Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында Қазақстандағы емдік санаторийлер желісін кеңейту жоспарларымен бөлісті.
2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекеттік есепте жалпы қоры тәулігіне 64,6 мың текше метрді құрайтын жерасты минералды суларының 78 кен орны тұр. Оның 47-сі пайдаланылуда.
Сонымен қатар қоры 456,3 мың текше метр болатын емдік балшықтың сегіз кен орны игерілуде. Олардың ең ірілері – Алматы облысындағы Тұзкөл, Қарағанды облысындағы Қарасор көлі және Павлодар облысындағы Мойылды көлі.
Жұманғариннің айтуынша, жерасты минералды суларын пайдалану жер қойнауын пайдалану құқығы шеңберінде жүзеге асырылады, ал олардың емдік қасиеттерін ғылыми растау курортология ғылыми орталықтарының бальнеологиялық қорытындыларымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар оның сөзінше, табиғи емдік ресурстарға бальнеологиялық және медициналық қорытындылар беру тәртібі заң жобасында қосымша реттелген.
Бұған дейін Қазақстанда санаторийлер мен курорттық аймақтарды бақылау заңнамалық түрде күшейтілетіні хабарланған болатын.
Бізбен бірге болыңыз: Atameken_press
#емдікбалшық #минералдысу #санаторий #Қазақстан #Жұманғарин #денсаулық #жаңалықтар

