🔹Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың елімізге мемлекеттік сапары аясында қазақ-оман бизнес форумы өтті. Жиынға екі елдің жетекші компаниялары мен іскерлік топ өкілдері қатысты.
🔹Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде өзара сенім мен түсіністік сипатында өткен жоғары деңгейдегі келіссөздердің ашық, объективті әрі шын мәнінде мазмұнды болғанын айтты.
🔹Мемлекет басшысы Қазақстан мен Оман арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды ілгерілету үшін тиісті келісімшарт-құқық базасы мен институттық негіздерді күшейту қажет екенін алға тартты.
🔹Президент бұл ретте Инвестицияларды көтермелеу туралы келісімнің маңызына тоқталды. Аталған уағдаластық аясында жобаларды іске асыратын инвесторлар анағұрлым түсінікті, ашық әрі сенімді шарттармен қамтамасыз етілген.
🔹Сондай-ақ екі елдің іскерлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға айрықша мән берілді.
– Қазақстан-Оман іскерлік кеңесі бизнес өкілдері бір-бірімен белсенді араласатын алаң болатынына сенімдімін, – деді Президент.
🔹Мемлекет басшысының пайымдауынша, тиімді қаржылық тетіктер Қазақстан мен Оманның ортақ мақсаттарын қуаттай түседі.
– Біз «Самұрық-Қазына» АҚ мен Оман инвестициялық басқармасы арасындағы бірлескен инвестициялық құрылымды іске қосу туралы келісімге қол қойылуын құптаймыз. Бұл маңызды бастама нақты жобаларды қаржыландыруға арналған капиталды біріктіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ біз Оманның жақында құрылған Халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты жолға қоюға болады деп санаймыз. Екі ел қаржы институттарының бір-бірімен тікелей байланыс орнатуы инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Президент.
t.me/aqorda_resmi

