Қашанда қоғамдағы аналардың, жалпы әйел затының атқарар рөлі ерекше. Қай саланың дамуына да өлшеусіз үлес қосып келе жатқан нәзік жандылардың еңбегі әрдайым жұртшылықтың көз алдында. Осы орайда Жамбыл аудандық «Жас ұлан» оқушылар үйінде «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған «Ұлттық құндылықтар — тәрбиенің түп қазығы» атты аудандық семинар өткізілді. Бұл басқосуда ауқымды мәселелер талқыланды. Шараның негізгі мақсаты — ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуде аналардың жеке басының үлгі-өнегесі, мәдениеті мен тәжірибесі негізінде қарастыра отырып, тәлім-тәрбиенің түп қазығы ретінде жүзеге асыру.
Шараға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Айткүл Медеуова, Алматы облыстық мәслихатының депутаты М. Молдашова, ардақты ұстаз-ана Күміс Пармашқызы, Жамбыл ауданындағы «Әйелдер қолдау орталығының» Галина Әлжанова, медицина ғылымдарының докторы Зинаш Көпжасарқызы, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының сектор меңгерушісі Айгул Хамитжанқызы, Жамбыл аудандық Аналар кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Гүлзира Нуриқызы сондай-ақ, аудандағы селолық округтардың Аналар кеңесінің төрайымдары, медицина қызметкерлері мен мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары,»Айгөйлек» балабақшасының тәрбиешілері қатысты.
Жиын алғаш сөз алған «Жас Ұлан» оқушылар үйінің директоры Райхан Жүнісқызы:
— «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деп М. Жұмабаев айтқандай, Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін білімін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті мол терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Ұлттық тәрбие мәселесі – адамзат тарихынан өн бойына ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат, — деп сөзін қорытындылды. Сонымен қатар Психология ғылымдарының докторы Гүлнар Тоқайқызы, Жамбыл атындағы КММ психолог маманы Байбекова Ақерке, сондай-ақ, жасөспірімдер дәрігері Ділбар Жұмабайқызы өз баяндамаларын оқып, көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.