«Жамбыл менің жай атым, халық менің шын атым», – деп өзі жырлағандай, ұлы болып туу барда, мәңгілік қадірлі болып қалу бар. Жамбылды бұл жағынан бағы жанған тұлға дер едік. Өз заманының игі жақсысы бұл құрметке ешкімге ұқсамайтын жеке дара болғандығы, Алладан қонған қасиеттің қалыбын бұзбай, қайта оны барынша мағыналы, көркем сақтай білгендігі үшін лайық еді. Жамбыл – ғасырлық ғұмырымызда арыны басылмаған алып жыршы. Ол олай болмаса халық ақыны болар ма еді. Шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған нағыз дүлдүл. Ақын ғасырға жуықтаған жасында тау мен даланы жырлады. Поэзия әлеміндегі туған халқының мақтанышы, әлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нәзік сезімге, бай образға толы жырлары ұрпақтанұрпаққа жалғасуда.
«Жыр алыбы» деген атты басқалар иеленсе қайда қалды. Өйткені Жамбыл ақын ғана емес, бойына адами құндылықтар мықтап дарыған, бір сөзбен айтқанда, Алланың назарына бөлекше ілінген адам. Олай дейтініміз, Алла Тағала ақынға кей тұсы машақатты болса да ұзақ өмір сыйлады. Ол дәуірде кімнің қандай болғанын біз қайдан білейік. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген қағиданы берік ұстанғандық әрі оның қалдырып кеткен мол мұрасы-ақ, бәрін дәлелдеп беріп отырған жоқ па? Бүкіл ауыл аймағы «Жәкелеп» тәтелеуі оның тегін адам емес екендігін байқатады. Жақсының қадіріне жете алатын уақыт Жыр алыбын онан сайын шарықтата түскені рас.
«Жамбыл Жамбыл болмаса, оның бақ-беделі ел-жұртына мәңгі азық болмас еді ғой» дегенді бұрында тілге тиек еткенбіз. Ақыл мен парасатқа, адалдыққа құрылған жыр оның болмысын айшықтай көрсетті.
Жалпы, Жамбыл туралы ел ішінде әр түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылады. Жәкеңнің көзін көрген қариялардың аузынан естіген әңгімелер бұл күні ұмыт қалып та бара жатыр. Сондағы айтатыны «Жамбыл есекке мініп жүретін кәдімгі қазақтың қарапайым шалы болатын» – деп басталатын басы бар, аяғы жоқ бірдеңелер. Жамбыл атамыздың көшеде ойнап жүрген топ баланың ішінен – Жамбыл атам келе жатыр – деп алдынан жүгіріп шыққан балаға тоқтап, батасын берген екен. Сөйтсе, ол өзінің немересі Әлімқұл екен», – дегені ғана есімізде сақталыпты. Оның өзінде де мардымды ештеңе айтылмайды. Әлімқұл Жамбыловтың талай облыстық, республикалық айтыстарға қатысқандығын, ел арасында ерекше сыйлы адам болғандығын жақсы білеміз. Өнерге жақын Әлімқұл атамыздың қолына домбыра ұстауы, өнерге жақын болуы тегін емес екен-ау деген ойға қалатынымыз бар. Енді соның шындыққа жанасатынына тағы көз жеткіземіз.
Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл қазаққа аты мәшһүр жыр жампозы тумысынан өнерге жақын болып өскендігі айтылып та, жазылып та жүр.
«Он жаста ойнап жүрдім бала болып, Өлеңге бөлдім көңіл алаң болып» – деп, өзі жырлағандай, жастайынан ақындық өнерге құмар болған. Ол мұның бәрін шашасына шаң жұқпаған, орақ тілді әрі шешен, қазақ шежіресінің сұңғыла білгірі Сүйінбай Аронұлынан үйренеді. Сүйінбай мен Жамбылды құбылыс десек, ел аузында Жамбылды тентектеу болған деген де сөз бар. Өзі ақын болса, ақын болғанда да дауыл боп бұрқырап барып басылатын Жамбыл атам мінезді болмағанда қайтеді. Кейінгі әдебиетте жүрген аға-апаларымыздың өлеңге мінез керек дегені бәлкім содан да болар.
Жамбыл атамыз әрі эпик, әрі айтыс ақыны және жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы ақындық шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының тамырын терең жайғандығымен де ерекшеленеді. Ол жыраулық өнердің эпикалық дәстүрін қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңаша мазмұн берген өнерпаз.
Өлең дегеннің аса үлкен жауапкершілік екендігін Жамбыл бүкіл болмысымен сезінген болуы керек. Ол өзінің атақ-даңқын халықтың абыройы деп түсінген екен. «Халық поэзиясы көбіне ауызша айтылғанымен, соңынан барып назарға түсіріліп оқылады. Оның көркемдеу құралдары да басқаша, көбіне байырғы тіл әдісімен баяндалады», – депті бір білгір. Сол айтқандай, Жамбыл халық поэзиясының ірі өкілдерінің бірі болды. Өйткені, Жамбылдың ақындық қызметінде айтыс өнері елеулі орын алады. Ол өзінің ақындық шеберлігін көбінесе айтыстарда көрсете білген. Бір ерекшелігі – өз өнерін тиісті идеялық бағытта пайдалана білгендігі. Ақын айтыс барысында халықтың атынан сөз сөйлеп, халқына арқа сүйеген екен. Оған дәлел Құлмамбетпен айтысы. Екі ақын да бұл жерде өз руларының атынан сөз қозғайды. Жамбылдың бұл да өзіндік (қазіргіше айтқанда) стилі болса керек. «Менің пірім –Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай», – деп Сүйінбайдан бата алып, ұлы ұстазды құрметтеуі оның адами құндылықтарды жоғары қоя білетін қасиеті дер едік.
Жамбылдың ақындығына шүбә келтірмей, оған әділ баға берген қаламгерлер: Мұхтар Әуезов, Тайыр Жароков, Ғабит Мүсірепов сынды қазақ қаламгерлерінен бөлек өзге ұлт өкілдерінің ол туралы айтқан аса құнды сөздері бүгінде шайырдың музейіндегі тастарға қашалып жазылғанын барша жұртшылық біледі. Соның бір-екеуіне мысал келтіретін болсақ, мысалы, Сәкен Сейфуллин «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды» десе, Мұхтар Әуезов: «Ақыл-ойдың алғыры», – дейді. Аузынан шыққан әр сөзді халқымен байланыстырып айтып отырған Жамбылдың елін сонша сүйгендігі оның ой иірімдерінде сайрап көрінеді. Бұл әсіре мақтау емес, керісінше, Жыр алыбымен мақтану болып саналмақ. Себебі, ол мың жылда бір туатын кемеңгер тұлға.
Роза СЕЙІЛХАН.