Site icon ATAMEKEN

ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ МЕН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

 

Ұлттық тестілеу орталығы мен Алматы облысының Білім басқармасы білім беру нәтижелерін талдау жүйесін дамыту және Бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) деректерін басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде тиімді пайдалану бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагог қызметкерлердің республикалық тамыз конференциясында белгілеген міндеттерімен үндеседі. Президент қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту, ҰБТ көрсеткіштері төмен өңірлердегі жұмысты күшейту, қалыптасқан жағдайға жан-жақты талдау жүргізу және оның нәтижелері негізінде кешенді шешімдер әзірлеу қажеттігін атап өткен болатын.

Меморандумның негізгі мақсаты – ҰБТ нәтижелеріне жүйелі талдау жүргізу арқылы білім сапасын арттыру бағытындағы басым міндеттерді айқындау, білім беру ұйымдары арасындағы айырмашылықтар мен негізгі үрдістерді анықтау.

Алматы облысының Білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов ынтымақтастықтың нақты басқарушылық шешімдер қабылдаудағы маңызын атап өтті.

«Ұлттық тестілеу орталығымен орнатылатын ынтымақтастық аналитикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға, объективті деректерді уақтылы алуға, проблемалық бағыттарды анықтауға және ҰБТ нәтижелерін жақсартуға бағытталған нақты басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді деп сенемін», – деді басқарма басшысы.

Бастапқы кезеңде тараптар ҰБТ нәтижелеріне бастапқы талдау жүргізіп, облыс, аудандар мен қалалар бөлінісіндегі негізгі үрдістерді қарастыруды және тереңірек зерделеуді қажет ететін мәселелерді анықтауды жоспарлап отыр.

Талдау қорытындысы бойынша алдын ала талдамалық тұжырымдар қалыптастырылып, одан әрі бірлескен жұмыстың басым бағыттары айқындалады. Сондай-ақ аудандар, қалалар, мектептер мен оқу пәндері бөлінісінде білім беру нәтижелеріне тереңдетілген талдау жүргізу мүмкіндіктері қарастырылады.

Алынған нәтижелер Білім басқармасына білім беру ұйымдарымен алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындауға негіз болады. Бұл ретте аудандық және қалалық білім бөлімдерімен, әдістемелік қызметтермен және басқа да мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау көзделген.

Ынтымақтастық ҰБТ деректерін өңірдегі білім сапасының жай-күйін бағалау және оны одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындау құралы ретінде тиімді пайдалануға бағытталған.

Exit mobile version