Қазақстанда азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін әлеуметтік-экономикалық мәселелер тұрақты түрде мемлекеттік бақылауда. Осы орайда өткен брифинг барысында екі маңызды тақырып көтерілді: әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары тізіміндегі өзгерістер және онлайн-сатып алулар кезінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау.
2025 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің №362-нқ бұйрығына сәйкес әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының тізіміне өзгерістер енгізілді. Бұған дейін 19 тауардан тұрған тізім 31 атауға дейін кеңейтілді. Жаңартылған тізімге халық күнделікті тұтынатын негізгі азық-түлік өнімдері енгізіліп, бағаның негізсіз өсуін шектеу және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары қатарына ұн, нан, макарон өнімдері, жарма, көкөніс пен жеміс-жидек, қант, өсімдік майы, ет пен балықтың негізгі түрлері, сүт өнімдері, жұмыртқа, шай және ас тұзы кірді. Бұл ретте кулинарлық дайын өнімдер мен маринадталған, шағын порциядағы жартылай фабрикаттар аталған тізімге жатпайтыны атап өтілді. Ерекше жағдай ретінде тек ет фаршы әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына енгізілген.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында онлайн сауда көлемі айтарлықтай өсіп отыр. Маркетплейстер, интернет-дүкендер және әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кең таралған тәжірибеге айналды. Алайда қашықтықтан сауданың дамуына байланысты тұтынушылар құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар саны да артқан.
«Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 2025 жылы 2 569 азаматтық өтініш түскен, бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есе көп көрсеткіш. Өтініштердің негізгі бөлігі онлайн-сатып алулармен байланысты»,- деді Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Жеңісбек Ахметов.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес әрбір тұтынушы тауар, қызмет және сатушы туралы толық, сенімді әрі уақтылы ақпарат алуға құқылы. Онлайн сауда кезінде сатушы тауардың сипаттамасын, бағасын, төлем шарттарын, жеткізу, қайтару және кепілдік талаптарын, сондай-ақ өзінің заңды деректерін көрсетуге міндетті.
Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейтілді
