Жекелеген азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпті бұза отырып, азаматтарды рұқсат етілмеген митингілерге қатысуға шақыруларды тарату үшін әлеуметтік желілерді пайдаланады.
Бейбіт жиналыстарды өткізу үшін хабарлау тәртібі заңмен белгіленген.
«Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес митингі өткізу белгіленген күнге дейін 5 күн бұрын жергілікті атқарушы органға жазбаша хабарлама жіберу қажет. Онда қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты ұйымдастырушылар мен тұлғалардың мақсаты мен нысаны, деректемелері көрсетіледі (Заңның 10-бабы). Бұл хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімдіктердің қарауына жатады (Заңның 11-бабы). Осы 3 күннен кейін жауап болмаса, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиын өткізуге құқылы.
Тиісінше, Заңды бұза отырып өткізілген митингілерге қатысу заңсыз болып табылады және ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша 25 тәулікке дейін қамауға алуға әкеп соғады.
Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқтырса, Қылмыстық кодекстің 400-бабы (200 АЕКке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары немесе 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу) бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды. Құқық қорғау органдары белгiленген тәртiп пен қоғамдық қауiпсiздiкке нұқсан келтiретiн заң бұзушылықтардың жолын кеседi, сондай-ақ олардың алдын алу бойынша заңда көзделген шараларды қабылдайды.
Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабының талаптарына сәйкес, пикеттеу, жиналыс, митинг нысанында бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға өткізілетін күніне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қағаз жеткізгіште немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында береді. Хабарламаның жергілікті атқарушы органда тіркелген күні бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны беру күні болып табылады.
Бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламада: бейбіт жиналыстың мақсаты; бейбіт жиналыстың нысаны; бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы азаматының, оның өкілінің (болған кезде) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жері немесе уақытша болатын (тұратын) жері не бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушы заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жері; бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орын, пикеттер үшін – өткізу орны; бейбіт жиналыстың басталатын және аяқталатын күні, уақыты; қатысушылардың болжамды саны; киіз үйлер, шатырлар мен өзге де құрылысжайлар орнату туралы мәліметтер; осы Заңда көзделген жағдайларда дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды, плакаттарды, транспаранттарды және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын пайдалану ниеті; пикеттеуді қоспағанда, ұйымдастырушы бекіткен бейбіт жиналыстар өткізу регламенті; бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) электрондық пошталық мекенжайы, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі; бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының, оның өкілінің (болған кезде) хабарламада көрсетілген өз дербес деректерін жинауға, өңдеуге келісімі; бейбіт жиналыстар өткізуді қаржыландыру көздері; бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаның берілген күні және ұйымдастырушының немесе оның өкілінің (болған кезде) қолтаңбасы көрсетіледі.
Осы аталған заңның 18-бабы 1-тармағына сәйкес, бейбіт жиналыстарды тоқтату негіздері азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке және (немесе) қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатердің төнуі, мүлікке, оның ішінде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орынның шекті толу нормасынан асып түсу салдарынан нұқсан келтіру; әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзуға үндеулер; бейбіт жиналыстарды өткізу нысанын өзгерту; осы Заңның 17-бабының 3-тармағында көзделген жағдай; ұйымдастырушының бейбіт жиналыс өткізуден бас тартуы; бейбіт жиналыс өткізу уақытының өтуі болып табылады.
Осы заңның 20-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу оны ұйымдастырушылар мен қатысушылар үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа және Қылымыстық кодексінің 400-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.