Site icon ATAMEKEN

Өзін-өзі ұсыну жолымен Жамбыл аудандық мəслихатының депутаттығына кандидат САРҚЫТБАЙ ЕРСҰЛТАН БАҚЫТЖАНҰЛЫ

Мен, Сарқытбай Ерсұлтан Бақытжанұлы, 2006 жылғы 2 наурызда дүниеге келдім.

Қоғамдық қызметке мектеп қабырғасында жүрген кезімнен бастап араластым. 2020–2022 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жанындағы Балалардың өкілдіктері республикалық кеңесінің мүшесі әрі Астана қаласы бойынша бала өкілі болдым. 2021–2022 жылдары Астана қаласы Есіл ауданы мектеп парламенттерінің үйлестірушісі қызметін атқардым.

Еңбек және кәсіпкерлік жолымды 2022 жылы «Eternal Trust Worldwide Group» ЖШС-де директордың кеңесшісі қызметінен бастадым. 2024 жылдан бастап аталған компания директорының орынбасары қызметін атқарып келемін.

Сонымен қатар SARYARQA MEAT ет дүкендері желісінің негізін қаладым. Қазіргі уақытта ауданда малды алғашқы өңдеу кешенінің жобасын әзірлеуге және цифрлық бастамаларды дамытуға атсалысып жүрмін.

2026 жылдан бері Орталық Азия цифрландыру сарапшылары қауымдастығының (CADEA) вице-президенті қызметін атқарамын. Сондай-ақ «Auylym AI» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі директоры болып табыламын.

Қоғамдық қызмет, кәсіпкерлік және цифрлық технологиялар саласында жинақтаған тәжірибемді туған өлкемнің дамуына бағыттауды мақсат етемін. Мен үшін басты құндылықтар – жауапкершілік, ашықтық, нақты нәтиже және халықпен тұрақты байланыс.

ҚАРҒАЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Менің басты мақсатым – білімім мен жинақтаған тәжірибемді туған өлкемнің дамуына жұмсап, Қарғалы ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосу.

Қарғалы – Жамбыл ауданындағы халық саны жөнінен екінші орында тұрған ірі ауылдық округ. Мұнда 31 мыңға жуық тұрғын тұрады. Халық санының өсуі мен ауылдың даму қарқыны инфрақұрылымды жаңғыртуды, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыруды және жаңа жұмыс орындарын ашуды талап етеді.

Бүгінде округте тұрғындарды алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселе бар. Атап айтқанда, кәріз жүйесінің болмауы, су құбырының кейбір учаскелерінің әлі күнге дейін қайта жөндеуден өтпеуі, мектептердегі үш ауысымды оқыту мәселесі және жеке өрт сөндіру депосының жоқтығы – шұғыл назар аударуды қажет ететін түйткілдер. Сонымен қатар жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін 27,7 шақырым ауылішілік көшені жөндеу көзделген.

Бұл мәселелерді шешу үшін нақты жоспар, жүйелі жұмыс және жауапты органдардың үйлесімді әрекеті қажет. Мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, сапалы ауызсумен қамту, кәріз жүйесін салу, мектептердегі орын тапшылығын азайту, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және жол сапасын жақсарту бағытындағы бастамаларды депутаттық деңгейде көтеріп, олардың жүзеге асуын тұрақты бақылауды көздеймін.

Ауылдың өркендеуі тек инфрақұрылыммен шектелмеуі тиіс. Жергілікті кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу және жастарды жұмыспен қамту да маңызды. Қарғалының экономикалық әлеуетін тиімді пайдаланып, ауыл тұрғындарына туған жерінде еңбек етіп, табыс табуға мүмкіндік беретін жобаларды қолдау қажет. Сонымен бірге цифрлық технологияларды білім беру, кәсіпкерлік және қоғамдық қызмет салаларына енгізуге басымдық беремін.

Менің негізгі ұстанымым – ауыл тұрғындары жұмыс пен табыс іздеп туған жерінен көшуге мәжбүр болмауы керек. Әр отбасы Қарғалыда тұрақты табыс тауып, балаларын сапалы біліммен қамтамасыз етіп, қауіпсіз әрі жайлы ортада өмір сүре алуы тиіс.

Қарғалының әлеуеті зор. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ауылдың бүгінгі мәселелерін шешуге және болашақ дамуына берік негіз қалыптастыруға атсалысу – менің басты мақсатым.

ҚАРҒАЛЫ ҮШІН ЖЕТІ ҚАДАМ

1. НЕГІЗГІ ТҰРМЫСТЫҚ ЖАҒДАЙЛАР – БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ

Алғашқы 100 күн ішінде тұрғындармен бірлесе отырып, ауылдың өзекті мәселелерінің нақты тізбесін әзірлеп, оны көпшілікке жариялау. Әр мәселе бойынша жауапты мекемелерді, орындалу мерзімдерін және қажетті қаржыландыру көлемін анықтау жөнінде ұсыныстар енгізу.

Ауылды дамыту жоспарында көзделген негізгі жобалардың іске асуына басымдық беру. Атап айтқанда, су құбыры желілері мен сүзгі станциясын жаңғырту, кәріз жүйесін салу, 2027 жылға дейін жоспарланған 27,7 шақырым көшені жөндеу және жеке өрт сөндіру депосын салу мәселелерін тиісті органдар алдында тұрақты көтеру.

Бұл жобалардың қаржыландырылуы мен орындалу барысын бақылап, тұрғындарға әр кезең бойынша ақпарат беріп отыру.

2. ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАР – ТҰРҒЫНДАРҒА ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ

Қарғалының өндірістік және кәсіпкерлік әлеуетін арттыру – ауыл экономикасын дамытудың маңызды бағыты. Осы мақсатта бұрынғы шұға комбинатының меншік иесімен және ықтимал инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, өндірісті қайта жандандыру немесе оның орнына жаңа кәсіпорын ашу мүмкіндіктерін қарастыруға ықпал ету.

Ауыл аумағында санаторий-курорттық орталық салу жөніндегі инвестициялық ұсынысты әзірлеп, жобаға қызығушылық танытатын инвесторларды тарту мәселесін көтеру.

Сонымен қатар малды алғашқы өңдеу кешенінің жобасын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын өркендетуге және жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға басымдық беру.

Жаңа кәсіпорындар ашылған жағдайда жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау, сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту және қайта даярлау бағдарламаларын ұйымдастыруға атсалысу.

3. КӘСІПКЕРГЕ – СЕНІМДІ ҚОЛДАУ

Шағын және орта бизнесті дамыту, жергілікті кәсіпкерлерге қолайлы жағдай қалыптастыру және инвестициялық белсенділікті арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізу.

Қарғалыда жыл сайын инвестициялық бизнес-форум өткізу бастамасын көтеру. Оның аясында кәсіпкерлер мен инвесторлардың басын қосып, жаңа жобаларды таныстыруға, тәжірибе алмасуға және іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік жасау.

«Даму» қорының, Аграрлық несие корпорациясының және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өкілдері қатысатын көшпелі кездесулер мен кеңес беру шараларын ұйымдастыруға ықпал ету. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау бағдарламалары, жеңілдетілген қаржыландыру және гранттар туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге атсалысу.

Сондай-ақ жергілікті бюджет кірістерін арттыру және ауылдық округтің дамуына бағытталатын қаржы көлемін ұлғайту мәселесін көтеру. Қолданыстағы заңнама аясында кәсіпкерлік пен өндірістен түсетін түсімдердің жергілікті инфрақұрылымды дамытуға, жол жөндеуге, көше жарығына және абаттандыруға бағытталуына ықпал ету.

4. ЖАСТАРҒА – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Қарғалы жастарының заманауи білім мен жаңа технологияларды меңгеруіне жағдай жасау – болашаққа салынған инвестиция. Осы бағытта мектептерде жасанды интеллект, робототехника және бағдарламалау үйірмелерін ашу мәселесін көтеру.

Жастардың өзара тәжірибе алмасуына, жобаларын әзірлеуіне және қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін арнайы жастар кеңістігін құруға ықпал ету.

Мектеп оқушылары мен жастарға арналған мамандықтар жәрмеңкесін, кәсіпкерлермен және түрлі сала мамандарымен кездесулерді, тәлімгерлік бағдарламаларды ұйымдастыруды қолдау. Дебат клубтарының жұмысын жандандырып, жас буынның көшбасшылық, сыни ойлау және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған іс-шараларды көбейту.

Сонымен қатар жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, бизнес ашуға қажетті білім мен қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған жобалардың қолжетімділігін кеңейту.

5. ТАЗА АУЫЛ, КӨРКЕМ ТАБИҒАТ

Қарғалының тазалығы мен табиғи келбетін сақтау – ауыл тұрғындарының ортақ жауапкершілігі. Қоқыстың уақытылы шығарылуын жүйелі бақылау, заңсыз қоқыс орындарын жою және олардың қайта пайда болуына жол бермеу мәселелерін тиісті органдар алдында көтеру.

Ұзын Қарғалы өзенінің жағалауын абаттандыру, санитарлық жағдайын жақсарту және тұрғындардың демалуына қолайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыру жөнінде ұсыныстар енгізу.

Табиғи ландшафтты сақтау мақсатында жартастар мен табиғи нысандарға жазу жазу, қоршаған ортаны бүлдіру әрекеттерінің алдын алуға бағытталған шараларды қолдау.

Ауылдың туристік әлеуетін пайдаланып, қауіпсіз әрі жабдықталған туристік маршрут құру, демалыс орындарын дамыту және жергілікті табиғи ерекшеліктерді танытуға арналған жобаларды жүзеге асыруға ықпал ету.

6. САЛАУАТТЫ ӨМІР, ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ

Ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау, спортпен айналысуға қолайлы жағдай қалыптастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлу.

Барлық жас санатындағы тұрғындарға арналған спорт секцияларын дамыту, бұқаралық спорт алаңдарының қолжетімділігін арттыру және аға буын өкілдеріне арналған белсенді ұзақ өмір клубтарын ашу бастамаларын қолдау.

Зиянды әдеттердің алдын алу, алкогольге тәуелділіктің зардаптарын түсіндіру, салауатты өмір салтын насихаттау және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсету бағытындағы жобалардың жүзеге асуына атсалысу. Қажет болған жағдайда мамандандырылған оңалту қызметтеріне қолжетімділікті арттыру мәселесін көтеру.

Мектептер мен балалар көп шоғырланатын аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беру. Атап айтқанда, мектеп маңындағы көше жарығын жақсарту, қауіпсіз жаяу жүргінші өткелдерін орнату және жол қозғалысын реттеу мәселелерін тиісті органдармен бірлесе қарастыру.

7. ТҰРҒЫНДАРМЕН БІРЛЕСКЕН БАСҚАРУ – ҚАРҒАЛЫНЫ ДАМЫТУ КЕҢЕСІ

Ауылдың болашағына қатысты шешімдер тұрғындардың пікірін ескере отырып қабылдануы тиіс. Осы мақсатта тұрғындардан, кәсіпкерлерден, жастар мен қоғамдық белсенділерден тұратын Қарғалыны дамыту кеңесін құру бастамасын көтеру.

Кеңес аясында ауылдың өзекті мәселелерін талқылап, басым жобаларды анықтау, олардың орындалу барысын бақылау және жаңа ұсыныстар әзірлеу жұмыстарын ұйымдастыру.

Жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, тұрғындардың қоғамдық маңызы бар жобаларды таңдауға қатысу тетіктерін енгізуге ықпал ету. Бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпараттың ашықтығын арттырып, тұрғындардың ұсыныстарын жергілікті атқарушы органдарға жеткізу.

Менің ұстанымым – Қарғалының дамуы тек бір адамның немесе бір мекеменің жұмысы емес. Бұл – тұрғындар, кәсіпкерлер, жастар және мемлекеттік органдар бірлесе атқаратын ортақ міндет.

ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙМІН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ЕСЕП БЕРЕМІН?

Мен үшін сайлауалды бағдарлама – жай ғана уәделер жиынтығы емес, тұрғындар алдында қабылданған жауапкершілік. Сондықтан әр бағыт бойынша нақты жұмыс жүргізіп, оның нәтижесін халыққа ашық көрсетуді міндетім деп санаймын.

Жеке қабылдау – айына екі рет. Қарғалы ауылында тұрғындарды тұрақты қабылдап, бүкіл аудан тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстарын алдын ала жазылу бойынша қарастыру.

Тұрғындармен кездесу – тоқсанына бір рет. Ауыл тұрғындарымен ашық кездесулер өткізіп, көтерілген мәселелерді талқылау және атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беру. Кездесу өтетін уақыт пен орын туралы кемінде жеті күн бұрын хабарлау.

Есеп беру – жылына екі рет. Маусым және желтоқсан айларында жеті қадам бойынша атқарылған жұмыстар, шешімін тапқан мәселелер және орындалу барысындағы міндеттемелер көрсетілген есепті жариялау.

Өтініштерді қабылдау – онлайн және жазбаша түрде. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдап, оларды қарау және жауап беру мерзімдерін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес сақтау.

Тұрақты бақылау. Депутаттық сауалдар жолдау, аудандық бюджет пен даму жоспарларын талқылауға қатысу, тиісті мекемелердің жұмысын бақылау және тұрғындар көтерген мәселелердің орындалу барысын қадағалау.

Мәслихат депутаты барлық нысанды өзі салмайды және барлық мәселені жеке өзі шеше алмайды. Алайда депутат аудандық бюджетті бекітуге қатысады, депутаттық сауал жолдайды, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына бақылау жасайды және халықтың мүддесін қорғайды. Сондықтан менің негізгі міндетім – Қарғалының мәселелерін жауапты органдар деңгейінде көтеру, олардың шешілуіне ықпал ету, орындалуын бақылау және тұрғындар алдында тұрақты есеп беру.

ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!

Қарғалының бүгінгі дамуы мен ертеңгі келбеті – баршамызға ортақ жауапкершілік. Ауылдың шешімін күткен мәселелері аз емес, бірақ оларды кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік те, әлеует те бар.

Мен сіздерге Қарғалыны дамытуға бағытталған жеті нақты қадамнан тұратын бағдарламамды ұсынамын. Әр бағыт бойынша жұмыс жүргізіп, нәтижесін ашық көрсетіп, тұрғындар алдында есеп беруге дайынмын.

Бір мақсат – өркендеген Қарғалы!
Бірлесе атқарған еңбек – нақты нәтиже!

Құрметпен,
Ерсұлтан Сарқытбай

Exit mobile version