Site icon ATAMEKEN

🇰🇿 Алматы облысында ірі ет өңдеу зауыты іске қосылды

 

Республика күніне орай Кеген ауданында «КегенМясПром» ет өңдеу зауыты ашылды. Жобаға салынған инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрады.

Зауыт күніне 10 тоннаға дейін ет өңдеп, 20 түрлі жартылай фабрикат шығаруды жоспарлап отыр. Қазір мұнда 50-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді.

Жоба өңдеу өнеркәсібін дамытуға және отандық өнім көлемін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар кәсіпорын жергілікті шикізатты тиімді пайдаланып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына облыс және аудан басшылығы, сала мамандары, кәсіпорын қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

«Заманауи кешеннің басты артықшылығы — жергілікті тұрғындар мал бордақылап, оны тиімді бағамен өз ауылында өткізе алады, малды алыс қашықтыққа тасымалдаудың қажеті жоқ. Сондықтан осы бағытта жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдап, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті жағдай жасауымыз керек», — деді облыс әкімі Шыңғыс Аринов.

Зауытта тәулігіне 120 бас ірі қара, 100 бас ұсақ мал және 20 жылқы бордақылау мен өңдеу қарастырылған. Дайын өнім ірі сауда желілері мен өндірістік цехтарға жеткізіледі.

«Бұл өлкенің табиғаты мал өсіруге өте қолайлы. Шүйгін жайылымдарда өсірілген малдың еті дәмді әрі экологиялық таза. Жаңа кәсіпорын толығымен заманауи жабдықтармен жарақталған. Мемлекет те айтарлықтай қолдау көрсетті — техника сатып алуға субсидия берілді. Болашақта өндірістік кешеннің жанынан 5 000 бас малға арналған бордақылау алаңын ашуды жоспарлап отырмыз», — деді кәсіпорын директоры Светлана Козубакова.

Бізбен бірге болыңыз: Atameken_press

#Кеген #етөңдеу #КегенМясПром #Алматыоблысы #инвестиция #азықтүлік #Қазақстан #жаңалықтар

Exit mobile version