Site icon Атамекен

Өнер – өмірінің өзегі

 Теңіздің тереңінен маржан тергендей, сырлы да сазды күй өнері – халқымыздың рухани жауһары. Замана зарын, дәуірдің тынысын, ұлттың үні мен болмысын домбыраның қос ішегі арқылы жеткізе білген күйшілер – қазақ мәдениетінің алтын діңгегі. Аңызға айналған Нұрғиса Тілендиевтің «Қос аққу» күйі арқылы аққулардың мінез-құлқына әсер еткені – күй құдіретінің дәлелі. Міне, сондай ұлы өнерді серік еткен жандардың қатарында Жамбыл ауданына қарасты Еңбекшіарал ауылынан шыққан дәулескер домбырашы, сазгер әрі ұстаз Берік Бөкебаев ағамыздың орны айрықша. Ол – өнер жолындағы өнегелі ісімен ғана емес, ұлт мұрасын шәкірт жүрегіне сіңіре білген ұлағатты тұлға. Сазгерлік пен күйшілікті өмірінің өзегіне айналдырған өнерпазбен болған сырлы сұхбатымызда күй өнерінің өткені мен бүгіні, шәкірт тәрбиесі, домбыра шеберлігі мен шығармашылық ізденіс жолы кеңінен сөз болады.

1973–1974 жылдары Алматы қаласындағы №4 мектеп-интернатында, қазіргі Нүсіпбай Ибрагимов атындағы өнер мектебінде білім алдым. 1975 жылы Абай атындағы музыка мектебінде 8-сыныпқа дейін оқыдым. Сол кезде біздің тәрбиеші  Ғани Көпбаева деген апай мені домбыра үйірмесіне жетектеп апарып, Абуов Адамбай ағаймен таныстырды. Ол кісі – менің алғашқы ұстазым. Кейін ауылды сағынып, 8-сыныпта Қарасу ауылына ауысып, сол жердегі  мектепті 1983 жылы бітірдім. 1984 жылы әскер қатарына шақырылып, Хабаровск өлкесіндегі Бикин деген қалаға бардым. Қызығы, қаланың аты өз атыммен аттас болды. Себебі, достарым мені  «Бекен» деп  атайтын. Әскерде нота танитын сарбаздарды оркестрге іріктегенде мен де таңдалып, үрмелі аспаптарда өнер көрсеттім. Отан алдындағы парызымды өтеген соң Жамбыл атындағы кәсіптік колледжде «шопыр» мамандығын оқыдым. Ол кезде студенттер ауылдан жаяу қатынайтын. Мақта терген күндерім күні бүгінге дейін есімде. Бірақ оқуымды аяқтай алмадым. Әлде қиындықтарға шыдамай, әлде қырсық мінез әсер етті ме… Қалай болғанда да еңбекпен шұғылданып жүрдім. 1986 жылы аудандық «Құлансаз» ансамбліне қабылданып, алғашында биші, кейін күйші ретінде сахнаға шықтым. Бірақ сол жылы желтоқсан оқиғасына байланысты ансамбль жұмысын тоқтатты. 1987 жылы Қаскелеңдегі клуб қызметкерлерін даярлайтын оқу орнына түсіп, 1989 жылы тәмамдадым. Қайтадан ансамбльге оралуға ниет білдіріп едім, мәдениет бөлімінің басшысы жұмысқа алмай қойды. Дегенмен мойымадым, Қарғалыдағы автобазада қарауыл болып жұмыс істедім. Кейіннен ансамбльге шақырылғанда қуанышымда шек болмады. Театр құрамында сахнада өнер көрсеттім, автоклубта да қызмет атқардым. Бірақ 1990 жылдардағы тоқырау бұл салаға да ауыр тиді – ансамбль де, автоклуб та жабылды. 1997 жылы туған ауылым Еңбекшіарал мектебінде ән-күй пәнінен сабақ бердім. 1998–1999 жылдар аралығында Бауыржан Момышұлы атындағы №28237 әскери бөлімде оркестр құрамында жұмыс істеп, аудандық мерекелік іс-шараларға белсенді қатыстым. 2000 жылы «ЖасҰлан» оқушылар үйінде домбырадан дәріс бердім. Қазіргі таңда АЭС білім беру орталығында домбыра үйірмесінің жетекшісі ретінде еңбек етіп келемін.

«Қомыз» атты тағы бір күйім туралы айтақ болсам,  бұл күй 1991 жылы көрші Қырғыз елінде дүниеге келген еді.  Сол жақтағы бір кездесуде қазақтың қап-қара көзді, сұлу да  сымбатты бір бойжеткенін көрдім. Сезімнің күшімен  ерекше әсерге бөлендім. Домбыраға сол сәттегі толқыныс пен шабытты салдым. «Қомыз» күйі – жастықтың шынайы лебін, алғашқы сезімді жеткізген сырлы күй. Күй – ішкі жанымның үні. Оны айтуға тіл жетпеген жерде күй сөйлейді. Күй мені жұбатты, күй мені жігерлендірді, күй арқылы өзімді де, өткенімді де, сағынышымды да жеткізе алдым. Домбыра – мен үшін жай ғана аспап емес, өмірдің серігі, рухани тірегім. Жүрекке сыймаған сырды домбыраға салам, ал күй соны халыққа жеткізеді.

2001 жылы орман шаруашылығында жұмыс істедім. Сол уақытта домбыра жасаумен айналысатын Қарғалыдағы Семейдің жігіттерімен араласып жүрдім. Кейде олар маған жасап жатқан домбыраларын көрсетіп, күй шертіп беруімді сұрайтын. Жақсы шыққан аспаптарын Алматыға апарып, небәрі 2-3 мың теңгеге сататын. Осылайша менің ұлттық аспапқа деген қызығушылығым ояна бастады. Басында тиек, құлақ секілді бөлшектерін жасап көмектесіп жүрдім. Бірақ олар бұл істің қыр-сырын үйрете қойған жоқ. Осы кезде есіме Марат Күсенов деген ұстазым түсті. Бұл кісі домбыра ғана емес, скрипка мен қобызды да жасайтын өте шебер, білімді адам еді. Үйіне іздеп барып, домбыра жасауды үйренгім келетінін айттым. Өкінішке қарай, Марат ағамның денсаулығы сыр беріп, жүріп-тұра алмай қалған екен. Сонда маған реніш білдіріп: «Кезінде үйретем дегенімде үйренгеніңде, дәл қазір қиналмас едің», – деді. Бірақ соған қарамастан, екі мөшекке салып, барлық құрал-сайманын аманаттап берді. Сол күні 4 сағат бойы алғаш рет домбыра қалыбын жасап, қара терге түсіп еңбектендім. Сырланған алғашқы домбырам кеуіп үлгерместен Қарғалыдағы достарыма апарып, көрсеттім. Басында күлді. Кішкене қисықтау жасалған домбырамнан шыққан үнді тыңдаған сәтте бәрі тына қалды. Ол мен үшін үлкен шабыт берді. Жылдар өте, қолым жаттығып, тәжірибем артты. Бүгінге дейін 500-ден аса домбыра жасаппын. Олардың көбісін шәкірттеріме, достарыма сыйға тарттым. Ең қымбатқа сатқан домбырам палисандр ағашынан жасалды, 500 долларға бағаланып, Сейдолла Бәйтерековтің қолына тиді. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Домбыра жасау ісін нағыз ұстазым Марат ағамнан үйрендім. Ол кісінің қасында жүріп, қобыз жасаудың да негізін меңгердім. Кейде аптасына 6-7 домбыра жасап үлгеретін кездерім болды. Қазір, өкінішке қарай, бұл кәсіп сәл шеттеп қалды. Бірақ сол кездердегі еңбегім мен ізденісім – өнер жолындағы үлкен белесім болып қала береді.

Сұхбаттасқан: Әйгерім ӘБУ

Exit mobile version