Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы – таулы аймақ тұрғындарының қауіпсіздігінің кепілі
Қазақстанның таулы аймақтары табиғи әсемдігімен ерекшеленгенімен, өрт қауіптілігі жоғары өңірлердің қатарына жатады. Жаз айларында күннің аптап ыстығы, құрғақшылық, найзағайдың жиі түсуі, сондай-ақ адам факторының салдарынан өрттің таралу қаупі күшейе түседі. Мұндай жағдайда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы – табиғатты, экожүйені және тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғаудың басты кепілі болып табылады.
Өрттің негізгі қауіптері
Таулы аймақтардағы өрттің басты ерекшелігі – оның тез таралуы. Желдің әсерінен от лезде қураған шөп пен бұталарға жайылып, үлкен аумақты қамтуы мүмкін. Сонымен қатар, тау шатқалдарында түтін ұзақ уақыт сақталып, адамдардың тыныс алуына қиындық туғызады. Өрттің ауылдарға жетуі тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарына да залал тигізуі ықтимал.
Өрттің шығуына негізгі себептер мыналар:
• табиғи факторлар – күннің ыстығы, құрғақшылық, найзағай;
• адам әрекеті – қоқыс жағу, отты абайсыз пайдалану, темекі қалдықтарын тастау;
• инженерлік себептер – электр желілеріндегі ақаулар, техниканың дұрыс пайдаланылмауы.
Тұрғындар үшін негізгі қауіпсіздік ережелері
Өрттің алдын алу үшін әрбір азамат қарапайым қауіпсіздік талаптарын орындауы тиіс:
• Бақта, орманда немесе тау бөктерінде от жағуға жол берілмейді;
• Қоқыс пен қураған шөпті өртеу қатаң тыйым салынады;
• Табиғат аясында демалған кезде тек арнайы белгіленген орындарды пайдалану қажет;
• Балаларды қараусыз қалдырмай, оларды өрт қауіпсіздігі ережелеріне үйрету міндетті;
• Әр үй шаруашылығында өрт сөндіргіш құралдар (су, құм, өрт сөндіргіш баллон) дайын болуы қажет;
• Өрт немесе түтін байқалған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлау қажет.
Алдын алу шаралары
Төтенше жағдайлар органдары тарапынан таулы өңірлерде өрттің алдын алу бағытында кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, жадынамалар таратылуда. Елді мекендердің маңында өртке қарсы жолақтар жасалып, қураған шөп пен бұталарды шабу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, ерікті өртке қарсы құрылымдар тартылады.
Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар бөлімдерінің бірлескен жұмыстарының нәтижесінде көптеген өрттің алдын алуға мүмкіндік туып отыр. Дегенмен, ең бастысы – тұрғындардың өздерінің жауапкершілігі.