Ең бастысы, мемлекеттің біртұтастығы, аумақтық тұтастығы мен бөлінбейтіндігі туралы негізгі норма өзгеріссіз қалатынының нақты айтылуы қоғамдағы алаңдаушылықты сейілтіп, кез келген реформаның егемендік қағидаттарына қайшы келмейтінін көрсетеді. Бұл тұрғыда арнайы қаржы-құқықтық режимдер немесе «жылдам даму қалаларын» құру бастамалары елдің унитарлық сипатына нұқсан келтірмей, экономикалық өсімді ынталандыру құралы ретінде ұсынылып отыр.
Астанадағы Халықаралық қаржы орталығы мен Алатау қаласын дамытуға бағытталған нормалар инвестициялық тартымдылықты арттыруға, жаңа технологиялар мен басқару тәжірибелерін енгізуге мүмкіндік беруі ықтимал. Мұндай тәсіл өңірлік дамуда теңгерімділікті қамтамасыз етуге және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге оң әсер етуі мүмкін.
Сонымен қатар, Конституцияның негізгі бөлімдеріне енгізілетін түзетулер билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта қарауға бағытталғанын көрсетеді. Президент институтының өкілеттіктерін нақтылау, вице-президент лауазымын енгізу мемлекеттік басқарудың тұрақтылығы мен сабақтастығын күшейтуге бағытталған қадам ретінде қабылдануы мүмкін. Бір палаталы Парламентке көшу, Құрылтайдың заң шығару функцияларын кеңейту және заң шығару бастамасы субъектілерінің қатарын арттыру заңнамалық процестің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға ықпал етуі ықтимал.
Қазақстан Халық Кеңесінің жеке бөлімде айқындалуы және оған халық мүддесін білдіру мен заң шығару бастамасы құқығының берілуі азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған маңызды жаңалық болып табылады. Ал Конституциялық Соттың тәуелсіз орган ретіндегі мәртебесін және оның шешімдерінің құқықтық салдарын нақты бекіту Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуге және құқықтық мемлекетті нығайтуға қызмет етеді.
Жалпы алғанда, аталған өзгерістер саяси жүйені жетілдіруге, экономикалық дамуды жеделдетуге және азаматтардың мүдделерін қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Дегенмен, бұл реформалардың нақты тиімділігі оларды іске асыру барысындағы құқықтық айқындыққа, институционалдық тепе-теңдікке және қоғам тарапынан болатын сенім мен бақылауға тікелей байланысты болмақ.
Раймбердиева Майра Онгарбайқызы, журналист

