Четверг, 25 апреля, 2024
Басты бетЖаңалықтарҮздік отбасылар марапатталды

Үздік отбасылар марапатталды

   Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылы 6 желтоқсандағы №250 жарлығына сәйкес  «Мерейлі отбасы» ұлттық сайысы өткізіліп келеді.  Биыл бұл байқау  8 рет өткізіліп, ауданның бірнеше отбасысы қатысып, өз бақтарын сынады. Нәтижесінде біздің аудан бойынша 2 отбасы өзге отбасылардан оқ бойы озып, алға шықты. Олар, Асқаровтар және Мамедовтар әулеті. Бұл  байқаудың аудандық кезеңі  4 мамырда өткен болатын.

    «Мерейлі отбасы» жобасының басты мақсаты қазақстандық отбасының жағымды имиджін, сонымен қатар отбасы институты, адамгершілікті, руханилықты,  ата-ананың жауапкершілігін, отбасылық құндылықтарды  насихаттау дейді ұйымдастырушылар.

  Үздік отбасыны анықтау барысында отбасы мүшелерінің жетістіктерінің саны мен маңызына, отбасылық дәстүрлер мен жәдігелерге, отбасының рухани-адамгершілік құндылықтарына, балалардың жетістіктеріне, түп тамырын білуіне, отбасының дарынына, өмір сүру стиліне назар аударылған.

   Бүгін осы байқаудың жеңімпазы деп танылған отбасыларды аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Нұрлан Ертасұлының алғыс хаттарымен марапаттап, жүлделерін тапсырды.

   Соның ішінде Асқаровтар әулеті «әлеуметтік-қоғамдық белсенді жанұя» номинациясы бойынша марапатталды. Жалпы Асқаровтар әулетіне тоқтала кетсек,  бұл отбасы 4 қыз, 1 ұл, 5 немере, 1 шөбереден тұратын көпбалалы әлеуметтік-қоғамдық белсенді жанұя. Асқаровтар отбасының отағасы Мұғалімбек Асқаров өмірден өткеннен соң жары Бибінұр Жылқыбайқызы балаларына әке орнын жоқтатпай тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда зейнет жасында болса да ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, қызмет етуде.

   Бибінұр Кіндікбайқызының үш қызы мен бір ұл-қыздары да ел мүддесі үшін қызмет етіп жүрген жандар. Мәселен, Бибінұр Кіндікбайқызының қызы Гүлзат I топ мүгедегі болса да ауданымыздағы  мүгедектерге көмек көрсету қоғамдық бірлестігі төрайымы. Ал Ләззат қаржы экономист мамандығын  игерген болса, Лаура «Жібек жолы» мейрамханасының меңгерушісі, Әлия жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ұлы Алтай аудандық Мәдениет үйіндегі «Сүйінбай» халық театрының актерлігімен қатар әншілік пен асабалықты жанына серік қылған бесаспап жігіт.

  Ал «қоғамдық белсенді, жан-жақты жанұя» номинациясымен марапатталған Мамедовтар отбасы туралы айтсақ, бұл отбасының отағасы Мадат Мамедов  әр жылдары «Bек» корпорациясында, «Имсталькон» ЖШС-де, «Қуат-сантехмонтаж» сынды компанияларда газ және электр дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда ІІІ топ мүгедегі. Бірақ ол мүгедекпін деп қол қусырып отырған жоқ.

Мадаттың жары  Зияш Мамедова Қарғалы ауылындағы «Асыл әже, ару келін» халықтық ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қарғалы ауылдық округ әкімшілігі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы. Қарғалы ауылы №19 кітапханасы жанындағы «Қарғалы әдебиеті», «Қарғалы қарлығаштары» атты әдебиет үйірмелерінің, «Асыл мұра» өнерлі әжелер мектебінің жетекшісі  сынды қоғамдық жұмысқа жан-жақты атсалысып жүрген ардақты аналардың бірі. Мадат Мамедов пен Зияш Смағұлқызының қыздары да еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген аяулы жандар. Мәселен,  Заира Мадатқызы «Жусан» банкте қаржы саласында қызмет етсе, Зарина «My Business.kz» онлайн-журналының коммерциялық директоры, Фариза «Форте» банктің менеджері болып қызмет етеді.

Жоғарыда марапатқа ие болған екі отбасының мүшелерінің әрқайсысы да өлеңге, өнерге жақын жандар. Осы қасиеттері бағаланып, марапат алған Асқаровтар мен Мамедовтер әулетін біз де жеңісімен құттықтап, отбасыларынан құт-береке қашпасын деп тілейміз!

Елдар Еркін

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments