Site icon ATAMEKEN

Құбыр шығаратын зауыт

Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылында «Plast Invest Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құбыр шығаратын зауыты жұмыс істейді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал еткен кәсіпорынның өнімдері қазіргі заманғы сұранысқа сай келеді.
Мұнда құбыр полиэтилен материалынан дайындалады. Ол өнімдер ауызсу, газ және кәріз жүйелеріне арналып тиісті пішінде және көлемде қалыпталады. Аталған серіктестіктің бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Өмірғали Шпекбаевтың айтуынша, осындай құбырлардың түрлі диаметрдегі бірнеше түрі шығарылады. Сонымен қатар пластикалық ыдыс, болат фланец, шыны-пластик арматуралар да өндіріледі. Полимер материалдары нарығында қазір мұндай тауарларға сұраныс уақыт өткен сайын өсе түсуде. Пластикалық құбырларға деген қажеттілікті қанағаттандыру мақсатында кәсіпорын 2009 жылы ашылған. Жұмысы уақыт өте жолға қойылып, өнімнің түр-түрін тұтынушыға жөнелтіп келеді. Зауытқа жергілікті тұрғындар көптеп жұмысқа тартылған.
Өндіріс орны нарықта өз орнын тауып, тұрақты жұмыс істеп келеді. Тауарды уақытында тиісті орындарға жеткізу ісі мұнда жүйеге келтірілген. Кәсіпорын бүгінде полиэтилен құбырларын шығару ісінде алдыңғы қатарлы өндіріс орны саналады. Компания әр түрлі қолданысқа арналған төмен қысымды, тығыздығы жоғары «HDPE 100» маркалы полиэтиленнен тауар өндіруге мықтап маманданған. Түрлі өлшемдегі құбырлар, шыны-пластик арматуралар, суға арналған ыдыстар сапалы дайындалады. Өнімнің барлығына тиісті сертификаттары бар. Жүз адам еңбек ететін зауытта заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, жаңа технология қолданылады. Зауытта жылына 18 мың тонна өнім өндіріледі. Компания басшылығы нарықтағы сұранысты зерттеп, тұтынушыға керекті өнім түрлерін шығаруға баса мән береді.

Exit mobile version