Пятница, 29 марта, 2024
Басты бетРухани жаңғыруҮмбетәлі мен Нұриланың айтысы

Үмбетәлі мен Нұриланың айтысы

                         туралы  Саяділ  Керімбековтың  нұсқасы  не  дейді?

Осыдан 100 жыл бұрын  Дулат елінің байы Ысмайылдың баласы Қасым алпысқа жасы келгенде ұлды болып, ұлан-асыр той жасайды. Осы жасқа дейін ұрпақ сүймеген, мыңғырған малы бар Қасым ұлды болғанын өз өңіріне жар салып, қуанып той жасамақ ниетпен Дулат пен Шапырашты елінің кіл мықтыларын шақыртады. Ол тойға Жамбыл, Кенен, Саяділ, Зинаділ, Бармақ, Шүкітай, Үмбетәлі мен Нұрила шақырылады. Бұл тойда осы ақындардың ішінен Үмбетәлі мен Нұрила айтысып, жыр алыбы Жамбыл оларға қазылық етіп, төрелік етеді. Бүгінгі күнге бұл айтыстың үш түрлі нұсқасы жеткен.

Айтыстың қалай өткеніне тоқталсақ, ұлды болған Қасым жан-жаққа жар салып, өнер адамдарын жиып, бәйге шаптырып, көкпар беріп, балуандар күресін өткізеді. Екі күн бәйге, бір күн көкпар, бір күн күрес сияқты ұлттық ойындардан кейін Қасым енді ақындар айтысын ұйымдастыруға бел байлайды. Алдымен Бармақ, Саяділ, Кенен, Үмбетәліні айтыстырмақ болады. Сонда Бармақ ақын Кененнің жас, әрі бабында екенін айтып, «одан оза шаба алмаспын бүгінгі кезекті Кененге берейін, біздің дәурен өтті-кетті, бұрынғыдай мені қолдап-қоштайтын Сәт болыс та жоқ. Кезінде сол Сәттің, Мәңке мен Алпысбайдың, Шәбден манаптың алдында талай додаға түстім, менің дүрілдеп тұрған заманым сол шақ еді. Қазір енді қауқар жоқ, жасым болса қырық сегізге келді, өз кезегімді әнші, әрі ақын Кененге беремін» дейді. Кенен Бармақтың сөзін жалғап, оның расымен қартаң тартып қалғанын айтып, өзінің де айтысқа соншалықты ебі жоқтығын, Үмбетәлінің алты алашқа аты жайылғанын айта келе, кезекті Үмбетәліге береді:

«Ал, Үмбет, аламысың, келді кезек,

Домбырам жұлқынады сені кезеп.

Қиынға қия шапқан жүйрік едің,

Адырға алғызбайтын бойын тежеп.

Ақын жоқ бұл өңірде сенен өткен,

Самғайтын сан қараға тілді безеп.

Ұтылып сөйлер сөзден отырғанда

Күлгізіп кетпеймісің бірдеме деп, – дейді.

Кененнің бұл сөзін іліп әкеткен Үмбетәлі Бармақ пен Кененнің не үшін бұлай сасқанын түсінбей дал болғанын айтып, өзі Сүйінбайша айтысатынын, бүгін өзімен сөз сайысатын әйел заты кезіксе тіпті жақсы болар еді деген емеурінін өлеңіне қосып айтады. Үмбетәлінің осы сөзін күтіп отырғандай Зинаділ деген жігіт, «Біздің елде сенімен тайталаса алатын бір мықты ақын бар. Сен одан жеңілмесең жеңбейсің. Оның аты – Нұрила. Нұрила бұл айтысқа келсе, сенің жазаңды беріп, мына тойдың көркін қыздырар еді. Бірақ оны күйеуі жібере қоймас. Сондықтан осындағы үлкендер хат жазып, Табылтай мен Иманбайды жіберсе дұрыс болар еді. Нұриланы сөйтіп алдыртайық. Әйтпесе, күйеуі анау-мынау кісіге оны қосып жібере қоймайды» дейді.

Зинаділдің сөзін естіген Саяділ бірден Нұрилаға хат жазып, Иманбай мен Табылтайды аттандырып, Нұриланың мініп келуіне лауға жорға атты жетектетіп жібереді.

Иманбай мен Табылтай Нұриланы іздеп барса, жиырма бес жастағы жас келіншек жаңадан босанып, үйінде құндақтаулы сәбиін бауырына басып отыр екен. Келген екі қонақты қарсы алып, Саяділдің жазған хатын оқыған соң өзінің де айтысты сағынып қалғанын айтады, делебесі қозып, күйеуінен рұқсат сұрайды. Сонда күйеуі босанғанына небары үш күн болған келіншегіне «бармайсың!» деп ұрсып, рұқсат бермейді. Нұриланы айтысқа жібермеймін деп қасарысқан күйеуіне Табылтай мен Иманбай «жәкетайлап» жалынады. Екі үлкен кісінің күйеуіне өтініп тұрғанын көрген Нұрила күйеуіне: «Баланы бір күн қараңыз, бір түнгі ұйқыңызды төрт бөлсеңіз айып етпес. Айтыс аяқтала сала үйге жеделдетіп жетемін. Рұқсатыңды бер, баланы жаратқан Алла бір күнге аш қалдырмас. Батаңды бер!», – деп қиыла өтінеді. Ақыры күйеуі оның дегеніне көніп, рұқсатын береді.

Нұрила Иманбай мен Табылтай арнайы жетелеп келген жорғаға мініп, жанына екі-үш қыз-келіншекті ертіп, айтысатын жерге келеді. Атынан түспестен домбырасын қолына алып, бұл тойға шақыртқан үлкендерге алғыс айтып, жуырда сәбилі болғандықтан осында құла  жорғамен әрең жеткенін, айтыста Дулат бабасының аруағы қолдап, жеңіске жететінін сөзге қосады. Нұриланы сол тойға жиылған жұрт қошеметпен қарсы алып, ақындар отырған киіз үйге кіргізеді. Киіз үйге домбырасын тарта келген ол қонақтардың бәрімен амандасып, қал-жағдайын сұраған соң өзінің атақ-даңқы алты алашқа мәлім екенін, күйеуге шыққан соң «қатын ақын» атанғанын, жаңа босанса да осы айтысқа құндақтағы сәбиін тастап арнайы келгенін мәлім етеді.

Нұриланың сөзін естіген Жұбаныш Бәрібаев: «Жеңгей, сіздің жас босанғаныңызды білгеміз жоқ. Қателескен екенбіз. Қайтыңыз. Балаңызға обал болады. Тезірек үйіңізге оралуыңызды өтінемін», – деп жанашырлық танытады.

Сөйтіп тұрғанда Зинаділ, «Мен Нұриланың кері қайтқанына қарсымын. Бұл тойға біз Кенен, Бармақ, Үмбетәліні әдейі айтыстыруға шақырдық. Кенен мен Бармақ айтысудан бас тартты. Ал Үмбет ақын өз райынан қайтпаймын, айтысатын қатын тауып бер деген соң сені арнайы алдырттық. Сен атың шартарапқа мәлім ақынсың. Еркектермен  дәрежең тең. Бүгін Үмбетәліні жеңіп, бір пайдаңды тигіз», – деп қолқа салады.

Нұрила домбырасын қайтадан қолына алып, келген қонақтардың ішінен Кененді көруді арман етіп жүргенін, Бармақ ақын мен Кененге қарсы келе алмасын өлеңіне қосып, Үмбетәліге қарсы шығатынын айтады. «Менімен талай ақын айтысып, жеңіліп қалған. Сен де солар сияқты осы жерде жеңіліс тауып, ертең сасық ақын атанып жүрме», – деп Үмбетәлінің қытығына тиеді. Нұриланың бұл сөзіне шыдап тұра алмаған Үмбетәлі: «Нұрила, сенің арының жаман емес екен. Бұл қалпың маған ұнап отыр. Бірақ менің жанымды шығарамын деп отырғанда өзіңнің жалының шығып жүрмесін. Мен талай топта оза шапқан жүйрікпін. Сен өз байыңды жеңген қатын болсаң да мені жеңуің екіталай. Сол үшін аузыңа абай бол. Үндемеген соң елді қырып-жойып барасың, сөзіңді сүзгіден өткізіп айт.  Байтал шауып бәйге алмас» деген мәтелдің парқын біл. Айтар сөзіңе ие бол, ұятты біліп, байқап сөйле», – дейді.

Үмбетәлі ақынның бұл сөзіне Нұрила: «Мен байтал болсам, сен сәуріксің. Яғни, үйірге қосылмаған айғырсың. Байтал сен сияқты сәурікке дес бере қоймас. Сен сияқты мені аламын деген талай сәурік ақырында өз қиын өзі иіскеп жеңіліс тапқан. Мен сені жеңбесем, жеңілмеймін!», – дейді.

Нұриланың бұл сөзіне  Үмбетәлі былай деп жауап қайтарады: «Менің айтқан сөзіме неге бұлай шамданасың. Мені біресе ақымаққа, енді бірде сәурікке теңедің. Сендей байталды мендей айғыр қуған соң құлындайды. Өзіңді де бір айғыр қуып, содан бала тауып отыр екенсің. Сол баланы кеше ғана тусаң да жөргегін жумай, бұл тойға жетіп келуің қай білгенің? Сен сияқты қатыннан жеңіліп маған не көрініпті. Екі ауыз сөз айтсам ерте шауып, кеште озған шаңыма да ілесе алмассың.  Сенен жеңілгенше үйді көрмей өліп кеткенім артық», – дейді.

Үмбетәлінің балаңның жөргегін жумай бұл тойға келгенің қай сасқаның дегеніне Нұрила: «Мен жумай кеткен сол жөргекті сенің тіліңмен тазалатамын. Сен нәпсіңе ерік беріп, жеңілгеніңді мойындаған түрің осы болды. Мен сені ақын екен десем, нағыз шатақтың бірі екенсің. Мен сені осы жерде жеңіп, сенің маған тең келмейтініңді дәлелдейін», – деп сөзін жалғап кетеді. Осылайша екі ақын күні бойы бірімен-бірі айтысып, бір-біріне дес бермей, айтыстың көркін қыздырады. Айтыс күн ұзаққа созылып аяқталуға таяғанда Нұрила Үмбетәлінің күйеуден қайтқан қарындасы Алтынай туралы айтып, Үмбетәліні кемсітпек болады. Осы кезде Үмбетәлі Нұриланың айтқан сөзі жанына батқандықтан орнынан үш тұрып, үш отырып, маза таппай кетеді. Нұриланың өзінің қарындасы туралы айтқан сөздері шындыққа жанаспайтынын айтқан Үмбетәлі Алтынай бірінші күйеуінен қорлық көрген соң ажырасқанын, қазіргі таңда өз теңін тауып, бақытты ғұмыр кешіп жатқанын айтып, Нұриланың сөзінің жала екенін дәлелдейді.

Осы бір шиеленісті сәт туралы  Саяділ ақын былай дейді: «Қарындасын сөз еткенде Үмбетәлі не істерін білмей абдырап қалды. Орнынан тұрып ары-бері қадамдауға да шамасы келмеді. Нұриланың бұл айтқан сөзіне ел дүрлігіп, «Артық кеттің. Қаншық ит сияқты жараланған жерінен қаптың. Сенікі дұрыс болмады» деп шуға басты. Үмбетәлі өзінің қарындасының ары таза екенін айтып ақталса да бұл жолы айтыста Нұрила жеңген болды. Оның жеңгеніне қуанған Жұбаныш Бәрібаев ақынға мың теңге сыйлық береді. Нұриланың бұл айтыста жеңіп, олжалы болып келгенін көрген күйеуі үндемей, жылы шыраймен қарсы алыпты. Бірақ осы айтыс өткеннен кейін көп ұзамай Нұрила айықпас дертке душар болып, оған дауа таба алмайды. Қанша тәуіп пен бақсыға барса да ем қонбайды. Сол кезде ол: «Мен Үмбетәлімен айтысқанда қарындасы некесіз егіз ұл тапты деп өтірік айтқаным дұрыс болмады. Сол өтірік сөзім Үмбетәліні жеңуге себепші болды. Мен ол айтыста Үмбетәліні жеңдім. Бірақ Үмбет ақын менен де мықты екенін дәлелдеді. Бұл дерт Үмбетәлінің маған деген назасынан жабысқан сияқты. Көзім тіріде оның менен де мықты ақын екенін мойындайын. Оның аса қуатты ақынның бірі екеніне көзім жетті. Қызыл тілді құр безеймін деп біреудің назасынан дертке душар болғаным, соның зардабынан мына өмірге қош айтатыным неткен өкінішті»,– депті ақырғы сәтінде.

Бұл Саяділ Керімбековтің хатқа түсіруі бойынша бізге жеткен Үмбетәлі мен Нұрила айтысының нұсқасы. Ал, енді авторы белгісіз тағы бір нұсқа мен Р.Кереевтің жазбасымен жеткен нұсқада Нұрила мен Үмбетәлі айтысына жасы жетпіске келген Жамбыл төрелік етті делінеді. Ол айтыста Үмбетәліден оза шапқан Нұрилаға Жамбыл батасын беріп, «жаңа туған нәрестең қара табан болып ширағанда біздің үйге келіп қонақ бол» деп шақырған деседі.

Иә, Үмбетәлі мен Нұриланың бұл айтысы осыдан 100 жыл бұрын өтсе де әлі діттеп, жан-жақты зерттеуді қажет ететін әдеби мұраның бірінен саналады. Ол енді келер күндердің еншісіндегі жұмыс екені даусыз. Қазақтың ұшан-теңіз фольклорлық мұрасының қоржынында жатқан небір інжу-маржан айтыстардың қатарында тұрған Үмбетәлі мен Нұриланың айтысына әдебиеттану ғылымы өзінің нақты бағасын беретін уақыт та алыс емес деп білеміз.

Елдар  Жақыпбеков

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments