Атамекен

Ұлттық кітап күні ұлықталды

Биыл елімізде алғаш рет ресми түрде аталып өтіп жатқан 23 сәуір – Ұлттық кітап күнін ұлықтау мақсатында   аудандық кітапханада руханият пен әдебиеттің алтын арқауына айналған кітап мерекесі ұйымдастырылды. «Руханияттың жанашыры – КІТАП» атты іс-шара – ұлттық сана мен рухани жаңғырудың нақты көрінісі болды.

Шараны ашқан жүргізуші Ұлттық кітап күнінің мәні мен маңызын айта келе, Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының бастамасымен Қонаев қаласында өткен ауқымды іс-шарадан сыр шертті. Сол жиында Жамбыл аудандық кітапханасы да өзінің шығармашылық үлесін қосып, «Туған өлкем – тұғырым» атты кітап көрмесін ұсынған еді. Бұл көрмеде жергілікті қаламгерлердің шығармалары мен өлке тарихы, мәдениеті кеңінен қамтылды.

Шара барысында Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың рухани өмірдегі алар орнын ерекше атап өтті. Бұдан кейін Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, «Мөлдір махаббат тамшылары» атты жыр жинағының авторы, Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» медалінің иегері, белгілі ақын Оңғарбаев Алдаберген Сақыпбайұлының «Өлеңім – өмір өрнегім» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Осынау ерекше жиынға Алдаберген ағамен бірге қызмет еткен замандастары,  зиялы қауым өкілдері, алыс-жақынан келген туыстары, мен Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің студенттері қатысты. Бұдан соң  мерекелік шараның құрметті меймандары яғни ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Жұмаш Арғынбаев, ақын, жамбылтанушы Өмірбай Өмірзақ, ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы-журналист Күмісжан Байжан және аудан әкімінің орынбасары Ә.Қамбарұлы кітаптың лента қию рәсімін атқарып, автордың әдеби еңбегіне жоғары бағасын берді.

Мерекелік кеште Алдаберген Сақыпбайұлы-ның өнегелі өмірі туралы естеліктер айтылып, қонақтар жүрекжарды тілектерін жеткізді. Әсіресе, қаламгерге арнаған Әлем Халықтары Жазушылар одағының төрайымы Гүлхан Айтақынқызының құттықтау жедел хаты жиналған жұртшылықты жақсы әсерге бөледі. Содан кейін  мінбеден ой-пікір білдірушілерге кезек берілді. Керемет кеш  барысында  ақынның  Нұрманбет  Қизатов, Қарабай Әбуұлы, Сәбит  Алдабергенұлы, Талғат Сүйінбай, Ахметов Чапай сынды бірнеше қаламдас әріптестері мен сыныптастары салиқалы сөз сөйлеп,  өз естеліктерімен бөлісті.  Сондай-ақ,  аудан жұртшылығына есімі етене таныс жазушы Бақтияр Айталы Алдаберген атаға шәкірті ретінде құрмет көрсетіп, дана халқымыздың дәстүріне сай шапан жапты.

Ал, Алдаберген Сақыпбайұлы құрметті қонақтарға ризашылығын білдіріп, осы шараның  мазмұнды өтуіне айрықша атсалысқан  аудандық кітапхананың үркердей ұжымына алғысын айтты. Содан кейін  «Өлеңім өмір өрнегім» атты  су жаңа жыр жинағын  келген  қонақтарға сыйға тартты.

Мерекелік жиын соңында  жиналған жұртшылық аудандық кітапхана директоры Бибінұр Ермекбайқызы мен кітапхана ұжымы ұйымдастырған ақ дастарханнан дәм татып,  рухани азық алып, әдемі әсерге бөленді.

Әйгерім Әбу.

Exit mobile version