тарту туралы емес, оларды ұлттық құқықтық жүйеге бейімдеу арқылы қолдану тәртібін жетілдіру жөнінде болып отырғанын ерекше атап өтті.

«Біз бұл мәселені халықаралық сарапшылармен де талқыладық. Мысалы, АҚШ-та да осындай норма бар. Халықаралық құқық нормасы күшіне енбей тұрып, алдымен оны ұлттық заңнамаға бейімдеу қажет. Біз халықаралық құқық аясында қабылданған міндеттемелерімізді ешқашан жоққа шығармаймыз, бірақ қолдану практикасын өзгертеміз. Олар бірден күшіне енбейді, тек біз заңнамалық нормаларды ратификациялағаннан кейін ғана қолданысқа енеді».

Талғат Қалиев ұлттық заңнама мен халықаралық құқық арасындағы қатынас мәселесін талқылауды толықтыра отырып, қазіргі жағдайда ұлттық құқықтық кеңістіктің басымдығы ішкі егемендікті қорғау құралы болып табылатынын және бұл елдің инвестициялық тартымдылығына нұқсан келтірмейтінін атап өтті.

Қ.Жаманқұлова ұлттық заңнама мен халықаралық құқық арасындағы қатынас мәселесін әрі қарай талқылап, әлемде халықаралық құқықтың абсолюттік үстемдігіне негізделген модельдер аз екенін, олардың көбінесе география мен орта жағдайымен байланысты екенін айтты. Сонымен қатар, Қазақстанда инвесторлар үшін арнайы режимдер мен құралдар қолданыста екенін ерекше атап өтті.

«Бізде АХҚО бар – қаржы орталығы, онда инвестор-резиденттер тіркеліп, британдық құқық негізінде жұмыс істей алады. Инвесторларға арналған мүмкіндіктердің спектрі өте кең. Сондықтан бұл тұрғыда біздің жағдайымыз нашарламайды деп ойлаймын».

Жаңа Конституция жобасына вице-президент лауазымын енгізу және оның 1993 жылғы Конституцияда бекітілген үлгіден айырмашылығы туралы сұраққа жауап бере отырып, Ж.Шаймарданов бұл бәсекелес саяси институт емес, қолданыстағы президенттік лауазымды толықтыратын және мемлекет басшысы анықтаған өкілеттік шеңберінде жұмыс істейтін механизм екенін атап өтті.

Талқылау соңында қатысушылар жоба ережелерінің айтарлықтай бөлігі қазіргі құқықтық жүйеде бар екенін және жоғары деңгейге көтерілгенін, осылайша құқықтық қақтығыстардың қаупін азайтатынына назар аударды.

Диалог алаңы әртүрлі буын сарапшыларының өкілдері арасында мағыналы талқылау және кәсіби ұстанымдар алмасу алаңына айналды.

 

Exit mobile version