Пятница, 29 марта, 2024
Басты бетРухани жаңғыруӘлімқұл Жамбылов: Ақиқаттан айнымаған Жамбыл атам

Әлімқұл Жамбылов: Ақиқаттан айнымаған Жамбыл атам

Ұлы өмір ағыны бір сәт тоқтамайды. ХХІ ғасырды аттағанымыз кеше сияқты еді, міне, оның алғашқы он бір жылын артқа тастаппыз. Жаһандану дәуірі, ғаламторға шырмалған заман деген кезеңде ұлыларымызға жаңаша көзқараспен қарайтын уақыт келді.

Қазақ деген ұғыммен қатар жүретін ұлы Жамбыл жайлы талай-талай зерттеулер жазылды, бірақ бәрі сонау кеңестік кезеңнің тар қыспағынан шыға алмады.

Ақиқатты аршып, ашық айтатын Тәуелсіздік алдық. Жамбыл ғұмыры мен шығармаларын қайта қарап, талдап, таразылайтын, зерттеп, зерделейтін ғажап дәуір туды.

Бекер адамға бақ қонбайды, тегі жақсыдан текті ұрпақ өседі. «Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады». Жамбылдың арғы атасы Ыстыбай атағы алысқа кеткен, керегесін кеңге жайған дәулетті де аңғарлы, айтқанын екі еткізбейтін ел басқарған қасиетті жан болған. Әкесі Жапа батыр да батыл, өжет екен. Алдында бес жүзден астам кілең боз жылқысы, отар-отар қойын өргізген елдің аузында, көптің алдында жүрген айтулы азамат болыпты. Сарыбай би Айдосұлымен иықтас жүріп, үнемі оң жақ тізесінде отыратын, кеңесетін кеңесшісі екен. Кеңес өкіметі заманында Жамбылды «кедейдің баласы» деп бұрмалап көрсеткен.

Иә, кәрі тарих, таразы уақыт бәрін орын-орнына қояды. Аспаннан тәуелсіздік нұр-шұғыласы төгілген осынау сәтте Жамбыл атамыз жайлы аңыз бен ақиқат арасын ажыратып алу үшін біз көпті көрген сұңғыла қария, бүгінде сексен жетіге келген Әлімқұл Жамбыловпен сұхбаттасуды жөн көрдік. Әлекең – нағыз сыр-сандық, жыр-көмбе, тірі шежіре дерсің. Қазақстанның халық ақыны, Жамбыл атамыздың жанындай жақсы көрген немересі. Жұрт көкейіндегі мына бір сұраққа жауап іздедік.

– Жамбыл ата дін-исламға қалай қарады?

Бес мезгіл намаз оқыған ба? Әсіреқызылшыл заманда – Кеңес одағы кезінде бұл жайлы мүлде айтқызбай, жазғызбады ғой. Біз бүгінгі әңгімемізді осы жайлы анық-қанық білуді жөн көрдік. Әлекең – шежіреші, арғы-бергіні кеңінен толғайтын нағыз құймақұлақ зерделі қария. Әңгімені әріден бастады.

– Жамбыл атаның арғы ата-бабаларын таратып айтсақ былай болады: Шапырашты руының Екей елінің Сәдібек атасының Байтөбет баласынан алты бала болған. Бәйбішесінен Алтыбай, Жетібай, Рысбай, Толыбай – төртеуі де, тоқалынан екі бала – Ыстыбай, Қартабай. Жамбылдың орыс аудармашысы Павел Кузнецовтың «Жамбыл – Ыстыбайдың немересі» деген Жамбылдың өмірбаяны туралы кітабы бар. Сол Ыстыбайдан төрт бала — Қазыбай, Жапа, Жадыра, Майке туған. Екінші ұлы Жападан Тәйті, Жамбыл, Қоман туады. Тәйті Жамбылдың туған ағасы, 1840 жылы өмірге келген. Ыстыбай ұрпағының ең бай болған ұқыпты баласы Тәйті екен. Тәйті екей руындағы Тәймөңке әулиенің мешітінде Әбдіқадыр молдадан оқып, бес уақыт намазын үзбейді екен. Әкесі Жапа да дәулетті болған.

Тәйті атамыз екі рет Меккеге қажылыққа барған. Жамбыл атаның айтуы бойынша алғашқы барғанында Орта жүздің тобықты руынан Құнанбай Өскенбайұлымен және Кіші жүз Әлім руының Төртқара атасынан шыққан Мырқы деген қажымен танысады. Меккеден қайтқан қажылардың ішінде Тәйті, Құнанбай, Мырқы үшеуі дос болыпты. Құнанбай: «Абай деген ұлым бар, өзі ақын» дейді. Ол кезде Тәйтінің баласы жоқ екен. «Әйелім босанса, атын Абай деп қоямын» дейді. Үшеуі ұзақ сырласып әңгімелеседі. Құнанбай «Бәрекелді, біз дос болдық. Үшеуіміз үш жүздің баласы екенбіз. Осы Меккеге қазақтар көп келеді. Омар Хаям: «Меккеде қайбір сенің нағашың бар» деп айтқандай, біз қазақ қажылары ауызбірлік танытып, Меккеде тақиядай болса да бір мешіт салдырайық. Келген қазағымыз өз мешітінде тоқтасын, қазақтан үлкен бір ескерткіш болсын», – дейді.

ұнанбайдың сол сөзін үшеуі де және Меккеге келе жатқан басқа қажылар да толық қолдап, «осыдан елге барғанда ендігі келетін қазақтарға да аманат етіп айталық» деп уәделеседі. Осы үшеуі Меккеге баратын қажыларға: «Меккеге мешіт салатын болдық» – деп үгіт таратады.

Жәкеңнің айтуына қарағанда, Тәйті екінші рет Меккеге барғанда шапырашты руынан Құдайберген болыс, Қисыбай болыс, Асылбек болыс, Қайқы сары, Исабек Кеуілбай, Шыбыл Сәуірбай, Дәулетбақ деген кісілер қажыға бірге барады. Олар Құнанбай, Тәйті, Мырқылардың бастауымен Меккеде салдырған мешітіне «Тақия мешіт» деп ат қойған.

 Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің кітабынан «Осы үш қажының салдырған мешіті» деп оқыдым, тек қана ол кітапта Тәйтінің аты дұрыс жазылмай, «Тәти» деп жазылыпты. Тәйті қажы алғаш Меккеден келгенде, әйелі Тәуірбала ұл туады. Сонда Тәйті атамыз тұңғыш ұлының атын «Досымның баласының атын қоямын» деп, Абай қояды. Кейін Шыбыл руынан Құртқа әулиенің Сатиха деген қызын Абайға атастырып, 49 қара беріп, құда болады. Сол Абай кейін қайтыс болып кетеді де, екінші ұлын «Құдайдан сатып алдық» деп, атын Сатыбалды қояды. Сол Сатыбалдының еркелеткен аты Сатыш еді.

Тәйті атамыз екінші рет Меккеге барарында Жамбыл інісін шақырып алып: «Шырағым, Жамбыл тентегім, сен еркелікті қой, үйге, шаруаға қара. Мына атаңнан қалған, менен қалған малдарға көз қырыңды сал. Мына сенің інің, менің ұлым Сатышты саған Құдай алдында тапсырам. Жасы сегізде. Осыдан қажылықтан аман келсем, қолыңнан алайын. Алла Тағала маған аян берді: «Келмейсің, Мединада өлесің» деді. Міне, оң қолыңа тапсырамын, ал келмей қалсам, о дүниеде оң қолыңнан алайын», – деп Жамбылдың бетінен сүйіп, Сатыш ұлын табыстаған. Тәйті ата сол кеткеннен Меккеден қайтпай қалады. Шыбыл руынан Меккеге бірге барған Сәуірбай қажы ғана келеді. Тәйті Сәуірбайдан «аманат» деп жиегіне алтын жіп көмкерген жайнамаз, алтын жалатқан ағаш тегеш беріп жібереді. Сол сапарға шыққанда Құдайберген болыс өзінің зерленген шапанын Тәйтінің иығына жауыпты.

Дулат руында бір үлкен тойға Жамбыл ақын, Сәуірбай қажы да барады. Сол тойда Жамбыл атам да болыпты. Құдайберген болыстың бір тігінші туыс әйелі Сәуірбайдың үстіндегі өзі тіккен шапанды танып, «Құдайбергеннің шапанын кім киіп жүр?» деп сұрайды. Сұрастырса Тәйтімен, Құдайбергенмен Меккеге бірге барған Сәуірбай қажы екен. Соны көріп Жамбыл Сәуірбай қажыға былай деп өлең айтқан екен:

Қажыға енді барса, шыбыл барсын,

 Шыбылдан басқаң барсаң, шығындарсың.

 Тамам қажының дүниесін жинап алып,

 Сәуірбай үйіңе барып жымыңдарсың.

Сонда Сәуірбай кінәсін мойнына алып, бір түйе бастаған бір тоғыз айып және алтынмен зерлеген жайнамаз, алтын жалатқан ағаш табақты Жамбылға береді.

Сонда Тәйті мен Абайдың әкесі Құнанбай таныс, Меккеде бірге болған дейсіз бе? Жамбыл Абайды білген бе?

– Тәйті Жапаұлы 1840 жылы туған. Аталары Ыстыбай, Жапа беделді бай әрі діндар адамдар болған. Осы байлықтың арқасында Тәйті аға екі рет Меккеге барған. Меккеде Абайдың (Ибраһим) әкесі Құнанбаймен, кіші жүзден Мырқы қажымен кездеседі. Ұлы жүзден Тәйті, Орта жүзден Құнанбай, Кіші жүзден Мырқы үшеуі достасады, ақылдасады.

Қазақ журналистері: «Абай мен Жамбыл кездесті ме?» – деген сұрақты көп қояды. Ал қазақтың ұлы ақындары бірін-бірі естісе бармай, кездеспей қоймайды.

Жәкеңнің бір өлеңінде: Семейге де барғанмын,

 Көп жақсы адамның,

 Ортасында болғанмын,

 Талай жақсы адаммен,

Бірге отырып сайрадым, – дейді.

Жәкеңе Мұхтар Әуезов сұрақ қояды: «Жәке, Абайды қандай ақын деп білесіз?» – деп. Сонда Жәкең ойланыңқырап отырып: «Ол Абай – қазақ ақындарының пайғамбары емес пе?!» деп жауап береді.

Академик Мұхтар Әуезовтің бір мақаласын оқығанымда, Жетісу ауылына Ақбақай деген жеңгесін іздеп, Абай келеді, Ұлы жүздің Қасқарау руынан Ноғайбай деген кісінің үйінде болады. Ноғайбаймен, жеңгесімен амандасып, қайтарда Майтөбе жайлауында әкем Құнанбайдың жолдасы бар еді, – деп қажыға барған Жамбылдың ағасы Тәйтіге сәлемдесе келеді. Тәйті атамыз тай сойып, кұрмет көрсетіпті, қатты ризашылықпен, жекжат болып қайтыпты

Тәйтінің, Абайдың, Жамбылдың жекжаттығына мынадай дәлел бар. 1974 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Қорқыт ата ескерткішінің ашылуынан келе жатыр едім, қолымда қабымен домбырам бар, вагонда бірге отырған бір қарияға сәлем бердім. Сәлемімді алды. Ол қабағы ашық әңгімешіл адам екен. «Балам, сен ақынсың ба, әртіссің бе?» деп сұрады. Мен жөнімді айттым: «Тойдан келе жатырмын. Ұлы жүз Шапырашты руы, Екей еліненмін, Жамбыл атамның домбырасын ұстап жүрген немересімін, ақынмын» дедім. Сонда қария қалтасынан алып, бір өлең көрсетті, өлең Жамбылдың Абайға көңіл айтқан өлеңі екен. Абайдың ұлы Әбдірахман Алматыда қайтыс болып, соған Семейден баласы Мағауия келіп, Алматы қаласында тұратын шалақазақ Әбсәмет байға, Байбұлан байдың үйінде жаздың күні қайтқан Әбдірахманды суық киізге орап, үстіне мұз бастырып, суық күзде бір-ақ апарады. Жамбыл атаға Жаныс Сәт Ниязбеков және Қисыбай Сарыбайұлы болыстар келіп: «Алматы қаласында Абай ақынның ұлы қайтыс болыпты. Соған бауыры Мағауия келіпті. Олар шалақазақ Әбсемет пен Байбұланның үйінде екен, соған барып, көңіл айтып қайталық» дейді. Үшеуі атпенен Алматыға келіп, шалақазақ Әбсәмет үйінде Мағауиямен кездесіп, Жамбыл ата бір жағы жекжаты, бір жағы замандасы Абайға сәлем бере, осы өлеңді жолдапты:

Сәлем айт, барсаң Абайға,

Кеңесі кеткен талайға.

 Ауырды жеңген қара жер,

Сабырлы болсын қалайда.

 Бір жұтқан дүниесі Ащысын татып, күймесін.

 Жапанға біткен бәйтерек,

 Жалғызбын деп жүрмесін.

 Кемелге келген осылай,

Тасқынды тәңір басуы-ай!

 Нар көтерген ауырға,

 Арқасын тоссын жасымай.

1896 жылы көктемде Алматыдағы Әбдірахманның сүйегін алып қайту үшін Мағауия бастаған Ысқақ Сатыбаев, Тәуеке Байтуаров Әбсәметтің үйіне келді. Әбсәмет – Құнанбайдың інісі Жақыптың қызынан туған жиені, ол Жамбылмен сыйлас, құрметтес адам болған. Жаңағы вагондағы қария Павлодар облысы, Қызылжар ауылының ақсақалы екен. Мен сол уақытта аудандық «Сталин жолы» газетінің және Алматы облыстық «Коммунизм таңы» газетінің штаттан тыс белсенді тілшісі едім. Осы Жамбыл атаның Абай атаға көңіл айту өлеңін екі газетке де бердім.

Қорыта айтқанда, Құнанбай мен Тәйті де, Абай мен Жамбыл да таныс, сыйлас екендігі көрінеді.

– Жамбыл ата молдаларға қалай қарады?

– Жамбыл мен Әбдіқадыр деген молданы етене жақындатқан – исламға деген сенім, Аллаға деген шексіз махаббат.

 Ежелгі Қашқар қожаларының тұқымынан өрбіген Әбдіқадыр Иманахунұлы өзін Моллахун қаридың шәкірті санайтын. Сол кездегі Қашқар медресесін бітірген ол да қасиетті Құранымызды түгелдей мәнерлеп жатқа оқитын қари дәрежесіне жеткен діндар оқымысты еді. Кейіннен естуім бойынша, Қашқарда Моллахун қаридың алдынан өткен шәкірттері, оның діни тұрғыдан да, заманауи ғылымнан да жан-жақты хабары бар, терең білімді болғанын айтатын, бәрі де одан дәріс тыңдағанын мақтан тұтатын.

Адамға бақ Алладан бұйыратыны рас. Қазір, кейде ойлаймын, егер Жамбыл өз таным-түсінігі арқылы Аллаға мойынұсынбаған адам болса, осындай абыройға жетер-жетпесі неғайбіл екен-ау деп. Алланың әрбір астарлы аятынан сусындап, ғибрат алған Абай мен Жамбыл қазір халықтың ақыл-ойы, қазақ жырының алыбы аталады. Осында бір заңдылық жатыр деп ізденген дұрыс-ау. Қаншама діни әңгіме, дін-исламдық қисса-дастандарды зердесіне тоқып, жеке қалғанда біздерге айтып отыратын. Болмаса қараңызшы, соншалықты дарқан түйсікпен, бүкіл шығыс қиссаларын көкейге ерекше тоқып, зерек зердеге иелік ете ала ма, толқындата буырқанып, лағыл жырлар төге ме? Алланың шын ықыласы түспеген адам жасы сексеннен еңкейгенде осыншама атақ-құрметке қалай жетеді? Қазақта аузымен құс тістеген қаншама дарынды ақындар болды, қаншама жыраулар өтті сол заманда? Солардың бәрінің арасынан Жамбылға Жаратқанның шапағат нұры неге ерекше жарқырады? Мұның бір сыры, «бес уақыт намазын қаза етпеген діндарлығында жатқан шығар» деген ойды мен қазір жасым тоқсанға қадам басқанда ғана түсіне бастадым.

Осы арада тағы бір тарихи дерекке жүгінген жөн. Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің 2001 жылғы 16-қаңтардағы санында жарияланған Алматы облыстық Мемлекеттік мұрағат басқармасының бөлім бастығы А.Аджигайтканованың мақаласында мынадай мәліметтер бар: «Октябрь революциясына дейін Алматы облысында 15 мешіт болса, оның 10-ы Алматы қаласында еді. Діни топтар арасындағы жанданыс 1943-1944 жылдары басталды. Мұсылман дінін ұстанатын алғашқы діни топтың қатарында 200-250-ге жуық адам болды. Олар Жамбыл ауданының Ленин атындағы және «Майбұлақ» колхоздарында (қазіргі Қарғалы ауылы – Ә.Ж.) тұратын қазақтардан, басқа да мұсылман ұлттарынан құралды. Екінші топ бірінші топтың ықпалымен Ұзынағаш ауылында құрылды».

Міне, осыдан көріп отырғанымыздай, қасиетті дініміздің құттыхана мешіті қайта жанданғанда, оған лайықты имам табу оңай болды дейсіздер ме? Бұрынғы дінбасылардың бәрін қуғын-сүргін жалмаған. Қара танып, Құран ұстауға жарайтын мұсылман баласы саясаттан үркектеп, мешітке аттап баса алмай қалған заманда, кімнің жүрегі дауалап, имам болуға ұмтылсын? Осындай сындарлы сәтте исламға шексіз берілген, иманы кәміл білімді молдаға зор сенім артып, Қарғалыдағы дін ордасының тізгінін ұстатқан да ұлы Жамбыл тәтем еді. Ел ішінде Әбдіқадырдың «Жамбылдың молдасы», «ұйғыр молда» аталуы тегін емес.

Әлеке, сіздің дін-исламға алғаш бет бұрысыңыз қашан басталды осы?

– Бұған да Жамбыл атам себепкер болды. Әуелі атамыз жөнінде аз-кем айтып берейінші. Жамбыл ылғи көңілді жүретін. Ыңылдап өлеңдетіп, бірдеңелерді күбірлеп, іштей толғаныста отыратын нұрлы келбеті әрдайым есімде. Жуық арада ашуланбайтын байсалды еді. Ал ашуы келсе, шарт-шұрт еткен найзағайдай шатырлап, ешкімге дес бермей, өз айтқаны болмаса көнбей кететін. Өте мазасын алған адамды жақтырмайтын.

Өзі көпшіл еді. Кісі келгенді жақсы көретін. Үйге біреу келеді дегенді естісе, соны тосып, «келді ме?» деп қайта-қайта тықақтап сұрап, мазасы кетіп, сыртта тосып жүретін. «Өзіміз елге көп қонақ болдық, алдынан шықпасаң, қонақтар өкпелеп қалады» деп, кішіпейілділік жасайтын.

Менің әкем Тоққұлы молда болған адам екен. Жамбыл атам мейірі түсіп: «Молдам, Тоққұлы түрігім» деп, еркелетіп, бетінен сүйіп қоятын. Түрігім дейтіні, Тоққұлы еріні түріктеу жаралған адам көрінеді.

Титтейімнен атамның жайнамазын алып беріп, намаз оқығанда қасында бірге тұратынмын. Намаз оқыған кезде ерекше балбырап, балқып, беріліп оқитын. Нұрланып, көзінде нұр ойнап, құлпырып, жайнап шыға келетін.

– Ал, енді осы ұлы адамның қазасы қалай болды, жаназасы қалай шығарылды? Алыпқашпа әңгімелер ел арасында өріп жүреді. Соны ашып айтып беріңізші?

– 1945 жылғы маусым айының 10-нан бастап атамның жағдайы күннен-күнге төмендей берді. Содан қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Дәрігері Рахымбай Досымбеков деген өзінің жақсы көретін адамдарының бірі еді. Сол Жәкеңді бұрынғы үйінен сырттан кісілер келгенде қонақ ететін он бес бөлмелі үйіне әкеп, өзінің бөлмесіне жатқызды. Үкімет арнайы ірі дәрігерлер шақыртты. Рахымбайды Талдықорған облысына жіберіп, орнына Досжан дейтін бір үлкен дәрігер келді. Бірақ, оны Жәкең жақтырмады. «Қолы жылан сияқты суық екен сұңқиған енеңді ұрайынның, жақындатпаңдар маған» деп, оған бой бермеді. Сосын Досжанды, амал жоқ, кері қайтарып, орнына Жәкеңнің қалауы бойынша Сара Барлыбаева келіп қарады.

Айналасындағы адамдар бар ынтасымен қараса да, Жәкеңе ештеңе әсер етпеді. Ауруы күннен-күнге ұлғая берді. Бағып-күтуші – өзінің екі келіні Берікбала мен Рәзия. Сонымен атамның жатқан жері ауруханаға айналып, бейберекет адамдарды кіргізбейтін қамал сияқтанды. Мен күн сайын келіп, көңілін сұрап тұрдым. Содан маусымның 17-і күні, дүйсенбіде шофері Нағашыбек, кенже баласы Тезекбай, дәрігері үшеуі Жәкеңді машинаға салып алып, кауіптенгендіктен, ертерек Алматыға ала жөнелді. Біз бұл кісінің өңі қашып кеткеніне қапаланып, жылап қала бердік.

Алматы қаласындағы совнаркомның ауруханасына апарған екен, екі-үш күндей хабарласпай, ешкім қатынамай калды. «Жәкең қайтыс болған шығар» деп, қорыққан үстіне қорқа түстік. Соның арасынша Алматыдан машинасы келді. Хатшысы Ғали Орманов, шофері Нағашыбек, үлкен жазушы Сәбит Мұқанов үшеуі екен. «Жай келіп қайтуға келдік. Жәкең бұрынғысынан жақсы. Сіздер қорқып жатыр ма деп, қуантқалы жеткеніміз осы» деді. Біз көңіліміз орнына түсіп, мәз болып қалдық. Ертеңгі сағат 9 шамасында келіп, тамақ жеп, қайтып кетті.

Содан маусымның 22-сі күні науқасы меңдеп, ақыры қайран асыл атам Жамбылды қайтпас сапарға жетелеп алып кетіпті. Радиомен жер жүзіне хабар беріпті. Бұл қазаға халық өте қатты қайғырды.

Жәкеңнің сүйегі екі күнге дейін Алматыда болды. Опера театрында ақынмен қоштасу рәсімін өткізіпті. Біздің колхозға маусымның 23-і күні Жазушылар одағының бастығы Сәбит Мұқанов, хатшысы Ғали Орманов, Қазақстан басшыларынан Сафин, Әбдіхалықов деген азаматтар келді. Колхоздың басқармасы Тұрап Мыржиев, партия ұйымының хатшысы Рысай Жүнісов, ауылдық Кеңестің төрағасы Базарбай Досмұхамбетов үшеуін шақырып алды. Соның арасынша, ауданнан райкомның хатшысы Хабибуллин, аудандық атқару комитетінің төрағасы Жұпарбаев және райкомның екінші хатшысы Досанов үшеуі жетті. Бұлар өзара ақылдасты да, жұмыстағы, таудағы, малдағы колхоздың барлық адамдарына тегіс хабар бергізуге шешім жасады. «Бүгін жұмыс болмайды, Жамбылдың көзі тірісінде туғанына 100 жыл толуын мерекелейміз» деп колхозшыларды, барлық ақындарды жинатты. Сондағы адамдардың сұңғылалығы шығар, қазаның өзін төбеден түскендей етіп естіртпей, астарлап хабарлайтыны.

Әрине, мұндай хабарға көп адам сенбеді, ұлы ақынның өмірден өткенін сезді. Менің әке-шешем де Майтөбе жайлауында болатын. Оларға да барған кісі «той жасағалы жатыр» деп ертіп келіпті. Жан-жақ түгел жиналған кезде Әбдіхалықов, Досанов бастаған қайраткерлер жұртты ретімен отырғызып, жиналыс ашты. Онда Жәкеңнің қайтыс болғаны естіртілді. Колхозшылар қатты қайғырып, Жәкеңнің ұл-қызы, келіндеріне көңіл айта бастады.

 Жұрт маусымның 23-24-і күндері ұдайы бос болды. Менің әкем мен Сатыш Жәкеңнің сүйегін әкелісуге Алматыға кетті. Біз Ұзынағаштан алдынан тостық. Атамның мәйіті салынған қаралы тізбек 24-і күні күндізгі сағат 2-лер шамасында келді. Оған ілескен: адам мен әскерилерге, машиналарға көз жетпейді, ұшы-қиыры жоқ шұбырып келеді. Қарсы алып, алдынан шықтық. Қаралы музыкамен шерулетіп ауылға жеттік. Жәкеңді өзінің алты қанат киіз үйінің ішіне жатқызды. Төрт жағынан төрт күзетші қойды. Колхозшылар есіктен кіріп көріп, екінші жағынан айналып шығып жатты. Сөйтіп, түнгі сағат бір шамасына дейін жұрт Жамбылмен қоштасу рәсімін өткерді.

Қазаның жөні, әрине, қаншалықты қайғылы дегенімізбен де, Жамбылдың дүниеден қайтуы жүрт үшін қызықты тамашамен жалғасып жатты. Колхозшылардың көңілін көтеру үшін Шашубай, Үмбетәлі, Нұрлыбек, Әбдіғали, Жартыбай, Оспан, Орынбай, Өмірзақ ақындар, Қазақстанның халық әртісі Күләш Байсейітова, Жамал Омарова, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жандарбекова сияқты өнер қайраткерлері күні-түнімен түрлі тамашалар жасады, неше түрлі өнерлерін көрсетті. Халық оларға әбден риза болды.

Ертесіне, маусымның 25-і күні Жамбылдың сүйегі жерленді. Колхозшылар, қызметкерлер, бүкіл ел-жұрт Жәкеңе арнап бір-бір уыс топырақ салды. Біздер атамның ақымынан шыққан топырақтың бір уысын ескерткішке деп алып қалдық. Жерлер алдында күміс зембілмен алып бара жатқанында мың сомның күміс тиыны шашуға шашылды. Жұрт «бұл кісінің қазасы тойға ұлассын» деп, күмісті таласа-тармаса теріп алды.

Осы жерде бір айта кететін әңгіме бар. Ол – Жәкеңе Алматының бас қазиі Шәріп қажының жасырын жаназа шығаруы. Шәріп қажы 1944 жылы Сталиннің рұқсатымен Меккеге қажылыққа барып қайтқан адам еді. Руы – Арғын болатын. Меккеден оралғанда Жамбылдың үйіне келіп, бізге қарынға құйып әкелінген зәмзәм суынан татырғаны, Жамбылға Меккеден таспиық әкелгені есімде. Содан ылғи араласып тұрды. Кейін Екей елімен құда болды.

 Жамбылдың Мыржы деген інісінің баласы Тұрап осы Шәріп қажымен құдаласып, үлкен ұлына оның қызын әперді. Тұраптың Марат деген сол ұлы журналист еді, бір жылдары облыстық «Жетісу» газетінде істеді. Өмірден ерте аттанды, қайран ініміз!

 Жамбыл өзі көзі тірісінде Жұмабай Шаяхметовке барып, «Қарағым, мен үзбей намаз оқыған адаммын. Ағам Тәйті екі рет қажылыққа барған. Сондықтан, менің обалыма қалмай, өлгенде мұсылманша жаназа шығартып, өзімнің бағымның ішіне жерле. Соған уәдеңді бер. Әйтпесе, Сталиннің өзіне айтамын бұл өтінішімді» деп «қорқытқан» көрінеді. Сол тілегін Жұмабай орындады. Елге көрсетпей, коммунистерге жария етпей, Алматының бас қазиі Шәріп қажы мен Қарғалы мешітінің имамы Әбдіқадыр Иминовқа жаназа шығартты. Оған Сәбит Мұқанов, Қалмақан Әбдіқадыров, Ғали Орманов қатысты. Мен бұл оқиғаны көзіммен көрдім. Рәсімін үйде жасап, табытқа ақыретпен оралған сүйегін салды. Сүйекке түскендер біздің колхоздағы Екейдің жеті атасы ішінен: Ақтөбеттен Сарыбай әулетінен Әбдірайым Қисыбаев, Бердістегі Саполаттан – Мекебай Наурызбаев, Сәдібектен – Сатыш Тәйтиев, Орыс баласынан – Төңірекбай Жылқыбаев, Ботағарадан – Нұрқыдыр Шортанбаев деген құдасы, Тегенбайдан – Смағұл Тастеміров деген адамдар еді. Осылар Жамбылдың сүйегін жуындырып, арулап ақыретке орады. Біздің ағайындар олардың бәріне өте риза болып, рақмет айтты. Әрқайсысына бір-бір шапан, мың сомнан ақша, бір-бір жейде берді.

Сөйтіп, ешкімнен қаймықпай, өмірінің соңына дейін ораза ұстап, намаз оқып өткен Жамбылға осылайша жаназа шығарылып, жөнелту жолы да мұсылманша атқарылған еді.

Жалпы, бүкіл ғұмырында ақиқат жолын ұстанған Жамбыл саясаттың салқын қабағына қарамастан, иманына кәміл болды. Сонымен, атамның сүйегі салынған табыт көрдің құдығындағы таспен өрілген ақымына қойылды. Осының бәріне басшылық жасап, салтымыздың сақталуына ықпал еткен адам – Қазақстанның сол кездегі бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметов болатын. Уәдесіне берік жан Жамбылдың тілегін орындады.

Жәкеңді жерлеп болған соң, өкімет басшылары мен облыс, аудан басшылары дүйім жұрттың басын қосып митинг өткізді. Оған Шаяхметов, Оңдасынов, Шарипов, Әбдіхалықов, Ермағамбетов, Боркеев, Жанғозин, Жангелдин, Мұқанов, Әуезов, Әбілов, Жұбанов, Байсейітова, Жаңдарбекова, Қуанышбаев, Омарова, Орманов, Жароков, Сафин, Мүсірепов, Сланов, Әбішев, Жансаев, Кузнецов, Сатыбалдин, Тәжібаев, Барлыбаев, Нұрпейісова, Бегалин тағы басқа көптеген жауапты қызметкерлер мен елге белгілі азаматтар қатысты. Жиын ұзаққа созылды. Бірінші сөйлеу кезегі Жақыпбек Жанғозинге берілді. Ол кісінің сөзіне бүкіл ел ду қол шапалақтады. Сол сияқты Мұхтар Әуезов сөйлегенде де халық ерекше толқып, ұзақ қошемет көрсетті. Халық ақындары атынан Үмбетәлі Кәрібаев өлеңмен ұзақ толғады. Оның әр сөзін құлақ қоя тыңдаған көпшілік қауым, кейбір әзілдеріне ду-ду күлісіп, тіпті, көңілденді.

Жәкеңнің басына алғашқы кезде ағаштан төрт бұрышты шарбақ қоршау орнатылды. Оның ортасына, тура Жәкеңнің жатқан тұсына Қазақ КСР Атқару Комитетінен басқа да ресми мекемелерден арнайы жазылған көптеген азагүлдер қойылды. Гүлдер қойылып болған соң, жұрт тарай бастады. Облыстан, ауданнан келген қызметкерлер де қайтты.

1946 жылғы сәуірдің бірінен бастап, Жәкеңнің басына күмбез орнату ісі қолға алынды. Оған көптеген жұмысшылар келді. Бір жарым айда биіктігі 15 метр, көлденеңі 6 метр болатын сегіз қырлы пішіндегі қазақ күмбезінің жобасымен зәулім кесенесі салынды.

Тура сол жылы, маусым айының 3-інде Жамбылдың 100 жылдық мерейтойы тойланды. Асын 100 жылдық той деп атады. Бұл той өте тамаша, ұйымдасқан түрде өтті. Мәскеуден, одақтас республикалардың бәрінен, сол сияқты Польша мен Түркиядан арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Той үш-төрт күнге созылып, күні-түні ойын-күлкі болды. Бұл тойда Жәкеңнің құрметіне келген одақтас елдердің адамдарына және сырттан келген меймандарға бір-бір шапан, Жәкеңнің шәкірттері Нартай мен Кенен екеуіне екі зер шапан кигізілді. Сөйтіп, атамның 100 жылдық тойына қатысқан меймандарды өте зор қуанышпен, риза қып аттандырдық.

– Жамбыл ата Кремльде Георгиев залында Сталиннің алдында намаз оқыпты дейді. Сол рас па?

– Жамбыл Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Мәскеуге барғанда Кремльде бәрі Сталинді күтіп тұрады. Қазақстан басшылары Сталин шыққанда Жәкең алғаш сәлем беруі керек деп шешеді. Сталин уақытынан кешіге бастайды. Бір кезде алтын есікті айқара ашып, Сталин бастаған Политбюро мүшелері түгел көрінеді. Қарсы алып, алғаш сәлем беретін Жәкең жоқ, бәрі жабылып іздесе, Жәкең мрамор еденге белбеуін шешіп жайып тастап, намаз оқып отыр.

Бәрі сасып, үн-түнсіз қалады. Сталин ғана қорқорын саусағына тықылдатып: «Әр ұлт өзінің дінін құрметтеуі керек» – депті күлімсіреп. Жәкең асықпай намазын бітіріп, белбеуін буынып, бері бұрылып: – Ассалаумағалейкум, Стеке! – деген екен. Осы сурет Жамбыл музейінде баяғыда болушы еді, кейін көрінбейді. Заман қыспағымен жойып жіберді ме деп ойлаймын.

Жамбыл атам әрбір өлеңі, жыр-қиссасын бастарда Аллаға бір сиынып алатын. Сөзімнің басы бісмілла, Бісмілласыз іс қылма, – деп отыратын.

– Әлеке, көкейде мазалап жүрген біраз сұрақтарға жауап алдым. Сіз менің шешем Күлиманмен бір партада отырып, бірге оқыған сыныптасы, құрдасысыз. Әкем Қапалбекпен дәмдес, замандас болып араластыңыз. Мен де Сіздің бір балаңыз іспетті ғұмыр бойы Жамбыл ата жайлы сан түрлі сұрақтар қойып, толымды жауаптар алып келемін. Біз коммунист болдық, атеист етіп қоғам тәрбиеледі. Бірақ Сіздер секілді иманды кісілер біздің ішкі рухымызды тірілтті, ізгілік-иманымызды оятты. «Кәрісі бар елдің ырысы бар» дейді. Бүгінгі әңгімемізге рахмет айта отырып, енді не айтар тілегіңіз бар!
– Адамнан тілегеннің екі көзі шығады, Алладан тілегеннің екі бүйірі шығады, – дейді. Алла баршамыздың ісімізді қолдасын, бірлік пен береке берсін! Сен кенжем Бекмұрат екеуің Мекке, Мединеге барып, қажылық сапарларыңды өтеп қайтқанда қатты қуандым. Денсаулығым болмай, сол жолы бара алмадым. Құдай қаласа, арманым – биыл Мекке, Мединеге барып, мұсылмандық парызымды өтеп қайтсам деп отырмын. Алла соған жазсын!

 ***

Күллі әлем ақындығын мойындаған ұлы Жамбыл жайлы айтылар әңгіме телегей-теңіз. Әлекеңмен әлі талай-талай сырласып, сұхбаттасып, құм қойнауында қалған саф алтындай құнды деректерді жинармыз. Алла қаласа, алдағы уақытта Жәкеңнің ел біле бермейтін әлі де жаңа қырлары мен сырлары жайлы оқырмандарға қызғылықты деректер ұсынармыз.

Әппақ күміс сақалы омырауын жапқан Жамбыл атамның жауһар жырының жалғасы, дір еткен домбырадағы үні, сом алтынның сынығы Әлімқұл қария қоштасарда маңдайымнан сүйіп, құшағына алып, арқамнан қақты.

Ұлы ақын атасының сарқыты, кең пішілген шапанын иіскегенімде көзіме шүпілдеп жас келді, жүрегім толқыды, денем шімірігіп, сағынышқа бөлендім.

– Иә, Алла, асыл қазына Сізді және Сіздердей қарияларымызды аман қыла берсін! – дедім күбірлеп.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, академик, профессор

 

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments