Қайырлы күн, құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді барша мұсылман үмметі асыға күтетін қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Құрбан айт – халқымыздың бірлігі мен ынтымағын, мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын дәріптейтін, ізгілікке үндейтін ерекше рухани мереке. Бұл күндері қайырымдылық жасау, мұқтаж жандарға көмек көрсету, өзара сыйластық пен қоғамдық тазалықты сақтау – барша азаматтың ортақ міндеті.
Алла Тағала осы айт күндерінде жасалатын барлық құлшылық-ғибадаттарымызды, шалынатын құрбандықтарымызды және атқарылатын игі істерімізді қабыл етіп, әрбір шаңыраққа амандық, бірлік, ырыс пен береке, елімізге тыныштық пен тұрақтылық нәсіп етсін.
ҚМДБ-ның шешімімен 2026 жылы:
- 26 мамыр – Арапа күні
- 27 мамыр – Құрбан айттың бірінші күні
Құрбан шалу уақыты 27 мамыр күні айт намазы оқылып болғаннан кейін басталып, 29 мамыр кешкі ақшам намазына дейін жалғасады. Айт намазы Алматы облысының мешіттерінде таңғы сағат 06:00-де оқылады.
Ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалу – шамасы жеткен мұсылманға уәжіп. Яғни күнделікті қажеттілігінен бөлек, жеткілікті мүлкі бар әрбір мұсылманға құрбан шалу міндет болып саналады.
Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында биыл да құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылады. Қашықтан құрбан шалу үшін арнайы qurban.muftyat.kz сайты іске қосылған.
ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ
Құрбан айт мерекесі қарсаңында Алматы облысында дайындық жұмыстары заңнама талаптарына, санитариялық-ветеринариялық қауіпсіздік нормаларына және қоғамдық тәртіпті сақтау талаптарына сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде.
Өңір аумағында құрбандық шалу үшін 29 арнайы стационарлық орын белгіленді.
Барлық нысандар ветеринариялық-санитариялық тексеруден өтіп, талаптарға толық сәйкес деп танылды.
Әрбір мал сою орнына жауапты ветеринариялық-санитариялық инспекторлар бекітілген.
Маңызды:
- Мешіттерде мал сою ұсынылмайды
- Құрбандық тек арнайы белгіленген орындарда жүргізілуі тиіс
Арнайы рұқсат етілмеген аумақтарда мал сою:
- санитариялық талаптардың бұзылуына
- қоршаған ортаның ластануына
- қоғамдық наразылықтарға әкелуі мүмкін
Осыған байланысты бақылау шаралары күшейтіледі.
БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК
Мереке күндері:
- құқық қорғау органдары
- ветеринариялық қызметтер
- жергілікті атқарушы органдар
тарапынан:
- қоғамдық тәртіпті сақтау
- санитариялық тазалықты қамтамасыз ету
- заңсыз мал сою фактілерінің алдын алу
- қоғамдық тұрақтылықты сақтау
бағытында кешенді бақылау жүргізіледі.
Бұл шаралар Қазақстан Республикасының:
- «Ветеринария туралы» Заңы
- «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Заңы
талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
САНИТАРИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР
Құрбан айт кезінде тұрғындардың денсаулығын қорғау мақсатында келесі талаптарды сақтау маңызды:
1. Құрбандық шалу орындары:
- тек арнайы бекітілген орындарда жүргізілуі тиіс
- едені бетон, асфальт немесе жуылатын жабындымен қапталуы қажет
- таза ауыз су және кәріз жүйесі болуы міндетті
- мал міндетті түрде ветеринариялық тексерістен өтуі керек
2. Ет өнімдерін өңдеу:
- жеке гигиена сақтау
- құрал-саймандарды үнемі жуу
- етті күн астында қалдырмай, салқын жерде сақтау
3. Ас беру кезінде:
- тағамды толық пісіру
- дайын асты 2 сағаттан артық бөлме температурасында ұстамау
- қолды сабындап жуу
Талаптар сақталмаған жағдайда:
- сібір жарасы
- бруцеллез
- лептоспироз
- сальмонеллез
сияқты қауіпті аурулардың таралу қаупі бар.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жалпы алғанда, Алматы облысында Құрбан айт мерекесіне дайындық жұмыстары толық және жүйелі түрде жүргізілуде. Негізгі мақсат – тұрғындардың діни рәсімдерді қауіпсіз, заң талаптарына сай және ұйымдасқан түрде өткізуіне барлық жағдай жасау.
Қадірлі ағайын!
Осы қасиетті күндері жүректерімізге иман нұры ұялап, ниеттеріміз қабыл, дұғаларымыз қабыл болсын! Әр шаңыраққа амандық, береке, бірлік тілейміз!
Құрбан айт мүбәрак болсын!
Назарларыңызға рақмет

