Site icon Атамекен

ӨНЕГЕЛІ ӨҢІРДІҢ ӨРІСІ КЕҢ

Алматы облысының әкімі  Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВПЕН сұхбат

– Марат Елеусізұлы, Сіздің өндірістік ошағы көп, халқы да мейлінше тығыз орналасқан Алматы облысына жетекшілік етіп отырғаныңызға бір жарым жылдан асыпты. Екі облыс өз еншісін алып, бөлінгеннен кейін әлеуметтік-экономикалық өсім көрсеткіштері төмендеп кеткен жоқ па?

– Сұрағыңыз орынды, әрине. Әкімшілік-аумақтық өзгерістердің экономикамыз үшін айтарлықтай теріс әсері болмады. Облыс өзінің даму қарқынын сақтап қалды. Тіпті, соңғы бір жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары дер едім. Мұны 2023 жылдың негізгі қорытындыларынан байқауға болады. Мысалы, өнеркәсіпте алты пайыз өсіммен 1 трлн 716,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 817,6 млрд теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 330,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,2 пайыз болды. Облыс экономикасына 10,7 пайыз өсіммен 705,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Сауда көлемі 1 трлн 486,3 млрд теңгені құрады. 68,4 мың жаңа жұмыс орны ашылған, оның ішінде тұрақты жұмыс орындары – 56,7 мың.

Мұның барлығы – ортақ істің оң көрсеткіші. Алда атқарылатын іс  шаш-етектен. Ағымдағы жұмыспен қатар қордаланған жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған іргелі жобаларды жүзеге асыруды бастадық.

– Ауқымды жобаларды ақтарып айтпастан бұрын осы жылдың басында құрылған Алатау қаласына тоқталсаңыз? Жаңа қала жылда құрыла бермейді. Оның мақсаты қандай? Қандай мәселелерді шешеді?

– Алатау қаласы туралы сөз қозғағанда өткен жылдың наурызында құрылған «Алатау» арнайы экономикалық аймағын бірге атаған абзал. Себебі екеуі бірін-бірі толықтыратын егіз ұғым.

Аумағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен 30 мыңнан 96 мың гектарға дейін ұлғайтылған. Арнайы экономикалық аймақта «Астана» халықаралық қаржы орталығының моделі негізінде Common law жеке құқықтық режимі жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, мұнда Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттелетін арнайы салық жүйесі енгізіледі. Осындай қадамдар арқылы отандық және шетелдік инвестицияларды тарту үшін қолайлы климат ұсынып, нысандарды салуға кететін негізгі шығындарды азайта аламыз. Бұл өз кезегінде бүкіл аймақтың дамуына жаңа серпін болары сөзсіз. Болашақта мұнда құны 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту, 34 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Салық түсімдері 3,2 трлн теңге көлеміне дейін жетеді деп болжануда.

Алатау қаласының құрылуы – осы экономикалық аймақты тиімді басқару, қыруар қаржы құямын деп келген инвесторлармен «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеу, жобалау және құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат құжаттарын жылдам рәсімдеу, фискалдық әкімшілендіруді тиімді үйлестіру талаптарынан туындаған қажетті қадам. Алатау қаласының қалыптасуы, қарқынды дамуы Алматы агломерациясына тән маятниктік көші-қон мәселесін шешуге ықпал етеді.

88 мың гектар жерді алып жатқан қала мынадай 4 аймаққа бөлінеді:

– GATE Dictrict – халықаралық іскерлік және қаржы орталығы;

– GROWING Dictrict – экспортқа бағытталған өнеркәсіп және логистикалық хабы;

– GOLDEN Dictrict – білім, ғылым, медицина және спорт хабы;

– GREEN District – туризм, демалыс және сауық орталығы.

Келешек көкжиегіне көз салсақ, 2050 жылға қарай мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады деп болжануда. Тұрғын үй қоры 60 млн шаршы метрді құрайды деп жоспарлануда. Кезең-кезеңімен халыққа қажетті барлық әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасады.

Бұл жаңа қаланың өңіріміз үшін ғана емес, еліміз үшін де стратегиялық, мультипликативті маңызы өте зор.

– Түсінуімізше, Алатау қаласы инвестиция тартатын мықты магнит сияқты болады. Ал бұдан басқа жерлерге, жалпы облысқа шетелдік қаржыны тарту мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Алматы облысының инвестициялық тартымды өңір екендігі сөзсіз. Өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, тікелей шетелдік инвестиция көлемі 586 млн долларды құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 29,8 пайызға өскен (2022 жылы – 451,4 млн доллар). Құйылған қаржының 44 пайызы өңдеу өнеркәсібіне жұмсалған. Жалпы, 2023 жылы 705 млрд теңгеден астам инвестиция тартылғанын айттым (өсім – 110,7 пайыз). 2030 жылға дейін есептелген инвестициялық қоржында 31 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін, құны 3,6 трлн теңгеден асатын 217 жоба бар.

Өткен жылы шетел инвестициясын тартуға Үлкен Алматы айналма көлік жолы («БАКАД») көп сеп болды. Бес ірі халықаралық компания осы күрежолдың бойында жалпы құны 815 млн $ болатын өндіріс орындарын ашпақ. Олар: «PepsiCo» компаниясы (АҚШ) – «Lay’s» чипсілерін шығару өндірісін (құны – 200 млн $), «Focus Logistics» компаниясы «OZON» компаниясымен (Ресей) бірге – «A» санатындағы қоймалар (құны – 151 млн $), «Строитель 98» компаниясы (Ресей) – логистикалық кешен (құны – 100 млн $), «KT&G» (Оңтүстік Корея) компаниясы – темекі өнімдерін өндіру зауытын (құны – 204 млн $), «Outlet Center» – киім-кешек пен тұрмыстық заттар сату орталығын (құны – 40 млн $) салмақ. Сонымен қатар мұнда отандық кәсіпорындар да орналасуда. Мысалы, «Алтын таға» компаниясы құны 56 млрд теңге болатын (120 млн $) құрылыс материалдарын шығаратын индустриалды-өндірістік кешен салуда.

Айтулы шетелдік инвестиция ретінде атап өтетін тағы бір ірі жоба – Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриалдық аймағында трансұлттық «Технониколь» компаниясы салып жатқан құны 100 млн долларды құрайтын жылу оқшаулағыш материалдар зауыты. 217 жаңа жұмыс орны құрылып, өндірілетін өнім ішкі нарықтың 20 пайыз қажеттілігін қамтамасыз етеді.

Жаңадан құрылып жатқан өндіріс ошақтарын орналастыру мақсатында аумағы 1,3 мың гектар болатын төрт индустриалды аймақ құрылуда. Олар: Жамбыл ауданындағы «Қазбек бек», Іле ауданындағы «Береке», Талғар ауданындағы «Қайрат», Еңбекшіқазақ ауданындағы «Шелек» индустриалды аймақтары.

Бүгінгі күні инфрақұрылымы дайын жерлерде зауыттар салынып, іске қосылған. Нақты айтқанда, Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриалды аймағында құны 88 млрд теңге инвестиция тарту арқылы 1782 жұмыс орны құрылатын 14 жобаны жүзеге асыру басталды. Оның ішінде, қуаттылығы жылына 1080 тонна шойын өндіретін «SAFA Industrial» зауытының құрылысы аяқталды. Биыл аталмыш зауыт толық қуатына енеді.

Индустриалды аймақтардың нақты жұмыс істейтін механизм екенінің дәлелі ретінде Іле ауданы «Береке» аймағындағы «Fruit Art» жеміс-көкөністерді мұздатуға арналған сублимациялық зауытын атап өту керек. Жылына 25 мың тонна өнім өңдейтін зауытта 247 адам жұмыс атқарады. Бұларға қоса «Жетіген» атты тағы бір индустриалды аймақ құру жоспарлануда. Оның мақсаты – Алматының айналасында логистикалық орталықтар мен жүк қоймаларын салу арқылы көлік инфрақұрылымына жүктемені азайту. Бұл ретте «Жетіген – Қазыбек бек» темір жол желісін тарту басталды.

Қазақстан мен Қытай арасында жүк тасымалын арттыру мақсатында Қалжат өткізу пунктін жаңғырту жолға қойылды. Нәтижесінде, жүк тасымалы 3 есе артып, тәулігіне 300 автокөлікке дейін өткізу мүмкін болады. Жұмыстар биыл қазанда аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Қытай тарапы өз аумағында индустриалды аймақ құруда. Біздің тараптан да сондай жобаны жүзеге асыратын инвесторлар бар. Осы сынды жобалар өңірде өнеркәсіптің дамуына, оның ішінде, өңдеуші сектордың қуатын арттыруға серпін береді. Саладағы оң динамика өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің алты пайызға өсіп, 1 трлн 716,7 млрд теңгенің өнімі өндірілуінен байқалады (Республика бойынша – 4,3 пайыз). Салада 34 жоба іске асырылып, 1087 жұмыс орны ашылды.

– Көпшілікті қызықтыратын бір сұрақ – облыс орталығы Қонаев қаласының дамуы туралы айта кетсеңіз.

– Ең алдымен, қала инфрақұрылымының тозғанын атап өту керек. Облыс орталығы болғаннан бері қаланың бюджеті 2,7 есеге өсіп, 40 млрд теңгені құрады (2020 жылы – 14,6 млрд теңге, 2021 жылы – 9,2 млрд теңге, 2022 жылы – 30,1 млрд теңге).

Былтырдан бастап 20 шақырым жол жөнделіп, 37 шақырым электр, 20 шақырым су желілері тартылды. Орталық саябақ пен көшелерді, көпқабатты үйлердің аулаларын қосқанда, 65 нысан абаттандырылды. 1,7 га жағажай жайластырылды. 33 үйдің қасбеті мен шатырлары жөнделді. Жылу жүйелерінің апатты бөліктері қайта жаңғыртылды (2,4 шақырым).

Қаланың кәріз жүйесі тозған. Өткен жылы 10 шақырым апатты бөлігі жөнделді. Мәселе мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында толық шешілмек. Құны 25 млрд теңге болатын жоба әзірленіп, байқау жарияланған.

Былтыр Қонаев қаласының Бас жоспары бекітіліп, жаңа әкімшілік-тұрғын үй орталығын салуды көздейтін 5 жылдық кезеңге арналған қаланы дамытудың кешенді жоспары қабылданды. 19 мың га аумақта орналасатын қала халқының саны 2050 жылға қарай 200 мың адамды құрайды деп болжануда. Екінші кезеңде «Жаңа Іле» алаңы игеріледі. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет, білім беру ғимараттары, тұрғын   үй  кешендері  және  рекреациялық нысандар салынады. Қонаев қаласының өркендеуі бүкіл өңірге тың серпін берері анық.

 

Ауыл – қазақтың күретамыры

 

– Ауыл шаруашылығы саласында да қордаланған мәселе жетерлік. Суармалы жердің көлемі неше? Қазіргі таңда жайылымды жерге көпшіліктің қолы жете бермейді. Президентіміздің пайдаланылмаған жерлерді мемлекетке қайтару бағытында берген тапсырмасы қалай орындалуда?

– Халқымыздың ұлттық құндылығының ошағы әлмисақтан ауылдан бастау алады. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Оған мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік дамуын, әлеуетін көтеру бағытында қабылдап отырған бағдарламалары айғақ бола алады.

Халықтың ауылды жерлерде тұрып, еңбек етуіне қолайлы жағдай жасау – ішкі көші-қонды тұрақтандыруға септігін тигізеді. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытуға негізгі күш салынуда. Бұл салада Алматы облысы 9,6 пайыздық үлеспен республикада үшінші орынға ие.

Өңіріміз өрік, алма, алмұрт, жүгері, жүзім, картоп, көкөністер, соя және күріш өсіруден алғашқы үштікке кіреді. Жыл бойы өнім алуды қамтамасыз ету үшін жылыжай кешендері мен сақтау қоймалары көбейтілуде. Қазіргі уақытта жалпы ауданы 85 га болатын 55 жылыжай, қуаттылығы 128,6 мың тонна болатын 71 сақтау қоймасы бар. Былтыр барлық егіс алқаптары 3,2 мың гектарға ұлғайып, 457 мың гектарға жетті.

Президентіміз өз Жолдауында көтерген ирригация мәселесі біздің облысымыз үшін өте өзекті. Себебі ұзындығы 9400 шақырымды құрайтын суару жүйелерінің және гидротехникалық нысандардың 60-70 пайызы тозған. Сол себепті судың жартысына жуығы жоғалуда. Облыстағы суармалы жерлердің көлемі – 263,8 мың га. Былтырдан бері республикалық бюджеттен 8 млрд теңге бөлініп, 7 ауданда жұмыстар жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырым желілерді жөндеу нәтижесінде, 107 мың га жер суармалы санатына енеді.

Ирригация мәселесін түбегейлі шешу мақсатында құны 124 млрд теңге болатын 2024-26 жылдарға арналған жоспар әзірленді.

Өңірдегі су шаруашылығын жүйелеу үшін «Алматыоблсушаруашылық» мекемесін құрдық. Бұл делдалдарды жойып, шаруашылықтарға суды бекітілген тарифпен беруге мүмкіндік туғызды.

Ауыл шаруашылығына өткен жылы 50 млрд теңге инвестиция тартылып, 13 жоба іске асырылып, 646 жұмыс орны ашылды. Мал шаруашылығында облыс ет, сүт, жұмыртқа өндіруден, қой-ешкі, ірі қара және құс саны бойынша республика бойынша алғашқы орындарда.

«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» өңірлік бағдарламасы аясында 6 млрд теңге бөлініп, 30 шаруашылық 13 мың бас ірі қара және ұсақ мал сатып алды. Бұл арқылы алдағы 5 жылда асыл тұқымды ірі қараның үлесін 22 пайызға (қазір – 19,5 пайызы), қойдың үлесін 20 пайызға (қазір – 16,7 пайыз) жеткізу көзделуде.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облысқа 8,3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. 9,5 млрд теңгеге 1349 өтінім түсіп, 496 өтінім бойынша 3,6 млрд теңге несие берілген. Жұмыс одан әрі жалғасуда.

Өткен жылы аграрлық салаға 37,6 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде, субсидиялар – 36,5 млрд теңге.

Ауыл шаруашылығының дамуына қарқын беретін бағыттың бірі – пайдаланылмайтын жерлерді қайтарып, айналымға қосу. Облыс бойынша жалпы көлемі 612,8 мың гектар болатын  жерлер анықталып, оның 222,8 мыңы (36,4 пайызы) қайтарылды. Қоғамдық жайылымға 670 мың га жер бекітілді, оның ішінде, 2023 жылы берілгені – 66,7 мың га.

Ауылды жерлердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 21 млрд теңгеге 61 елдімекенде 86 жоба іске асырылуда.

Нәтижесінде, ауылдардың өңірлік стандарттарға сәйкес, әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілуі 68 пайызға жетеді (2022 жылы – 65,6 пайыз).

 

Ел әлеуеті –

әлеумет үшін

 

– Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру – басты міндет. Әрбір әкімге жүктелген бірінші міндет те осы шығар. Халыққа қажетті инфрақұрылым болса, Үкіметті мазаламайтыны тағы белгілі. Өңірдің жол, газ, энергиямен, сумен қамтылуы қай деңгейде? Жұмыссыздық мәселесі шешімін тапты ма?

– Жалпы, экономиканың нақты секторында қол жеткізген жетістіктердің арқасында 68,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, тұрақты жұмыс орындары – 56,7 мың. Жұмыспен қамту шараларының аясында барлығы 38 мың адамға қолдау көрсетілді. Осының нәтижесінде, жұмыссыздық 4,7 пайызды құрады (2022 жылы – 4,8%).

Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру үшін инфрақұрылымды дамыту маңызды. Бұл бағытта қаржыландыру 2 есеге артып, 55 млрд теңгені құрады (2022 жылы – 26,9 млрд теңге, өсім – 205 пайыз). Анықтама ретінде ұсынсақ, электр – 2,5 млрд теңге (өсім – 160 пайыз), су – 18,3 млрд теңге (өсім – 156 пайыз), газ – 4,3 млрд теңге (өсім –102 пайыз), кәріз жүйесі – 16 млрд теңге (өсім – 14,5 есе), жылу – 2,2 млрд теңге (өсім – 13 есе), жарықтандыру – 3,2 млрд теңге (өсім – 230 пайыз), абаттандыру – 8,8 млрд теңге (өсім – 126 пайыз).

Облыс көлемінде жол салуға және жөндеуге 50 млрд теңге бөлінді, 2022 жылға қарағанда, 30 пайызға артық (2022 жылы – 35 млрд теңге).

75 шақырымнан астам сумен жабдықтау желілері салынып, 3 ауылға бір орталықтан су беріледі, 17 ауылда судың сапасы жақсарады (59 жоба – 30 млрд теңге). Сонымен қатар 21 су ұңғымасы қазылған (30 млн теңге).

Келесі міндет – газдандыру. Облыста 156 елдімекен немесе 53 пайызы газдандырылып, халықтың 69 пайызы көгілдір отынға қол жеткізген. Өткен жылы 22 жобаны іске асыруға бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді. 33 мың тұрғын газбен қамтылды (9 елдімекен). Балқаш ауданын газдандыру ұзаққа созылған болатын. Қордаланған мәселе шешімін тауып, қарашада Бақанас ауылы газға қосылды. Жақын арада тағы 5 ауыл газға қосылады (Ақдала, Бақбақты, Бірлік, Бояулы, Миялы). 2025 жылға қарай өңір халқының 73 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді.

– Алматы облысы – Қазақстандағы маңызды туристік өлкелердің бірі. Бұл бағытта қандай жобаларды жүзеге асырып үлгердіңіздер, қандай жоспарларыңыз бар?

– Шынымен, облысымыздың туристік әлеуеті зор. Республикалық туристік картаға енген әрбір оныншы нысан біздің өңірде (республикада – 102 орын, Алматы облысында – 10). Былтырдан бері 15 туристік аумақта 337 шақырым таулы соқпақтар мен маршруттарды абаттандыру жүргізілуде. Көлсай көлінің инфрақұрылымын дамыту мен кәріз жүйелері мәселесін шешуді қолға алдық. Былтыр демеушілердің есебінен тегін Wi-Fi нүктесі қосылып, бейнебақылау камералары орнатылды. Осы жерде Көлсайдың жанындағы Саты ауылы жақында Өзбекстанда өткен Дүниежүзілік туристік ұйымның кеңесінде «Ең үздік туристік ауылдардың» қатарына кіргенін атап өткім келеді. Бұл – туризмді дамыту жұмыстарына берілген жоғары баға.

2023 жылғы қаңтар-қазан аралығында ішкі туристер саны 13 пайызға өсіп, 322 316 адамды құрады (2022 жылғы 9 ай – 281 409 адам). ¦лттық табиғи парктерге келушілерді қоса есептегенде 1,3 млн-ға жуық адамды құрап, 13 пайызға ұлғайды (2022 жылдың 9 айы – 960 мың). «Еqonaq» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес,  өткен жылы Алматы облысына шетелден келушілер саны 83,6 мың адамды құрап, республика бойынша алғашқы үштікте орналасқан. Биыл Қытаймен арадағы визасыз режимді тиімді пайдаланып, туристерді көптеп тарту үшін Нарынқолда жаяу өткізу пунктін ашу жоспарлануда. Аталған іс-шаралар туристер санын 1,2 млн адамнан 2 млн-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

– Алматы облысында тұрғын үй салу қарқыны жыл санап өсіп келеді. Биылғы жоспар қандай? Саяжайларды елдімекендерге қосу арқылы қордаланған мәселелерін шешуді қолға аламыз деп едіңіздер. Ол жұмыс қалай болып жатыр?

– Тұрғын үй пайдалануға 863,9 мың шаршы метр берілді немесе   2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда өсім – 109,4 пайыз. Бұл – республика бойынша төртінші көрсеткіш. Алайда жыл сайын үй кезегіне тұратын азаматтар саны 3-4 мың адамға артып отырады. Бүгінгі таңда кезекте 40 мың адам тұр. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Биылғы жоспар – 888 мың шаршы метр тұрғын үй салу.

Алматы агломерациясына кіретін аудандарға тән тағы бір мәселе – саяжайлар мәселесі. Ол көп жылдан бері шешімін таппай келеді. Себебі саяжайлар маусымдық сипаттағы үйлер болғандықтан, тиісті инфрақұрылым жүргізілмеген. Бүгінде 674 саяжайда 188 мың адам тұрады. Оларда елдімекен мәртебесі болмағандықтан, стандарттарға сай жолдармен, сумен, кәріз жүйесімен, газбен, көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз ету мүмкін емес. Облыс бойынша шығатын сыни ақпараттардың бірқатары саяжайларға байланысты. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін 333 саяжайды жақын маңдағы елдімекендердің шекарасына енгізе отырып, бас жоспарларды түзету бойынша жұмыстар аяқталды. Барлық бас жоспарлар уәкілетті органдармен келісіліп, қоғамдық талқылау рәсімдерінен өтті және аудандық мәслихатпен бекіту сатысында.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңына және ҚР Жер кодексіне сәйкес, саяжай алаптарының аумақтарын елдімекендерге қосу саяжай алаптарының мәселелерін шешуге, әлеуметтік нысандар салу үшін жер учаскелерін резервке қоюға мүмкіндік береді.

Алматы агломерациясының елдімекендерін, оның ішінде, саяжайларды автобус қатынасымен толық қамту мақсатында коммуналдық автобус паркі құрылды (өткен жылы 25 автобус алынды). Биыл барлығы 37 елдімекенді қамтитын 12 жаңа маршрут ашылды, оның ішінде, төртеуіне мемлекеттік автопарк қызмет көрсетеді.

2022 жылы субсидия көлемі 200 млн теңге болса, өткен жылы 1,3 млрд теңгеге дейін көтерілді. Бұл әлеуметтік бағыттардың санын 59-ға жеткізуге мүмкіндік берді (2022 жылы – 29). Сонымен қатар мектеп оқушыларын тасымалдау үшін биыл қосымша 34 автобус алдық. 286 елдімекеннің 33 мың оқушысы қамтылып отыр (2022 жылы – 254 елдімекен, 30,4 мың оқушы).

– Облыста үшауысымды мектеп мәселесі әлі де өзекті. Халық саны да жылдан-жылға артуда. Жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?

– Білім беру саласындағы негізгі басымдық үшауысымды оқыту мен орын тапшылығын жою болып табылады. 2023 жылдың басында облыста 52 үшауысымды мектеп болды. Өткен жылы 11,7 мың орынға арналған 11 мектеп тапсырылды. Бесеуі жыл соңына дейін беріледі. Келер жылы үшауысымды мектептер 39-ға дейін қысқарады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-2025 жылдары 54,6 мың орынды 53 мектеп салынады. Оның ішінде, 24,9 мың орынға 26 мектеп осы жылы қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар инвесторлар тарту арқылы өткен жылдан бері 8150 орынды 9 мектеп құрылысы жүргізілген болатын. Қазіргі уақытта 1350 орынды 4 мектеп  құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Атап айтқанда, Іле ауданы Түймебаев ауылында 400 орынды «Montesoree» академиясы, Қарасай ауданы Алмалыбақ ауылында «Курсант» ЖШС-мен 300 орынды орта мектебі,  Қаскелең қаласында 350 орынды Қазақ-Британ мектебі, Жамбыл ауылында 300 орынды «Нұрдәулет» мектебі ашылып, жұмыс істеп тұр.

2024 жылдың 8 қаңтарында  Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты «Ақжол» саяжайында «Менің мектебім» ЖШС 1500 орынды жекеменшік мектеп құрылысын аяқтап, пайдалануға берді. Мектеп оқушыларын қабылдау тегін, жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесі  шеңберінде жүзеге асырылады.

Биылғы жылдың 10 қаңтарында Іле ауданы Жаңаталап ауылында 600 орынды, ¦йғыр ауданы Шонжы ауылында 900 орынды,  Қарасай ауданы Үштерек ауылында 600 орынды мектеп қолданысқа берілді. Аталған жекеменшік мектептердің құрылысы, сонымен қатар Қарасай ауданының «Өмірзақ» тұрғын үй кешенінде салынып жатқан  900 орынды (үшауысымды) және Еңбекшіқазақ ауданының Төле би ауылындағы 450 орынды (мектепке ыңғайландырылған ғимарат орнына) 2 мектеп ағымдағы жылы аяқталатын болады. Осылайша, үшауысымда оқыту мен оқушы орнының тапшылығын жою көзделіп отыр.

Білім сапасын арттыру мақсатында «Табысты 50 мектеп» атты бірегей жобаны жүзеге асырдық. Оның аясында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» және «Қазақстан халқына» қорларымен бірлесіп 50 мектептің 3,8 мың ұстазын біліктілігін арттыру курстарынан өткіздік. 58 мыңнан астам оқушы кешенді оқумен қамтылды. Бұған жергілікті бюджеттен 756 млн теңге бөлінді. Жоба аясында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 50 мектепке 1,5 млрд теңгеге физика, химия және биология пәндерінің 150 зертхана кабинеттері жабдықталуда.

– Марат Елеусізұлы, ендігі әңгімемізді денсаулық сақтау саласына қарай ойыстырсақ. Бұл бағытта қандай өзгерістер бар?

– Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жалпы өлім-жітім 5,7%-ға (1 мың адамға шаққанда, 6,36-дан 6,00-ге дейін), қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 9,7 пайызға азайды (54,90-нан 49,60-қа дейін).

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 38 медициналық нысан салу көзделуде.

Қонаев қаласында 800 төсекті көпбейінді аурухана, 500 келушіге арналған емхана, қалалық аурухана жанындағы инфекциялық блок салу жоспарланған.

Былтыр күзде «Қазақстан халқына» қоры 1,1 млрд теңге тұратын 2 жылжымалы медициналық кешен сыйға тартты. Олар жапондық компьютерлік томографпен, цифрлық маммографпен және УЗИ аппаратымен жабдықталған. Кешендер шалғай ауылдардың тұрғындарын скринингтен өткізуде.

Алыста тұратын азаматтарға жедел әрі тиімді медициналық көмек көрсету мақсатында телемедицинаны дамыту қолға алынған. Бүгінгі күні 13 медициналық қызметті қашықтан көрсету мүмкіндігі бар. Денсаулық сақтау ұйымдары көрсеткен қызметтердің ішіндегі бұл бағыттың  үлесі 7 пайызды құрап отыр. Былтыр 158 мыңнан адам осындай көмек түріне жүгінген. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау министрлігі кеңес беру тізбесінің санын 67-ге, медициналық қызметтер санын 48-ге жеткізуді қарастыруда. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы да бұл бағыттағы жұмысты күшейтуде. Бүгінгі таңда меморандум аясында «SMART-ЭКГ» ЖШС 7 денсаулық сақтау ұйымында электрокардиографияның қорытындысын қашықтан оқу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыруды бастамақ.

Жалпы, өңірде денсаулық сақтау саласын дамытуда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі кеңінен қолданылуда. Қазіргі күні өңірде осы сипаттағы 7 жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында Қонаев қаласында «Ақ-Жан», Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында «Бақай-1», Қарасай ауданының Шамалған ауылында  «Uniqline», Жібек жолы ауылында «СК-MED», Балқаш ауданының Бақанас ауылында «MAKHAMBET CLINIC» медициналық орталықтары бар. Сонымен қатар кәсіпкерлер Қонаев қаласының көпсалалы ауруханасының жанынан неврология және эпилептология орталығын ашқан. Жақын аралықта тағы 3 жоба іске асырылып, ел игілігіне қызмет етеді деген жоспар бар.

–  Алматы облысы ең ірі мегаполисті айнала орналасқандықтан, өзекті тұрмыстық мәселелері көп.  Оларды шешу бойынша қандай шаралар қабылдануда? Жалпы, халықпен кері байланыс қалай жүруде?

– Қазіргі таңда халықтық пікірдің басты индикаторы әлеуметтік желі екені баршаға аян. Белгілі бір мәселелерді көтерген ақпаратты анықтап, дер кезінде жауап беру жолға қойылған. Бұл бағыттағы жұмысты әр апта өтетін аппараттық кеңесте қарап отырамыз. Сонымен қатар желіде жариялана бермейтін, бірақ өзекті де жүйелі мәселелердің тізбесін жасап, оларды кезең-кезеңімен шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде мұндай тізбеге жалпы сомасы 288 млрд теңгені құрайтын 1033 мәселе енгізілген. Қазіргі уақытта олардың 159-ы өз шешімін тапқан. Бұған 102,7 млрд теңге қаржы жұмсалған. Ендігі кезекте 981 өзекті мәселені шешу бойынша жұмыстар атқарылуда. Олардың орындалу барысы туралы ақпарат әр ауылдың әкімдіктеріндегі арнайы стендтерде және әкімдіктің ресми сайтында орналасқан. Бұл тізбе әрқашан толығып отырады. Азаматтар өздерінің негізді ұсыныстарын енгізе алады.

Мұндай форматтағы жұмысты бірқатар аудандардың мысалдарында ашып көрсетуге болады. Атап айтқанда, Жамбыл ауданы бойынша 99 мәселе тізбеге енген. Бүгінгі күні олардың 19-ы шешілген. Арқарлы және Үлгілі ауылдарында медициналық қосындар салынып, 9 жол жөнделіп, коммуналдық шаруашылық саласындағы 6 мәселе шешімін тапқан. 80 мәселені жүзеге асыру үшін барлығы 101 млрд 91 млн теңгеге 2023-2027 жылдарға іс-шара жоспары әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде. Қарасай ауданы бойынша 198 өзекті мәселенің тізбесі жасалып, қазіргі күні 69-ы өз шешімін тапқан. Олардың қатарында жолдарды жөндеу, интернет тарту, абаттандыру, ауданішілік субсидияланатын автобус маршруттарын іске қосу бар.

Қоғамдық көлік мәселесі Іле ауданы тұрғындары тарапынан да көп көтерілген. Сондықтан 2023 жылы облыстық коммуналдық автобус паркі тарапынан 4 бағыт бойынша маршруттар қосылды (№305 маршрут «Шабыт ықшамауданы – Өтеген батыр ауылы»; №301 маршрут «Төле би ауылы – Сәлем автостансасы»; №303 маршрут «Қосөзен ауылы – Жетісу базары»; №307 маршрут «Туғанбай  ауылы –  Қонаев қаласы»).

Бұл жүргізіліп жатқан жұмыстардың бірқатар көрінісі ғана. Жалпы жұмыс реті осындай. Әрбір маңызды деген, бюджеттен қаржы бөлуді талап ететін мәселелер жіктеліп, жыл-жылға бөлінген, бақылауға алынған.

 

Ақынын ардақтаған

ел абыройлы

 

– Баршаға ортақ тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында мәдениеттің маңызы өте зор. Облыстың руханият саласына қосқан үлесі туралы айтып өтсеңіз.

– Алматы облысының өнері мен мәдениеті – кешегі өткен Сүйінбай мен Жамбыл, Ілияс пен Мұқағали ақындардан, Қожеке күйшіден желісі үзілмей, бүгінге жеткен қастерлі құндылық.

Сіздің сұрағыңызға жауап ретінде алысқа бармай, өткен жылда атқарылған жұмыстардың бірқатарын атап өтсем. Былтыр күйші-композитор Қожеке Назарұлының 200 жылдығына орай облыс аумағында ғылыми экспедиция, күйшілердің республикалық «Тарту» байқауы ұйымдастырылды. Жамбыл Жабаевтың 177 жылдығына «Жамбыл – ¦лы дала ақыны», Әміре Қашаубаевтың 135 жылдығына «Шырқа дауысым», Қазақстанның Халық әртісі, композитор Әсет Бейсеуовтің 85 жылдығына арналған «Әсеттің әсем әндері» атты мерекелік концерттер мен байқаулар өтті. Көдек Байшығанұлының 135 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның 50 жылдығын атап өттік.

Биыл 100 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланғалы отырған көрнекті жазушымыз Бердібек Соқпақбаевтың ескерткішін орнатып, ірі іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар батыр Өтеген Өтеғұлұлының (Өтеген батыр) 325 жылдығына, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, ақын Гүлсім Сейілжанованың, суретші Үкі Әжиевтің, жазушы Сейдәлім Тәнекеевтің 100 жылдықтарына арналған кешенді шаралар ұйымдастырылады.

Қатпарлы тарихы бар қазақ елі тәуелсіздік алған жылдар ішінде өзінің қалыптасу, даму жолын айқындап, бүгінін бағдарлап, келешегіне негіз салды. Болашақ үшін аса маңызды саналатын ақпарат алмасу, цифрландыру, озық технологиямен жұмыс істеу, халықаралық тілдерді еркін меңгеру сияқты тармақ-тармақ талаптарды уақыттың өзі туғызып отыр. Десек те, заманның ағымына сай болумен қатар, өскелең ұрпақ ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындап өсіп, рухани құндылықтарды құрметтей білгенде ғана еліміз мәңгілік, болашағымыз жарқын бола алады. Ендігі жерде осы құндылықтарымызды жаңа сапаға көтеріп, жаңа дәуірмен жалғастыра жаңғыртудың қажеттілігі аса зор.

– Осы ойыңызға байланысты бір сұрақтың орайы келіп тұр. 4 қаңтарда «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурызды мерекелеуге ерекше ден қоятындығын жеткізді. Биыл облыс аумағында қандай жаңашылдық орын алмақ?

– Бұл бағытта ең алдымен мейрамға бұқаралық сипат дарытуға басымдық беріліп отыр. ¦лыстың ұлы күніне орайластырылатын шаралар наурыздың басынан басталып, бір айдай уақытты қамтиды. Өңірлік тұжырымдама әзірленіп, ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Оның аясында ірі сауда орындарында мерекелік жеңілдіктер науқанын, «Наурыз: балаларға базарлық» акциясын, адамдар көп жиналатын жерлерде «Наурыз қалашықтарын» құру, Наурыз жәрмеңкесін өткізу және басқа да жобаларды жүзеге асыру көзделген. Ал облыс орталығында ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шара ұйымдастырып, қазақ халқының көшу дәстүрін көрсету жоспарлануда. Сонымен қатар әр елдімекенде, кәсіпорындар мен ұйымдарда мерекелік шаралар өтері сөзсіз. Себебі Наурыз – жасампаздық пен жаңаруға бастайтын нағыз халықтық мейрам.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан –

Жақыпжан Н¦РҒОЖАЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, публицист, жазушы

Exit mobile version