Алматы облысының әкімдігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау бағытында кездесу өтті.
Басқосуға ҚР Қаржы министрінің орынбасары Әсет Тұрысов, Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйым мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Жолдауда еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық міндеттер белгіленгенін атап өтті.
«Президент Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру бастамасы көтерілді. Бұл — халықтың табысын көбейтуге бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға, мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға ерекше мән берілген», — деді Ләззат Жылқыбаева.
«Жолдаудағы басым бағыттардың бірі — өңірлерді дамыту. Алматы облысы ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, транзиттік әлеуеті жағынан зор мүмкіндіктерге ие. Әлемдік жоба саналатын Алатау қаласы да осы өңірде», — деді Нұртөре Жүсіп.
«Ұлттық қордан бөлінетін 1,5 трлн теңгеге заманауи емханалар, мектептер мен өзге де әлеуметтік нысандар салынады. Бұл қаржы ел азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды», — деді Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов.
Жиынды қорытындылаған Ғани Майлыбаев білім беру саласында былтыр 18 мектеп пайдалануға берілсе, биыл бес жаңа білім ошағы ашылып, 10 мектеп күрделі жөндеуден өткенін атап өтті. Денсаулық сақтау саласында 2025 жылы 43 нысан пайдалануға берілген.
Сонымен қатар жұмыс тобының мүшелері облыстың бірнеше ауданында тұрғындармен кездесулер өткізді.
Бізбен бірге болыңыз: Atameken_press
#Жолдау #Алматыоблысы #Тоқаев #әлеуметтіксаясат #Қазақстан #жаңалықтар

