Site icon ATAMEKEN

Ұлттық киіммен сайлауға келді: Алматы облысының тұрғындары ерекше челленджге қолдау білдірді

Құрылтай депутаттарын сайлау күні Талғар ауданының тұрғындары сайлау учаскелеріне камзол, шапан, сәукеле және тақия киіп келді. Осылайша талғарлықтар «Мен ұлттық киіммен дауыс беремін» челленджін қолдап, саяси науқанды қазақ халқының мәдениетімен ұштастырды.

Акцияға қатысушылар сондай-ақ ұлттық нақышқа тән өрнектерді заманауи киіммен үйлестірді. Камзолдар күнделікті киімнің көркін ашса, шапандар заманауи образды толықтырды. Ал тақия мен сәукеле дауыс беру күнінің сәнін келтірді.
Бастаманы түрлі жастағы тұрғындар қолдады. Бірі сайлау учаскесіне отбасымен бірге ұлттық киім киіп келсе, енді бірі дәстүрлі киімнің жекелеген элементтерін таңдаған. Қатысушылар үшін челлендж ұрпақ сабақтастығын, ұлттық мәдениеттің байлығын дәріптеуге мүмкіндік берді.
Бастама әлеуметтік желіде де жалғасын тапты. Талғарлықтар сайлау учаскелерінде суретке түсіп, қысқа бейнероликтер түсіріп, өз парақшаларында салды. Осылайша, челленджге ауданның өзге тұрғындары да атсалысты.
Бұл бастама маңызды қоғамдық-саяси оқиғаларды ұлттық мәдениетпен байланыстыруға болатынын көрсетті.

*Алматы облысының ӨКҚ*

Exit mobile version