Қазақстан Республикасының біртұтастығы мен аумақтық тұтастығына қатысты негізгі қағидаттардың өзгеріссіз сақталуы аса маңызды әрі орынды шешім болып табылады. Бұл – елдің егемендігі мен конституциялық тұрақтылығының мызғымас негізі.
Белгілі бір аумақтарда қаржы саласына қатысты арнайы құқықтық режимдерді енгізу немесе «жылдам даму қалалары» тұжырымдамасын қарастыру әлемдік тәжірибеде бар және ол экономикалық өсімнің жаңа нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Астана халықаралық қаржы орталығы мен Алатау қаласын дамытуға қатысты бастамалар да ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған тиімді құрал ретінде бағалануы мүмкін.
Сонымен қатар бұл бастамалардың Конституцияның негізгі ережелерімен, әсіресе әкімшілік-аумақтық құрылым тек конституциялық заң арқылы айқындалатыны туралы қағидатпен тығыз байланысты қарастырылуы құқықтық тұрғыдан аса маңызды. Бұл мемлекет аумағында ерекше мәртебелер енгізу елдің тұтастығына нұқсан келтірмей, тек экономикалық және институционалдық дамуға қызмет етуі тиіс екенін көрсетеді.
Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норманың өзгеріссіз қалуы қоғамдағы түрлі алаңдаушылықтарды сейілтіп, жүргізіліп жатқан реформалардың ұлттық мүддеге толық сай екенін дәлелдейді. Бұл қағидаттар кез келген экономикалық немесе басқарушылық жаңашылдықтардың берік конституциялық шеңберде жүзеге асырылатынын айқындайды.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған түзетулер экономикалық серпін беруге бағытталған жаңа тетіктер мен мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары арасындағы теңгерімді сақтауға ұмтылған салмақты әрі ойластырылған қадам ретінде бағалануға тиіс.
Амиргалиев Мадияр Орынтаевич, Жамбыл аудандық Мәслихат төрағасы
