Site icon Атамекен

Ұлттық құндылық дәріптелсе…

«Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалада қазақтың киелі деп саналған жеті мұрасы баяндалды. Жалпы, қазақ баласы жеті санын құрмет көріп, кие тұтқан. Бұл мақала да сол сипатта жазылған десе артық етпейді. Сол жеті қырдың бірі – «атқа міну мəдениеті». Атқа міну мəдениеті қазақ халқымен біте қайнасқан үрдіс. Қазақ халқы баласын ертегі, аңыз, батырлар жырымен баулып өсірді. Баласына ауыз əдебиетіндегі жанрларды айта отырып, бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре білген бабаларымыз кез келген жыр-дастан мен ертегіде, батырлар жырында жылқы малы туралы айтпай кетуі мүмкін емес. Жылқы малын айтқаны былай тұрсын, сол мінген жылқысы батырлардың сенімді серігіне қалай айналғанын да түсіндіріп, бала бойына жылқыға деген махаббатты оята білген. Мысалы, «Керқұла атты Кендебай» ертегісінде жас Кендебай көкжал қарнын жарып жегелі жатқан биенің құлынын аман алып қалып, оны баптап өсіріп, ол өскен соң жеті көзді дəумен, арыстанмен айқасып, жеңгенін суреттесе, «Қобыланды батыр» жырында Қобыландының Тайбурылы туралы керемет суреттеледі. Бұл жырда тек Тайбурыл ғана емес, басқа да батырлар мен кейіпкерлердің мінген жылқыларының аты мен мінез-құлқы да керемет көрсетілген. Міне, осының өзі біздің бабаларымыздың кейінгі ұрпақ тəрбиелеуде жылқы малының ерекшелігін ең озық тəрбие құралына айналдырғанын дəлелдейді.

Ертегі мен жырлардан бөлек жыраулардың толғауларында да жылқы бейнесі бірнеше рет суреттеледі. Мысалы, Ақтамберді жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп…» деген толғауында Ақтамберді батырдың желден жүйрік «Күрең жылқыны» мініп, жау əскерін жеңіп, еліме қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатсам деген арманы бейнеленген. Бұл толғауда жырау жау əскерін жеңу үшін батырлар қандай жылқы міну керектігін суреттейді.

Міне, біз осылайша кешегі өткен бабаларымыздың бала тəрбиесіне айрықша мəн беріп, жыр-дастандарды жаттатып, ер қанаты – ат екенін сездіре білгенін аңғарамыз. Бұл да бір үлкен мектеп. Осындай ертегі мен жыр-дастандарды жаттап өскен бала мен де сол жырдағы кейіпкерлердей болсам деп армандап, өскенде жүйрікті тізгіндеуді аңсаған. Осылайша жастайынан жылқыға махаббаты оянған жас жеткіншек өсе келе асау үйретіп, ат құлағында ойнайтын нағыз сайыпқыранға айналған.

Бұл бағдарламаның негізгі ойы да осы болса керек. Қазіргі технологиялар дамыған заманда қала былай тұрсын, ауылда тұратын ағайынның өзі балаларына ат мінгізуде кенжелеп келеді. Соның салдарынан атсүйер ұрпақ азайып барады. Елбасы осы мəселені қолға алғанда, ертеңгі ұрпақ өткенін ұмытпай, жеті қазынаның бірі, əрі бірегейі саналатын жылқы малын қадір тұтса, ұлттық құндылықты дəріптесе деген ойды көздегені анық. Ендеше, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету бəріміздің ортақ міндетіміз.

Елдар ЖАҚЫПБЕК.

Exit mobile version