Site icon ATAMEKEN

🇰🇿 Алматы облысында қазақ тіліндегі мәтіндердегі қателер мен сауатсыз аудармаларды бақылау күшейтіледі

 

Алматы облысында ғимараттардағы, сыртқы жарнама нысандарындағы және ақпараттық стендтердегі қазақ тіліндегі мәтіндердің дұрыс жазылуын бақылау күшейтіледі. Ол үшін өңірде «Ақылды мониторинг» цифрлық жобасы іске қосылды.

Енді мониторингтік топ анықтаған әрбір қате арнайы картаға енгізіледі, бұл анықталған бұзушылықтардың жойылғанын бақылауға мүмкіндік береді.

Мониторингтік топ құрамына мемлекеттік тілдің дамуына бей-жай қарамайтын азаматтар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және «Қазақ тілі қоғамы» филиалдарының мүшелері кіреді.

Қате анықталған нысандар цифрлық картада үш түспен белгіленеді:
🔴 қызыл — қате анықталды
🟡 сары — оны жою жұмыстары жүргізілуде
🟢 жасыл — бұзушылық жойылды

Мәселен, кәсіпкерлік нысанының маңдайшасында тілдік қате анықталса, мониторингтік топ мүшесі картаға оның фотосын, мекенжайын және анықталған кемшіліктің сипаттамасын енгізеді. Содан кейін ақпарат тиісті әкімдікке жіберіледі.

Облыстың тілдерді дамыту басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның айтуынша, бұған дейін тілдік талаптардың сақталуы азаматтардың өтініштері, әкімдіктердің мониторингі, сондай-ақ «Тіл тазалығын сақтайық!» жазғы акциясы аясында бақыланған. Алайда анықталған қателер туралы ақпарат әртүрлі дереккөздерде сақталып, олардың жойылуын бақылауды қиындатқан. Жаңа жүйе барлық деректерді бір платформада біріктіруге мүмкіндік береді.

«Алғашқы пилоттық жоба Іле ауданының Байсерке ауылында іске асырылды. Мониторинг барысында интерактивті картаға 120 тілдік қате енгізілді. Қазір осындай жұмыс облыстың барлық аудандары мен қалаларында жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін барлық анықталған бұзушылықтарды картаға енгізіп, бірыңғай дерекқор қалыптастыру жоспарланып отыр. 2027 жылдың басынан бастап жинақталған ақпарат жауапты әкімдіктерге беріледі», — деді Салтанат Беспаева.

Қазіргі уақытта «Ақылды мониторинг» жүйесі тілдік қателерді автоматты түрде анықтамайды. Оларды мамандар өздері тауып, картаға енгізеді. Болашақта жасанды интеллект көмегімен мәтіндердегі қателер мен қате аудармаларды автоматты түрде анықтау функциясын енгізу жоспарланып отыр.

Жыл басынан бері Алматы облысында 335 кәсіпкерлік нысанның ішкі және сыртқы жарнамасы, сондай-ақ ақпараттық материалдары тексерілді. Нәтижесінде 170 тілдік қате анықталып, оның 114-і жойылды. Қалған 56 бұзушылықты жою жұмыстары жалғасуда. Ең жиі кездесетін қателер — мәзірлердің, маңдайшалардың және баға белгілерінің тек орыс тілінде рәсімделуі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, маңдайшалар мен визуалды ақпаратты орналастыру талаптарын бұзғаны үшін алдымен ескерту жасалады. Егер кәсіпкер оған жауап бермесе және бір жыл ішінде ұқсас бұзушылықты қайталаса, айыппұл салынады:
🔹 лауазымды тұлғалар, шағын кәсіпкерлік субъектілері және коммерциялық емес ұйымдар — 5 АЕК (21 625 теңге)
🔹 орта кәсіпкерлік субъектілері — 10 АЕК (43 250 теңге)
🔹 ірі кәсіпкерлік субъектілері — 25 АЕК (108 125 теңге)

Мемлекеттік тілдің тазалығын сақтауға тұрғындар да үлес қоса алады. Ол үшін «e-Otinish» жүйесі арқылы басқармаға өтініш жіберіп, көшелер мен ғимараттардағы мәтіндердегі қателер туралы хабарлау жеткілікті.

Подписывайтесь на нас: Atameken_press

#қазақтілі #Ақылдымониторинг #Алматыоблысы #тілтазалығы #eOtinish #Қазақстан #новости

Exit mobile version