Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында, сондай-ақ Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Эколог күніне орай мәдениет, спорт, білім беру салаларының өкілдері, жастар және жастар ұйымдары «Өзіңнен баста!» челленджіне қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Челлендждің негізгі мақсаты – қоршаған ортаға құрметпен қарауды насихаттау және экология мәселелеріне қоғам назарын аударту.
Қатысушылар әлеуметтік желідегі парақшаларында халыққа үндеу жолдап, әр азаматты қоршаған ортаны таза ұстауға және табиғатты аялауға өз үлесін қосуға шақырды.
«Мен экологияны және «Өзіңнен баста» экологиялық челленджін қолдаймын. Өзімнен бастаймын және әр адамды табиғи ресурстарға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырамын!» — деді «Жер амбассадорлары» жастар қозғалысының өкілі.
Экологиялық іс-шаралар аясында «Өзіңнен баста» челленджі елорданың жазғы лагерьлерінде де өтіп жатыр. Балаларға арналған тақырыптық кездесулер ұйымдастырылып, табиғатты аялау мен қоршаған ортаны қорғаудың маңызы түсіндірілді.
Оларға экологияға қамқорлық әр адамның жеке үлгісінен басталатыны, күнделікті әдеттер – тазалық сақтау, ресурстарды үнемдеу және жауапкершілікпен қарау арқылы қалыптасатыны айтылды.
Челленджге қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясы бір реттік шара емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана қоршаған ортаны сақтап, болашақ ұрпақ үшін қолайлы жағдай жасауға болатыны айтылды.
#ЭкологКүні #ТазаҚазақстан #ӨзіңненБаста

