Алматы облысына қарасты Іле және Қарасай аудандарында «Әділет» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдауы бастау алды. Оған 70-тен астам азамат жүгініп, өздерін толғандырған мәселерді көтерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады. Осы орайда, «Әділет» партиясының мобильді қабылдауы шалғайдағы елді мекендерге барып, тұрғындар мәселесін жергілікті жерде тыңдауға бағытталып отыр.
Қабылдауға партияның, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен депутаттар қауымы қатысты. Осылайша, алғашқы қабылдау Іле ауданы Боралдай ауылында өтіп, 40-тан астам тұрғыны ауыз су, облыстық маңызы бар жолдардың жағдайы, электр қуатының тұрақсыздығы мен жарықтың жиі өшуі мәселелерін көтерді. Сонымен қатар жаңа мектеп салу, жөнделмеген көшелерді ретке келтіру және қоғамдық көлік аялдамаларын орнату қажет екені айтылды.
«Ауылымыздағы кейбір көшелер әлі күнге дейін жөнделген жоқ. Жазда шаң, жауын-шашында лай мен шұңқыр көбейеді. Сол көшелер жөнделіп, аялдамалар орнатылса екен дейміз. Бүгін бірнеше мәселені ашық айттық. «Әділет» партиясының осындай мобильді қоғамдық қабылдау алаңдары елді мекен тұрғындары үшін аса маңызды. Ең бастысы, айтылған мәселелер назардан тыс қалмай, нақты нәтиже болады деп сенемін», – деді Боралдай ауылының тұрғыны Эльмира Қазығұлова.
Мобильді қоғамдық қабылдау Қарасай ауданында жалғасып, 30-дан астам азамат өз өтініштерін жеткізді. Мәселен, Береке ауылының тұрғындары Ақсай өзенінің жағалауында қоқыс көбейіп, заңсыз құрылыс нысандары пайда болғанын айтты. Олар өзен жағалауын тазалау, аумақты ретке келтіру және заңсыз құрылыстарға қатысты тиісті шаралар қабылдау мәселелерін шешуді өтінді.Сонымен қатар ауданда жаңа мектеп пен спорт кешенін салу, облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Жол қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар көлік қозғалысы қауіпті учаскелерге бейнебақылау камераларын орнатуды ұсынды.
«Біз тұрғындарды толғандырған мәселелерді тек тыңдап, жазып алу үшін келген жоқпыз. Қабылдауға облыстық басқармалардың, аудан әкімдігінің, құқық қорғау органдарының өкілдері мен депутаттарды арнайы шақырдық. Жергілікті жерде шешуге болатын мәселелер бойынша жауапты органдарға нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берілді. Ал күрделі және республикалық деңгейде шешілуге тиіс мәселелерді тиісті министрліктерге жеткіземіз. Әрбір өтініш партияның бақылауында болады», – деді «Әділет» партиясы Орталық аппараты Қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ермұхаммед Жұмабек.
Қабылдау барысында көтерілген барлық мәселе жауапты мемлекеттік органдарға жолданып, олардың қаралу барысы бақылауға алынады. Айта кетейік, Алматы облысында бастау алған партияның республикалық мобильді қоғамдық қабылдауы алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде жалғасады.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram-арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy

