Site icon Атамекен

«Өнерлі ұрпақ – ел болашағы»

Қай заман, қай қоғамда болмасын  адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп келген. Себебі, ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесінде. Бүгінгі шәкірттеріміз, балаларымыз – ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын, тәуелсіздігіміз бен еліміздің іргесін бәріннен биік қоятын   азаматтар болатынына сенім мол. Олардың білімді, дені сау, саналы ұрпақ болып қалыптасуына қоғам болып ынтымақтасып атсалысуымыз қажет-ақ.

«Өнер —  халықтың қазынасы» «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»  деп ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов айтпақшы, ұлт ретінде танылу оның болашағы, болмысы және салт-дәстүрі мен  өнеріне тікелей байланысты. Қазіргі  ақпарат ғасырында қай саланы алып қарасақ  та, өз ықпалы мен күш қуатын жойған емес.

Өнерді үйренген шәкірттің жанарына от, қиялына қанат бітіп, шабыты артып, тәжірибесі шыңдала түседі. Осы орайда, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылы, «Жамбыл ауылындағы өнер мектебінің»  түлегі  Манас Ажар Исатайқызы туралы айтудың реті келіп отыр. Ол бала кезінен ән әйтып, би билеп, сурет салуға бейім болып өсті. Сондай-ақ  әр түрлі үйірмелерге қатысып, түрлі іс-шараларда белсенділік таныта білген жас. Ажар Исатайқызы «Жамбыл ауылындағы өнер мектебінде» 5 жыл бойы эстрада-вокал сыныбы бойынша білім алды. Қазіргі таңда өнерлі бойжеткен  Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік- қолданбалы өнер колледжінің, Көркем қыш мамандығының 3- курс студенті.

2024  жылдың шілде айында   Ресей мемлекетінде өткен 41- ші Халықаралық «Гжелдің көк құсы» атты байқауында жас өнерпаз 2-дәрежелі лауреат атанды. Сондай-ақ, Астана қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымжанқызы Балаева мәдениет саласындағы беделді халықаралық жастар байқауының жеңімпаздарымен кездескен болатын. Осы  салтанатты жиында «Жас таланттар – жаңа есімдер» атты жоба бойынша Ажар Исатайқызы марапатталды.

Министр жас талантты құттықтап, олардың жетістікке жетуіне үлес қосқан  ата-анасы-Шортанов Исатай мен  Саткулова Ақгүл және ұстазы  Индира Қалибекқызын жиынға арнайы шақыртып, құрмет көрсетіп «Алғыс хатпен» марапаттады. Қазақта «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген жақсы  сөз бар. Расында да, Ажардың ата-анасы жастарды өнерге баулып жүрген ұстаздар.  ұстазы халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы. Ол шәкіртінің өте талантты қыз екенін айта келе,  болашағынан үлкен үміт күтетінін де тілге тиек етті.
Қорыта келе айтпағымыз, адам баласы ертелі кеш өзінің қабілеті мен мүмкіндігін тани білуі тиіс. Себебі, сол кезде ғана оның жолы мен өмірлік мақсаты айқын болмақ. Ендеше осы тұста, еліміздегі өнер мектептері баланың шығармашалық қабілетін дамыту арқылы өмірлік мақсатына бағыт-бағдар беруде зор еңбек сіңіріп келеді деп айта аламыз.

 

Киім дизайн сыныбының мұғалімі «Күміс алқалы ана»

Саткулова Ақгүл Аманжолқызы

 

 

 

Exit mobile version