Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарына 80 жыл толып отыр. Жылдар алмасқанымен, адамзат тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болған сұм соғыстың зардабы мен ел жадындағы ерлікке толы естеліктері ешқашан ұмытылмақ емес. Бұл – бүкіл адамзат үшін ауыр сынақ болса, қазақ халқы үшін – батырлық пен қайғы қатар өрілген, көз жасы мен ерлікке толы тарихи шежіре. Сол сұрапыл шақта туған жерді қорғау үшін миллиондаған боздақ майданға аттанды. Олардың қатарында Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылынан 231 ер азамат аттанып, олардың 131-і қан майданның құрбанына айналды. Елге аман оралған жүздеген жауынгерлердің де көпшілігі ауыр жарақатпен, өмірінің соңына дейін соғыс салған зардаппен өмір сүрді. Біздің шаңырақтан яғни, қайын жұртымнан соғысқа жеті бірдей азамат аттанған екен. Бұл бір əулеттің ғана емес, тұтас халықтың бастан кешкен ауыртпалығын, қайсар рухын көрсететін тағдырлы шындық. Сол жеті боздақтың тек екеуі ғана аман-есен елге оралып, бейбіт өмірге араласқан. Қалған бесеуі – майдан даласында мерт болған немесе із-түссіз жоғалғандардың қатарында қалды. Сол жеті азаматтың екеуі ғана аман-есен оралып, туған жердің топырағын қайта басты. Ал хабарсыз кеткен бесеуі туралы бірде-бір дерек табылмады.
Солардың бірі – Қатбаев Нұрмахамбет 1901 жылы туған, 1943 жылы соғысқа аттанған. Сол жылы Сталинград майданында бір жерлесі оны көзімен көріпті. Сол кезде Нұрмахамбет атамыз: – «Келгелі бізге ешкім қарап жатқан жоқ. Қару да бермеді. Қасымыздағы адам өлсе, соның қаруын алып соғысамыз», – деп мұңын шаққан екен. Содан кейін ол кісі туралы еш дерек табылмаған. Бірақ сол бір қысқа ғана əңгіме – тұтас бір дəуірдің ауыр шындығы. Бұл – сол кезеңді бейнелейтін жан күйзелтетін сөздер. Артында балалары мен ұрпағы қалса да, атамыздың өзі елге оралмады. Нұрмахамбет атамыздың баласы Нұрмағанбетов Қырғызбай – 1916 жылы туған. Ол да 1941 жылы майданға аттанып, сол кеткеннен оралмаған. Əке мен баланың бір майданда, бір тағдырмен жоғалуы – бір əулеттің ғана емес, күллі халықтың жүрегіне жара салып кеткен оқиға.
Майданға аттанғандар:
Қатбаев Нұрмахамбет (1901 ж.т.)
Нұрмағанбетов Қырғызбай (1916 ж.т.) – ұлы
Нұрмұхаметов Сейілхан – ұлы
Қуандықов Айтбай – туысы
Шалбаев Бекбатыр – туысы
Қалмағамбетов Мəжит – бауыры
Тəш – туысы
О с ы л а р д ы ң ішінде тек Қуандықов Айтбай атамыз бен Нұрмұхаметов Сейілхан
атамыз ғана аман-есен елге оралды. Қалған бес азаматтың тағдыры белгісіз – олар майдан даласында із-түссіз кетті. Елге оралған қос ардагер – Нұрмұхаметов Сейілхан атамыз бен Қуандықов Айтбай атамыз ауылда бейбіт өмірге белсене араласты. Қан майданнан келсе де қол қусырып қарап отырмады. Керісінше соғыс қиратқан ел еңсесін көтеруге өздерінің бар күш-жігерін арнады. Сейілхан атамыз ауылда ұзақ жылдар бойы есепші болып қызмет атқарды. Шаруашылықтың қаржысын реттеп, есеп- қисабын жүргізіп, елдің экономикасы мен тұрмысын жақсартуға тер төкті. Ұқыптылығы
мен адалдығының арқасында ол кісі ауылдастарының құрметіне бөленіп, беделді азаматтардың біріне айналды. Ал Айтбай атамыз соғыстан кейінгі ауыр жылдарда мал шаруашылығына араласып, төрт түлікті өсіру ісіне өз үлесін қосты. Жауынгерден еңбеккерге айналған Айтбай ата қой соңында жүріп, шаруашылықтың негізгі тірегіне айналды. Табиғатпен үндес, еңбекпен егіз өмір сүрген оның бейнетқор болмысы – бүгінгі ұрпаққа үлкен үлгі. Олар майдан даласында жауға қарсы қан төгіп қана қоймай, бейбіт күнде де жанын сала ерінбей еңбек етті. Сол арқылы туған ауылын түлетіп, кейінгі ұрпаққа береке мен бірліктің қадірін ұғындырды. Қос ардагердің өмір жолы – нағыз азаматтықтың, елге деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі. Бүгінгі ұрпақ олардың ерлігін ешқашан естен шығармайды.
Қарлығаш ЕСЖАНҚЫЗЫ,
Сүйінбай Аронұлының əдеби-мемориалды
музейінің ғылыми қызметкері