Ел ішіндегі тұрақтылық пен ұлтаралық татулық жайлы сөз болғанда ең алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясы ойға оралады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап-ақ мемлекеттігіміздің басты қазынасына айналған маңызды мекеменің қызметіне тоқталмай болмас. Кезінде «ырыс алды – ынтымақ» деген аталы сөзді ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбітшілік пен келісімнің алтын діңгегі болып, отыз жылдан астам уақыт бойы ел бірлігін бекемдеуде өзіндік тарихи миссиясын атқарды. Ал бүгінде заман талабына сай, «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң аясында бұл жүйе жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, Қазақстан Халық Кеңесі болып қайта жаңғырды. Иә, институттық атаулары мен заңнамалық негіздері жаңарды. Алайда, мемлекеттік реформаның түпкі мұраты – баяғыдан қалған «Бірлік» сөзінің астарын ұғынып, әрбір шаңырақтың ынтымағын берік етуге қызмет етіп жүр.
«Қағаздағы сөз – су бетіндегі жазудай, ал халықтың жүрегіндегі бірлік – тасқа қашалған таңбадай» екені анық демеуші ме еді. Ұлттың ұйысуы мен ұлтаралық жарасымды ресми жиындардан кездестіру бір бөлек. Алайда, ең алдымен қарапайым халықтың күнделікті тіршілігінде көрініс тапқан татулық пен бірліктің жөні мүлдем басқа.
Әдетте, сан алуан ұлыс өкілдерінің бір ортаға шоғырлануы, алуан түрлі мәдениеттер мен салт-дәстүрлердің біте қайнасып тоғысуы тек мегаполистер мен үлкен шаһарлардың өресіне сай келетін заңдылық сияқты еді. Алайда, Алатаудың баурайында ірге тепкен Жамбыл ауданының орталығы – салтанаты мен берекесі жарасқан Ұзынағаш ауылына аяқ басқанда бұл қалыптасқан түсініктің астары әлдеқашан арнасын өзге бағытқа бұрғанына көз жеткізесіз. Киелі мекенге бергісіз бұл аймақ өзінің шағын ауылдық сипатына қарамастан, түрлі этнос өкілдерінің шынайы бауырмалдығымен жарасым тапқан. Бір ауланың ыстық атмосферасын сан алуан мәдени тұтастықпен жандандырып жіберетін ерекше жандардың ынтымағымен оқшауланып тұратындай.
Мен бүгінгі сапарымды дәл осы Ұзынағаштың тыныс-тіршілігін сезініп, осы топырақты мекен еткен қарапайым жандардың өмір жолы мен тағдыр тарауын өз көзіммен көріп, жүрекпен түйсінуге арнаған едім.
Алғашқы жүздесуім ауылдың қайнаған ортасы Сүйінбай көшесінің бойындағы «Тянь-Шань» дүкеніне қарама-қарсы орналасқан, бұрқыраған дәмді салаттар мен милли дәмдер сататын шағын бұрышқа бас сұғумен басталды. Дүкенге кіргеннен-ақ сөре артында күлімдеген жарқын жүзімен тұтынушыларын ақжарқын қарсы алып тұрған дұңған қызы Жәмилә (жақындары Жаңне деп атайды екен) тәтемен шүйіркелесіп кеттік.
Бұл кісінің осы сауда саласында еңбек етіп жүргеніне жарты ғасырға жуық уақыт болыпты. Жәмилә тәтемен сырласқан сәтте, оның жай ғана сауда иесі емес, елдегі саяси-әлеуметтік өзгерістер мен реформалардан да толық хабардар, халықтың күнделікті тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік түйткілдеріне бей-жай қарамайтын парасатты жан екенін ұқтым. Ол өз сөзінде соңғы уақыттағы салық жүйесіндегі енгізілген өзгерістер мен қарапайым бұқараның әлеуметтік-экологиялық жағдайын тілге тиек етіп, кіші және орта бизнес өкілдерінің тұрмыс-тіршілігін ойлап толғанатынын жасырмады. Өзінің күнделікті тұрғындармен тілдесуінде орыс тілінде сөйлесу оңайырақ болғанымен, қазақ тілін толық түсінетінін, тіл табысудағы ең оңтайлы қолданыс тілі екенін айтты. Тұтынушыларымыздың басым бөлігі мемлекеттік тілдің мән-мағынасын терең түсініп, қазақы болмысқа әбден сіңісіп кеткендігін жеткізді.
«Анам жас кезінен осы жерде салат сатты, кейін оның орнын мен бастым. Бұл біздің әулетке дарыған асыл аманат әрі тұрақты кәсіп. Ұзынағаш көпұлтты өңір ғой. Біздің де көршілеріміз бен тұтынушыларымыз әртүрлі ұлт өкілдері. Қазақтар, ұйғырлар, бәріміз бір атаның баласындаймыз. Тіл табысу, өзара түсінісу біз үшін ешқашан қиындық тудырған емес. Негізінен орысша сөйлесу оңайырақ болғанымен, қазақша да жақсы түсінеміз, керек жерінде өз ойымызды білдіре аламыз. Бізді қынжылтатыны – қазір барлық кәсіпкерлікті салыққа отырғызып, қарапайым халыққа тіршілік ету біршама ауырлап кетті. Елдегі әлеуметтік түйткілдер әрбір қарапайым отбасының тұрмысына тікелей әсер етеді ғой. Соған қарамастан, біздің халық өте ынтымақты, қонақжай. Біз Әз-Наурыз сияқты ұлттық мерекелерді жыл сайын бәріміз бірге атап өтеміз. Өзіміз Наурыз көже дайындап, келген халыққа, көршілерге таратамыз, кең дастарқан жаямыз. Бұрын үлкен әжелеріміз, апаларымыз жиналып мерекелерді бірге қарсы алатын, біз де солардан қалған жылы естеліктерді, берік дәстүрді сақтап келеміз», – дейді Жәмилә тәте ағынан жарылып.
Дұңған қызының ақжарқын пейіліне ырза болып, ауыл көшесіне шыққан бойда келесі бағытқа жету үшін таксиге отырдым. Көлік тізгініндегі жүзі жылы, салмақты кейіптегі Мамедов Руслан ағамыз (каспий төлемге шыққан атынан білдім) жол үстіндегі әңгімені бірден баурап кетті. Жәмилә тәтенің сөресінен басталған ұлттар достығы енді такси ішіндегі терең тарихи тамырларға ұласып, ауыл тынысын одан әрі аша түскендей көрінді.
Руслан ағаның әулеті Қазақстанға 1934 жылғы саяси репрессия жылдарының нәубетімен еріксіз жер аударылған екен. Сол бір зауал мен зұлмат заманда олардың бабалары бауырмал, мейірімді қазақ халқының құшағында аман қалып, Ұзынағаш топырағын өзіне байырғы Отан, құтты мекен еткен.
«Біздің әулет бұл жерде 1934 жылғы саяси репрессиядан бері тұрып келеді. Өзім курд ұлтынанмын, ал әйелім – түрік қызы. Бізді интернационалды отбасы десе болады, өзара ортақ мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз қалыптасқан. Тіпті мына Қазақстанда тұратын түріктер мен күрдтер бір ұлт сияқты болып кеттік. Бір-бірімізден қыз алыса береміз, құдандалы боламыз, қазақ пен қырғыздар секілді өте жақынбыз. Таксист болып еңбек еткеніме 5 жылдай болды, қала мен ауыл арасында барлық бағытқа жүре беремін. Күніне түрлі ұлт өкілдерімен жүздесу мен үшін үйреншікті жайт. Дегенмен, жолаушылардың көбі қазақ бауырлар. Сондықтан орысша да, қазақша да еркін түсінісіп сөйлесе береміз. Менің отбасымда келіншегім екеміз төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Оларға үнемі айтатын басты ұстанымым мен ақыл-кеңесім – балаларымыз намысты, сабырлы, иманды болып өссе, қыздарымның инабатты, тәрбиелі болғаны маңызды. Мен үшін ең үздік, ең тыныш, құтты мекен – осы Ұзынағаш. Бұл – менің туған Отаным, кіндік қаным тамған жерім», – дейді ол шынайы тебіреніспен.
Руслан ағаның көлігінде артқы орындықта жолаушы ана мен оның оқушы баласы отыр екен. Жол үстіндегі тарихи толғанысқа толы әңгімемізге анасы да араласа кетті. Осылайша көлік ішіндегі қысқа сапар үлкен бір рухани сұхбатқа айналды. Анасы Салтанаттың айтуынша, баласы Юрченко Алексей Василевич – ауылдағы Ұзынағаш орта мектебінің 8-сынып оқушысы, сонымен бірге өнер мектебінің де үздік шәкірті екен. Алексейдің анасы баласының жетістіктерін, өнердегі алғашқы қадамдарын ерекше толқыныспен тебірене айтып берді. Анасы қазақ, ал әкесі қасиетті Қожа руынан тараған жас дарын бүгінде қазақтың дәстүрлі әндері мен термелерін нақышына келтіріп, балаға тән көркем дауыспен орындайды екен. Сол өнерінің арқасында көптеген жарыстардан жүлделі орындарға ие болыпты. Қазақтың домбырасына, әндері мен күйлеріне деген қызығушылықтан бастау алған жәй ғана әуесқойлық әрекетіміздің нәтижесі осындай жетістіктерге жеткізгенін айтып өтті.
«Алексей 8 жасынан бастап өнер мектебінің босағасын аттады. 2022 жылы VIРеспубликалық «Өнер алаңы» байқауында «Ақбұлақ» әнімен, 2023 жылы VIХалықаралық «ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ» өнер байқауында «Ақсиса» әнімен 1-орынды жеңіп алды. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы бойынша Астана төрінде Нұрғиса Тілендиевке арналған этно-концертте де өнер көрсетіп, көрермен ризашылығына бөленді. Ал 2026 жылы оқушылар арасындағы «Сөз бен саз» республикалық байқауында ұлы Абайдың «Сегіз аяқ» пен «Ақшоқы» әндерін орындап, тағы да 1-орынды иеленді. Баламның қазақ өнерін ұлықтап, дәстүрлі әндерді әуелетіп жүргені – біздің отбасымыз үшін ғана емес, бүкіл мектеп үшін үлкен мақтаныш», –дейді қуанышын жасыра алмаған анасы.
Таксиден түсіп, Ұзынағаштың кең көшелеріне көз тастағанда, бұл шағын сапарда кезіккен Жәмилә тәтенің ақжарқын жүзі, Руслан ағаның салмақты парасаты және жайсаң көңіл Салтанат ханымның туған жерге деген жүрек жарды ықыласы, жас дарын Алексейдің өнері – осы өңірдің сарқылмас байлығының бір-бір парағы ғана екенін түсіндім. Әрбір кейіпкердің оқиғасы келесі оқиғаға ұласып, ауылдағы үлкен ынтымақтың, бірліктің жібін байланыстырып тұрғандай.
Ұзынағаштың әрбір көшесінен осындай тоғысқан тағдырлар мен достық салтанатын қадам сайын жолықтыруға болады. Осы аймаққа тән жылдар бойы қалыптасып қалған этносаралық достықтың нағыз өміршең үлгісін күнделікті өмірден-ақ көресің. Ауылдың аспаны түрлі ұлт өкілдерінің ассамблеясына айналып отыр. Қазақ, орыс, ұйғыр, түрік, күрд, қарақалпақ, чечен, кәріс, атай берсең тізім жалғаса береді. Барлығы Ұзынағаштың байырғы тұрғындары санатына енген жергілікті халықтар. Өзбек жігітіне тұрмысқа шығып, отбасылық жарасым тапқан қазақ келінінің отауын, Атажұртқа оралып өз кәсібін дөңгелеткен сатушы, тігінші қандастарымызды немесе ауыл тойының сәнін кіргізіп палау басатын, наубайханасын қоса жандандырып үлгеретін еңбекқор өзбек ағамызды кезіктіру де таң қалатын жәйт емес, әдеттегі көрініс.
Күнделікті өмірде қай тілде сөйлескеніне немесе қай ұлттың өкілі болғанына қарамастан, олар өзара ортақ түсіністік пен парасаттылық таба біледі. Бұл жандардың ішкі әлемін, айтар ойын түсінгеніңде бір айқын шындыққа көз жеткізесің. Олардың бәрінің жүрегінде қасиетті Қазақстанға деген ортақ құрмет, шексіз сыйластық, перзенттік махаббат пен шынайы алғыс сезімі лаулап тұр. Мұндағы басты баға жетпес құндылық – қайырымдылық, бауырмалдық, кеңпейілділік мен ақ жүректі адал жандардың бұзылмас берік достығы.
Ұзынағашта өткен осы бір мазмұнды күн маған терең бір ақиқатты ұқтырды. Біздің басты байлығымыз, баға жетпес қазынамыз бен мұқалмас ерік-жігеріміз – осы қарапайым ауыл халқының арасындағы жарасымды бірлікте, адал еңбекте, шынайы сыйластықта жатыр. Мұндай ынтымағы жарасқан елдің болашағы қашанда жарқын, тұғыры қашанда берік болатыны сөзсіз.
Жұмахан БАЙҒАЗЫҚЫЗЫ,
«Атамекен» газетінің тілшісі.
