Суббота, 20 апреля, 2024
Басты бетЖамбыл-175 жылӨрлік пен кішіпейілділік - Жамбыл атамыздың қос қанаты

Өрлік пен кішіпейілділік — Жамбыл атамыздың қос қанаты

    Әдетте ақын шығармашылығы өз басынан кешкен өмірден туады деп ойлаймын. Ұлы Жамбылдың ұлылық тұлғасы жоқшылық сорын тарту мен басына қарттықтан қонған бақ тоғысынан түзіледі. «Бұл халге мені кәрілік емес, ауыр тұрмыс душар етті… Мен жетпіске келгенде, жаңа өмірдің жарық таңын көрдім. Жаңа күш қосылғанын сезініп, мен тағы да домбыраны қолға алдым! Менің жастығым қайта оралды, мен жыр шерттім», — деп толғанған екен жүзді алқымдаған шағында.

Тоқсандағы Жамбылға

Толқынданып сөз келді.

Көктеменің көгіндей

Кәрі өмірім өзгерді!

    Міне, не деген сурет! Ал осы көркем сөз астарында ауыр тағдыр жатыр емес пе?! Алайда рухани зәбір және кедейшілік ақынды мойыта алмағанын көреміз.

Жыландай зәрлі уын шашқан заман,

Даланы қалың тұман басқан заман, — дей келіп:

Өмірімен араласқан өсті Жамбыл,

Ел басқан отты, суды кешті Жамбыл, — деп халық тағдырымен тағдырластығын, сол арқылы қандай намысын бермейтін болса, өзі де сондай өрлікке ие екенін айтады. Мәселен, өлген итіне ас берген бай туралы «Кәдірбайдың төбеті» атты өлеңінде:

Сенен жұртқа ит жақсы

Күзеткен қотан, ауылды.

Қайнатып құдай сорыңды,

Ит өлмей-ақ сен өлсең,

Болар еді тым-ақ орынды,- деп, ұлттық намыс биігінен асып-тасқан кесірлікті, халық салтына жат азғындықты аяусыз әшкере етеді.

   Ел басына күн туған он алтыншы жылғы дүрбелеңде ақын елді патша жарлығына қарсы күреске үндеп, өрлікке басады:

Би, болысты тәңірі атты,

Ел қорғауға жарамай…

Енді ойласақ не қалды,

Жолға тігіп не жанды,

Тәуекелге беку бар…

Көнсең күнде шығындап,

Ит қорлықта өлу бар!

    Жыр алыбы Жамбылдың патриоттық асқақтығы бүкіл адамзаттық сипатта да көрінген. Жау қоршауында қалған Ленинград қаласын қорғауға аттандырылған Қазақстан жасағына:

Жасағам жоқ өмірді-

Жау сойқанын көргелі.

Төккенім жоқ терімді-

Шер қылғалы кеудені…

Нева алыбын қорыңдар,

Ленинградттың ерлері…

Қайыспаңдар өренім! — деп берген батасының өзін тұнып тұрған қайрат, жалындаған қуат,  бауырмашыл сезім, адамзаттық ерлік дер едім.

    Ал енді ақынның өрлігі қандай асқақ болса, кішіпейілдігі соншалықты ізгі. Әйгілі ақын Сүйінбайды өмір бойы пір тұтып өтсе, ұлы Абайды «Өлең құдіреті» деп бас иген:

Мынау тұрған Абайдың суреті ме?

Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне,- дейді.

Атақ-даңқы төрткүл дүниеге жайылып, «XX ғасыр Гомері» деп атанса да, кішіпейілдіктен аумағанына қайранмын:

Халық үшін төрге төсеп, төсек етер,

Ағарған сақалы мен шашын Жамбыл.

Көтерген көкке төбе тірелгенше,

Иеді көпшілікке басын Жамбыл!

    Жамбыл атамыздың ұлылығы осылайша кішіліктен тамыр алып жататынын байқаймыз. Ақынның хатшысы болған белігілі қаламгер Ғали Ормановтың күнделігінде мынадай естелік бар: «Жамбыл бізге қарап былай деді:» Асып-тасып тұрған ақылым жоқ. Жер тесіп кететіндей шешендігім жоқ. Біліп тұрған білімім жоқ, оқымаған кісімін. Әйтсе де байқаймын: халық көп біледі. Менің білімім — сол халықтың білгендері. Мен халықтың сөзін айттым.

   Міне, бұл жүрекке ақын өлеңдерінен түскен нұрдан туған бұл мақалам маған Жамбылдың Жамбыл болуы қос қанатындай өрлік пен кішілікті сақтай алуынан-ау деген ойды оятып, сол ойыммен бөлісіп жаздым.

Жантолы Тілеуімбек,

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті

RELATED ARTICLES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

- Advertisment -

Most Popular

Recent Comments