ATAMEKEN

Ұзынағашта «Ақ әжелер» ансамблінің 40 жылдығы аталып өтті

16 қазан күні Ұзынағаш ауылында ел өнері мен ұлттық салтын дәріптепжүрген Күміс Пармашқызы атындағы «Ақ әжелер» ансамблінің 40 жылдықмерейтойына арналған салтанатты кеш өтті.

Мерекелік шара дәстүрлі «Шашу» тәттілерін шашудан, «Ақ әжелер» ансамблінің орындауындағы сыңғырлаған әуезді әндермен басталды. Кештің алғашқы бөлімі «Сүйінбай атындағы халық театрының» әсерлі қойылымымен ашылып, жиналған қауымды бірден өнер әлеміне баурап алды. Сондай-ақ, мерейтойлық кештің басты сәттері ретінде ансамбльдің құрылу кезеңі мен қиын-қыстау еңбек жолдарынан сыр шертетін арнайы тарихи бейнетаспа көрермен назарына ұсынылды. Көрсетілім арасында ансамбльдің аяқтан тұруына және Мәскеуге жасаған сапарларына ерекше қолдау білдірген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі ерекше аталып өтті. Сонымен қатар, сол кездегі Идеология хатшысы Зәуре Қадырқызының да сіңірген еңбегі тілге тиек етілді.

Салтанатты жиында Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас сөз сөйлеп, өнер ұжымын 40 жылдық мерейтойымен құттықтады. Ол Күміс Пармашқызының еңбек жолына, ардақты аналардың ел өнерін дамытудағы еңбегіне арнап ақжарма тілегін білдірді. Артынша марапаттау рәсімінде «Ақ әжелер» ансамблінде қазіргі уақытта өнер көрсетіп жүрген аналарымызға арнайы мақтау қағаздары мен гүл шоқтарын табыс етті.

Мерейтой аясында ансамбльдің 40 жылдық шежіресі мен жүріп өткен даңқты жолына арналған «Өмірлері өнермен өрілген» атты арнайы кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың лентасын кесу құрметі аудан әкімі Нұрлан Ертасқа, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері Күмісжан Байжанға және Жамбыл аудандық ардагерлер ұйымының төрағасыЕскелді Қасымұлына бұйырды.

Салтанатты бөлімнен соң кеш қонақтарына өз кезегімен арнайы сөз алып, «Ақ әжелер» ұжымына арналған ізгі тілектерін жеткізді. Кеш соңы әсем әндерменөрілген мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Күміс Пармашқызының тағылымға толы өмір жолы мен ансамбль ұжымының ерлікке бергісіз еңбектері мерейтойға жиылған көрермен қауымды толқытпай қоймады. Салтанатты кеш өнегелі ғұмырнамалық тарихи деректер мен құндылығы жоғары естеліктерге толы болды.

Осы орайда, «Атамекен» газетінің ұжымы ардақты әжеміз Күміс Пармашқызын және «Ақ әжелер» ансамблінің аналар құрамын 40 жылдық мерейтойлы салтанатымен құттықтаймыз! Саф өнердің сазды әуенін сыңғырлаған әсем дауыстарымен халыққа жеткізіп, ғұмыр жолдарын қазақтың киелі сахна өнері мен салт-дәстүріне арнаған асылдай аналарымызға зор денсаулық пен қажымас қайрат тілейміз!

Exit mobile version